Құрметті медицина саласының ардагерлері! Қадірменді қызметкерлер!
Сіздерді барша аудан тұрғындары атынан төл мерекелеріңіз – Медицина саласы қызметкерлері күнімен құттықтаймын!
Медицина қызметкері болу мәртебелі әрі жауапты мамандық екендігі ақиқат. Дәрігерлер – халықпен біте қайнасып қызмет жасайтын, қастерлі еңбек иелері. Сондықтан, халық та құрмет тұтып, Сіздерді «ақ халатты абзал жандар» деп атайды. Дертке шипа, денге саулық сыйлайтын сол ардақты мамандық иелері қандай құрметке де лайық деп есептеймін.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында дәрігерлердің мәртебесін көтеріп, мәселелерін шешу керектігін атап өткен болатын. Бұл мемлекеттің ел медицинасына көрсетер қолдауы зор екенін білдіреді. Өз кезегінде денсаулық сақтау мамандары да азаматтарға сауатты, сапалы қызмет көрсету керек екенін ұмытпаған жөн.
«Бірінші байлық – денсаулық» деп дана халқымыздың сөзі бекер айтылмаған. Ауырсақ тәнімізді емдеп, жанымызға шипа сыйлайтын дәрігерлер құрмет тұтуға лайықты жандар. Олардың тәулік бойы көз ілмей, тәуекелге бел буып, тынымсыз кешетін тірлігін жанкештілік деп бағалау керек. Кешегі әлемді шарлаған пандемия кезінде дәрігерлеріміздің ерлік істерін күллі халық тағы бір мойындады. Осындай мәртебелі мамандық иелері Сіздердің ерен еңбектеріңіз тарих төрінен ойып тұрып орын алатын өнегелі іс екені даусыз.
Ардақты дәрігерлер! Қымбатты сала мамандары!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен тағы да шын жүректен құттықтаймын! Төгілген тер, танытқан төзімдеріңізге алғыс айтамын. Алдағы уақытта да көптің ризашылығына бөленіп, аудан өмірінің жақсаруына өз үлестеріңізді қоса берулеріңізге тілектеспін!
Шипалы қолдарыңыздан емін тапқан азаматтар көп болсын! Отбасыларыңызға, өздеріңізге амандық, жақсылықтар мен сәтті күндер тілеймін!
Р.ЖАНҚЫЛЫШ,
аудан әкімі