Өткен аптада Махамбет аудандық орталық ауруханасында үлкен өзгерістер орын алды.
Аурухананың осыған дейінгі бас дәрігері қызметін атқарған Болат Қалиевтің орнына жаңа басшы Бауыржан Төлеген Дүйсебайұлы тағайындалды.
Сонымен қатар, ауданға алғаш рет соңғы үлгідегі медициналық құралдармен жабдықталған реанимобиль автокөлігі әкелінді. Бұл жөнінде бас дәрігер Б.Төлеген айтып берді.
- Бұрын ауыр халдегі науқастарды облыс орталығына жедел жеткізу үшін реанимобиль көлігіне үнемі сұраныс жіберіп отыруға тура келсе, енді олай етудің қажеті жоқ. Басқармаға жолдаған ұсынысымыздың негізінде бүгінде облыстық жедел жәрдем стансасына тиесілі реанимобиль автокөлігін толықтай ауруханамыздың балансына өткізу құжаттарын рәсімдеп жатырмыз. Құны 44 млн. теңгені құрайтын көліктің ішіндегі құралдардың барлығы заманауи атап айтсақ, өкпені жасанды демалдыру, жүрек соғысын қалыпқа келтіруші, ЭКГ, 6-7 сағатқа дейін жететін көлемі 12 литрді құрайтын оттегі аппараттарымен жабдықталған. Бір сөзбен айтсақ, бұл көлік ауыр халдегі еңбектеген баладан еңкейген қарттарға, жүкті аналарға облыс орталығына жеткенге дейін шұғыл көмек көрсетуге қауқарлы, - дейді Бауыржан Дүйсебайұлы.
Айта кетейік, ауданға қарасты 8 ауылдық округ болса, оның әрқайсысында УАЗ жедел жәрдем автокөліктері жұмыс жасап тұр. Бас дәрігердің айтуынша, алдағы уақытта Жайықтың екі бетінде орналасқан ауылдар үшін тағы екі жеңіл автокөлік алу жоспарлануда.
Б.САПАРОВА