Қылмыс қалай ашылды?

Осындай із кесушілерді оқып, қызығушылығы оянған талай қазақтың жастары тергеу, қылмысты іздестіру бөлімдеріне қызметке орналаса бастады. Солардың бірі - Әлімжан Қуанышұлы Жиеналиев. Осындай жігерлі мамандықты таңдап, ел алдында абырой-беделге ие болған Әлімжан Қуанышұлы тергеу саласында да, қылмысты іздестіру бөлімінде де қызмет атқарып, Махамбет аудандық ішкі істер бөлімі бастығының жедел жұмыстар жөніндегі орынбасарлығынан зейнеткерлікке шығады.

Тегеуріні мықты тергеуші

Ағылшын жазушысы Артур Конан Дойлдың есімін Шерлок Холмстың оқиғалары баяндалған шығармасы әлемге танытты. Бүгінгі таңда атақты із кесушіні білмейтін жан кемде-кем болар. Детектив жанрындағы шығармада Холмстың іздестіру кезінде өзінің не істеп жатқанын түсіндірмейді, ал түсіндіре қалған жағдайда басқаға түсініксіздеу болып шығады. Соңында түрлі іздестіру әдіс-тәсілдері арқылы қылмыстың бетін ашып береді. Осындай із кесушілерді оқып, қызығушылығы оянған талай қазақтың жастары тергеу, қылмысты іздестіру бөлімдеріне қызметке орналаса бастады. Солардың бірі - Әлімжан Қуанышұлы Жиеналиев.

ҰРЛАНҒАН МАГНИТОФОН –АЛҒАШ АШЫЛҒАН ҚЫЛМЫС

«Бұл Әлімжан деген кім?» деп таң қалуы мүмкін жұрт. Себебі, Әлімжан аға ауылдастар арасында «Алеша» деген лақап атымен танымал. Асқан сауаттылық пен төзімділікті талап ететін тергеуші мамандығын таңдауға әкесінің ықпалы болған. Әлімжан ағаның әкесі Қуаныш Жиеналиев соғыс кезінде НКВД-да жұмыс жасап, кейін Махамбет аудандық ішкі істер бөлімі бастығы лауазымымен зейнеткерлікке шығады. Әлімжан аға әке жолын қуып, 1982 жылы Алматыдағы екі жылдық арнаулы орта полиция мектебіне оқуға түседі. Полиция мектебін аяқтаған соң Индер аудандық ішкі істер бөліміне тергеуші қызметіне қабылданып, кейін 1987 жылы Махамбет аудандық ішкі істер бөліміне ауысып келеді.

- Ең алғашқы қылмыстық оқиғаны Сарайшық ауылында аштым.Сол кездегі училищеден (қазіргі көпбейінді ауылшаруашылық колледжі) түнгі уақытта магнитофон ұрланып, ол қылмыс ашылмай, сол күйі қалған еді. Бір жылдан кейін кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы болып жүрген уақытта Сарайшыққа бір жұмыстармен барып, тұрғындардан түсініктеме алу керек болды. Бір үйге кіріп, апаймен тілдесіп, түсініктеме ала бастадым. Ол апай көзілдірігін алуға кеткен еді. Содан жан-жағыма қарап, үйдің ішін шолып отырғанда терезенің алдындағы магнитофонға көзім түсті. Апай келмей тұрып, магнитофонның нөмірін жазып алып, орнына қоя қойдым. Апайдан түсініктеме алып шыққаннан кейін Сарайшық ауылдық округі әкімі аппаратына асықтым. Аудандық ішкі істер бөліміне, дәлірек айтқанда тергеу бөлімшесінің бастығы Арман Аққайсиевке қоңырау шалып, бір жыл бұрынғы ұрланған магнитофонның нөмірін сұрадым. Мен айтқан магнитофонның нөмірі ұрланған магнитофонның нөмірімен сәйкес болып шығып, бөлімше бастығы өзі келетінін, бірге тергеу жұмысын жүргізетіндігін айтты. Сөйтіп мен түсініктеме алып кеткен үйге кері барып, мән-жайды жеткіздік. Үйдегі училищеде оқитын студент баланың ұрлағаны анықталып, ол мойындап,содан ең алғашқы қылмыстық оқиға осылай ашылды,- деп еске алды ардагер тергеуші.

mili101120

Әлімжан аға кейін де Жалғансай ауылдық округінде учаскелік поли- ция инспекторы қызметінде жүргенде бірнеше мал ұрлығы қылмыстарын әшкерелеген. Сөйтіп жүргенде ішкі істер бөлімінің бастығы Нәсіпқали Сәменов: «Мен де көп жылы тергеу саласында жұмыс жасадым. Сенің қылмысты ашуға деген қабілетіңді байқадым. Сен қылмысты іздестіру бөліміне ауыс » деп Әлімжан Жиеналиевті қылмысты іздестіру саласына ауыстырады.

ҚЫЛМЫСЫН МОЙЫНДАМАСА, ҚАЙТЕСІЗ?

Қылмысты іздестіру бөлімінің сол кездегі бастығы Ардақ Қитаровтан көп тәжірибе жинаған Әлімжан Қуанышұлы күдікке ілінгендермен жүйелі жұмыс жасап, ойындатудың түрлі әдіс-тәсілдерін қолдана отырып, талай қылмыстың бетін ашқан. Сабырлық танытып, күдіктінің орнына өзін қойып көріп, жағдайды бағамдайды. Куәгер іздеп, сараптама тағайындайды.

- Қылмыскердің қылмысын мойындай қоймайтыны белгілі ғой. Бұрында осы ауылдың бір әйелі кешқұрым үйінен ер адамның жүгіріп шығып,қоршаудан секіріп қашқанын көреді. Содан біздерге хабарласты. Үйге түскен адам заттардың бәрін шығарып қойып, ұрлауға дайындап жатқан кезде, үй иесінің келгенін байқап,қашып кеткен екен. Қасымда Марат Бимағамбетов бар, екеуміз әйел адамның көргенін толық сұрастыра бастадық. Әйел адам ұрының тек бейнесін ғана көргенін айтты. Марат екеуміз шырамытып, күдіктіні ұстадық, бірақ ол мойындамады. Ұрының секірген жерінен аяқ таңбасын гипс арқылы алдық. Секірген жердегі таттанған қаңылтырдан жұққан шалбардағы белгі мен саусақ таңбасын алып, экспертиза тағайындадық. Сараптама нәтижесінде сәйкестік толық анықталып, Е. есімді азамат қылмысын мойындап, ісі сотқа жіберілген еді,- дейді естеліктерімен бөліскен Әлімжан аға.

«ТУФЛИДІ ӨТКІЗІП,АРАҚ АЛЫП КЕЛ»

Алдында отырған адамның тағдырына жауапкершілік үшін ақиқаттың ақ жолынан ауытқымай,шешім қабылдау кез келгеннің қолынан келе бермейді. Ар алдындағы адалдықтың ауыр жүгін арқалаған тергеушінің әр күні ғана емес, әр сағатының өзі қым-қуыт оқиғамен өріліп жататыны анық. Қазіргі күні тергеушілер қылмысты ашқаннан кейін бөлімде күдіктімен сөйлесетін психолог бар. Ал ол кезде тергеуші де, психолог та бір қызметті атқарған.Қылмысқа қатысты күдіктінің өзі жан жағынан қарайлап, есінеп отырғандығынан , одан қалса, қабырғадағы жазбаларды көзбен оқып отырғандығынан біліп қоятын болған. Ардагер тергеушінің айтуынша, тұрғындар тарапынан арыз түспесе де қылмысты ашқан күндер болған.

- Махамбетте сол кезде арақ ішетін отбасы болды. Әке-шешелері жоқ, тек ер жігіттер ғана тұрады. Жаздың мезгілінде сол үйдің жанынан өтіп бара жатып, дауыстары қатты шығып жатқанын байқап, көршісінің ауласымен өтіп, сол үйді бетке алдым. Жігіттер сарайға жайғасқан екен. Сол сарайдың алдында өсіп тұрған қарақаттың түбіне отырып, әңгімелеріне құлақ түрдім. Арақ ішіп отыр екен. «Ащы сулары» таусылса керек, тағы алып келу керектігін айтып жатты. Бірі «ақша жоқ» десе, екіншісі «кешегі туфлиді өткізіп кел» дейді. Содан біреуі шығып, аулада өсіп тұрған алма ағаштың астындағы шөптің арасынан туфли салынған қорапты алып шығып, үйдің сырт жағына кетті. Шамалап кімнің үйіне баратындығын біліп тұрмын, себебі, ауылда кімнің кешкілік сауда жасайтынын, арақ сататынын білеміз. Сол үйдің алдына манағы жігіттен ерте барып, күтіп тұрдым. Көп кешікпей жігіт те қолға түсті. Қысқа сөйлестік. «Бұрынғы әйелімнен қалған туфлиді араққа айырбастайын дегем» деп қарап тұр жігіт. Мен оның сөзіне сенбей, ішкі істер бөліміне алып барып, туфлиді алып қалдым да, өзін жібере салдым. Ертесіне інісі келді. «Кешке дейін күтейік» деп, оны да шығарып салдым. Айтқандай-ақ кешке қарай бір әйел адам келді. «Зеленый ауылына үйімізді құлыптап кетіп қалып едік. Келсек, үйімізге ұры түскен екен. Астық, күріш сияқты тамақтар ұрланды. Сосын бір туфлиім бар еді. Оны да қолды қылып кетіпті» дейді. Үстелдің астынан шығарып, «мынау ма?» десем, «иә, осы» дейді. Жәбірленуші полиция бөліміне арызын жазбаса да қылмысты әшкерелеген кездеріміз де есімізде,- дейді Әлімжан Жиеналиев.

«ҚАЛАҒА ДЕЙІН ЖАЯУ БАРДЫМ»

Ішкі істер бөлімінде УАЗ бен қылмыскерлерді таситын ГАЗ-52 көлігі ғана болған уақытта да талай азаматтар жұмысына адалдық танытып, бірлесе еңбек етті. Сол кездегі бөлім басшылары болған Нұрғуат Темірболатов, Күмісбай Әбілхасанов, Зейнеш Мырзахметов, Нәсіпқали Сәменов, Арман Аққайсиев, Руслан Мырзабаевтармен қоян-қолтық жұмыс атқарған Әлімжан Жиеналиев бірнеше шақырымды артқа тастап, жаяу жүріп те қылмысты ашқанын айтады.

- Қай жылы екені есімде жоқ, әйтеуір қыс мезгілі болса керек. Бейбарыс ауылынан түйенің ұрланғандығы жөнінде хабар түсті. Түйені жетектеп кеткені қардағы ізден анық көрініп тұр. Содан ізіне түстім. Көлік жүргізушісі жолдың бойымен келе жатса, мен түйенің ізін қуалап, жолсызбен келе жатырмын. Кеш батуға таянғанда ауылдан қалаға дейін жеткенде із жоғалды. Амалсыздан ауылға кері кетіп, аға анықтамашы Амангелді Әбілтаевты шақырып алып, екеуміз сол күні Бейбарыс ауылына аттандық. Жұмыс барысында бұрын төрт түлікпен шатағы бар Қ. есімді азаматты анықтап, ағайындарының үйіне барсақ, ол азаматтың таңертең келіп, кешкі асты ішіп қалаға кеткендігін айтты. Сұрастыра келе, ол адамның қасапшы екенін, ет сатушының қасында жұмыста екендігін білдік. Әріптесіміз екеуміз ұйықтамастан қалаға аттанып, таңғы 7-де күдіктінің үйінің есігін қағып, кіріп бардық. Сол күні қалалық ішкі істер бөліміне апардық. Ұрлағанын мойындаған азамат түйені жетектеп апарған үйге алып барды. Барсақ, түйені сойып тастаған, еті базарда. Біздер тек түйенің терісі мен сирағын алып, қылмыскерді анықтап, ауылға алып келгенбіз. Сөйтіп, қақаған қыста Бейбарыстан қалаға дейін жаяу барғаным есімде қалды,-дейді Әлімжан Қуанышұлы. Әр жұмыстың өзіндік қиындығы да, қызығы да болады деген осы шығар. Сала ардагерлерімен тығыз байланыс ұстап, қиындыққа тап болған жандарға көмек көрсетіп, демеу беруге қашанда даяр тергеуші бірге қызмет етіп, бірақ қазір бұл өмірде жоқ Әділхан Даулетьяров, Ғинаят Қостаев, Әміржан Төлепов, Төлеген Сұлтанғалиев, Амангелді Әбілтаев, Марат Бимағамбетов, Сәрсенбай Қайрошев, Бейбіт Қыдыровтарды бүгінгі сағынышпен еске алады.

 

Жігерлі мамандықты таңдап, ел алдында абырой-беделге ие болған Әлімжан Қуанышұлы тергеу саласында да, қылмысты іздестіру бөлімінде де қызмет атқарып, Махамбет аудандық ішкі істер бөлімі бастығының жедел жұмыстар жөніндегі орынбасарлығынан зейнеткерлікке шығады. Сала ардагерінің із кесудің, қылмыс ашудың жайымен жан-жақты байыптап, тәптіштеп айтып бергені қуантты. Әйтпегенде қазіргі қызметтегі тергеушілердің жұмысымен жақынырақ танысу оңай емес. Қылмыскерлерді аса сақтықпен құрықтап қана қоймай, бұлтартпайтын айғақтар арқылы ақ пен қарасын айырып, заң шеңберінде тергеу амалдарын жүргізіп, қоғам тыныштығын күзету жолында қызмет ететін тергеушілердің еңбектері ерен.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT