Сіздерді мерейлі мерекелеріңіз – аудандық «Жайық шұғыласы» қоғамдық-саяси газетінің жарыққа шыққанына 80 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын.
Өзіндік өрелі тарихы бар, бағыт-бағдары айқындалған, қалың оқырманы қалыптасқан, әр жылдарда «Ленин жолы», «Малды өңір» деген атпен шығып, кейін «Жайық шұғыласы» аталған газет – Махамбет ауданының жылнамасын ғасырға жуық уақыт жазып келе жатқан басылым. Сонау 1941 жылдан бері ауданымыздың экономикасы мен мәдениетін дамытуда белсене ат салысып келеді.
«Журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деп халық жазушысы, қазақ көсемсөзінің көрнекті өкілі, редакторлардың редакторы болған Шерхан Мұртаза жазып қалдырғандай, аудандық газет өлкеміздің өміріне қалам тартқан бірқатар журналистердің шыңдалу мектебі де болды. Өз жолында қандай сындардан да сүрінбей, әркез әділдіктің жаршысы болған «Жайық шұғыласы» ауданның шежіресі ретінде өркендей берсін.
Бүгінгі «Жайық шұғыласы» – халық пен биліктің ортасындағы дәнекер ретінде айтар ойы салмақты, заманауи дизаймен әдіптелген басылым. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, газеттің тараламын арттыруда газет ұжымы жемісті еңбек етіп келеді. Аудан айнасының алға қарай өз оқырмандарының жүректерінен жол тауып, әр шаңырақтың сырласы мен серігі бола беруіне тілектеспін.
«Жайық шұғыласы» газетінің ұжымын сексен жылдық мерейтоймын құттықтап, газет шығару қамында жүрген редакцияның бүгінгі ұжымына Махамбет ауданының тұрғындары мен оқырмандары атынан шалқар шабыт, шадыман шаттық тілеймін! Адымдарыңыз алымды, қаламдарыңыз қарымды бола берсін.
Мерейтойларыңыз құт-берекелі болсын!
Ринат ДЖАНГЛИШОВ,
аудан әкімі