«Жайық шұғыласы» газетінің шыға бастағанына – 80 жыл.
Газет 1941 жылы наурыздың 19-нан бастап «Ленин жолы» деген атпен шыға бастаған. Сұрапыл соғыс басталып, ел басына күн туған шақта «Ленин жолы» да «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деп ұрандатып, оқырмандарымен бірге жауға қарсы ызалы кекпен сөз арнады. Майданға жылы киім жинау, азық-түлік жіберу міндеті туғанда тылдағыларға үн қатып, халықты бір мақсатқа жұмылдырушы күш екенін көрсетті. Елмен бірге тыныстап, арқаға салған тағдыр ауыртпалығын елмен бірге көтерісті.
Алғашында екі бет болып шыққан басылым 1957 жылы төрт беттік болып шыға бастады. 1960 жылдардың басында әртүрлі себептермен жабылып қалғанымен бір жылдан соң «Малды өңір» деген атпен оқырманымен қайта қауышты. Бұқаралық жұмыстарды жақсы жолға қойғаны үшін газет редакциясы 1970 жылы Бүкілодақтық Н.И.Ульянова атындағы бірінші сыйлыққа ие болған.
Газеттің алғашқы редакторы Мақсот Жалмұхатов болды. Сұм соғыста газеттің алғашқы жауапты хатшысы Еламан Қапсалықов құрбан болды. Одан бергі кезеңде Нұр Тағамбаев, Айтқали Ыбыраев, Кенжеғали Қощанов, Дошу Шененов, Ғалым Қожықов, Қабдол Кенжалиев, Ізтелеу Көпбаев, Теңдік Жауыров, Қырықбай Бекбаев, Сайлаубай Тәжбентай, Нұрым Ерғаливтер редакторлық етті. Газет редакциясында Сембай Бердімұратов, Дүйсенғали Төленов, Қабижан Сағиев, Мақсот Неталиев, Данияр Жәрдемов, Бағыт Көшербаев, Жолдас Дүсіпов, Қапиз Мұхтаров, Сейілхан Қайыржанов секілді майталмандар еңбек етті. Төлеген Берішбаев, Қылышбай Сүндетұлы, Дәулетқали Аруев , Қадыржан Қазымбекұлы, Тарас Наурызалиев т.б көптеген танымал журналистер тәрбиеленіп шықты.
Газет 1977 жылдың қараша айынан бері «Жайық шұғыласы» деген атпен шығып келеді. Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін еңбекшілерге коммунистік тәрбие беру, оларды шаруашылық пен мәдени құрылыстың міндеттеріне жұмылдыру мақсатында жұмыстар атқарған аудандық басылым қайта құру кезеңінен бастап жаңа қадамдар жасап, өмірдің өзі әкелген өзекті мәселелерді көтеруді жолға қойды.
Бүгінде өзгеше түр, жаңа мазмұнға ие болған байыпты басылым ел тәуелсіздігінің жарқын жылнамасына, билік пен бұқараның арасындағы алтын көпірге айналды десек, артық айтқанымыз емес.
Аудандық газет заман ағымынан қалмай, өзінің жеке сайтын, әлеуметтік желілерде парақшаларын тұрақты жүргізіп келе жатқаны да біздің үлкен жетістігіміздің бірі болып табылады.
Ендеше, 80 жыл бойына Жайық бойының жаңалығын жария етіп келе жатқан «Жайық шұғыласының» мерейлі жылы құт әкелгей!
Б.СҮЙЕУОВА,
газеттің бас редакторы