Ұлағатты ұстаз Құсиын Айтқалиев туралы бір үзік сыр

Білімі де, өмірлік—ұстаздық тәжірибесі де барша ұстаздар қауымына үлгі-өнеге тұлға.

Ел таныған ұлағатты ұстаз Құсиын Айтқалиев тоқсанға таяған шағында өмірден озды. Ұстазымыздың әлі күнге ұмытылмай, есімде жүрген кейбір сәттерін, еш көркемдеп әсерлеусіз, қаз қалпында оқырманға жеткізуді мақсат еттім.

Өткен Совет Одағы дәуірінің 1980 жылы, «КСРО халық мұғалімі» деген жоғары марапат тұңғыш тағайындалғанда Қазақстан ұстаздары арасынан алғаш ие болуы, оны Кремльде Одақтың бас хатшысы Л.И. Брежневтің өз қолымен кеудесіне тағуы – шынында да биік тұлға екендігінің шынайы айғағы емес пе? Осындай ұлағатты ұстаздың тәлімін алып, он жыл бойы алдында шәкірт болып отырған біздер үшін шексіз мақтаныш әлі күнге. Ол кісі әр оқушының мінез-құлқына, бойындағы қарым-қабілетіне, тіпті шыққан тегіне дейін мән беруші еді. Оқулықтағы белгіленген бағдарламадан шығып, кезекті тақырыпты нақтырақ, әріден қозғап жіті ұғындыра түскенде, білімі терең дариялы ұстазға шартты 45 минут оралымға келмейтін. Сондықтан, сабақтан тыс уақытта да факультативтік қосымша сабақтар өткізетін. Кейде екі сыныпты қосып, ортақ тақырыпта дәріс оқитын. Мұндайда біз өзімізді құдды аудиториядағы студенттердей сезінетінбіз.

q

Ол кездері Құсиын ағайымыздың сабағына дайындалмай, үй тапсырмасын орындамай баратын оқушы некенсаяқ. Қайсыбір пән мұғалімдерінің ішінде, бізге ренжігенде: «Сендерге, қазақ әдебиетінен басқа сабақ сабақ емес пе?!» - деп, қалатындары да болған. Бірақ, сол мұғалімдердің өздері де, Айтқалиевша сабақ өткізуге тырысатындарын жоғарғы сыныптарда анық байқайтынбыз. Біздер 8-10-шы сыныптарда, тек әдебиет пәні емес, жалпы кітап оқуға ерекше құштарлана түстік. Бір қызықты кітап көрсек, соны бәріміз қолдан қолға жүгіртіп, кезектесе оқып, қай жанрда жазылса да таласа талдайтын дәрежеге жеттік.

Сынып жетекшіміз емтихан бағдарламасын түсіндіріп болып:-Қазір сендерге Құсиын ағайларың келіп, жазғы демалыстарыңа тапсырма береді – деп, өзі шығып кетті. Амандасып болғасын отыруымызға рұқсат берген ұстазымыз: - Ал, шырақтарым, енді сендердің алдарыңда 9-10-шы сыныптар тұр. Демек, әдебиет пәнінің бағдарламасы да күрделірек болмақ. Сондықтан сол кезде өздеріңе де, маған да қиын соқпас үшін, жазғы үш ай демалыстарыңда мына кітаптарды оқып келесіңдер! - деп, М. Әуезовтың, Ғ. Мұстафиннің, Ғ.Мүсіреповтың, С.Сейфулиннің, Б.Майлиннің, С.Торайғыровтың, С.Мұқановтың, І.Жансүгіровтың және тағы басқа да атақты жазушылардың шығармалары мен белгілі романдарын тізімдетті. -Әсіресе, «Абай жолын» мұқият оқыңдар, тіпті қайта-қайта оқып шығыңыздар деп, тапсырды да: -Естеріңде болсын, Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясын оқымаған қазақ қазақ емес! –деп, көтеріңкі үнмен сөзін бітірді.

q

Ол кездегі біздің жазғы демалысымыз нағыз қайнаған еңбек науқанымен тұспа-тұс келетін. Әкелеріміз колхоздың балық шаруашылығымен айналысып теңізде жүреді де, аналарымыз егінде болатын. Сол егістіктегі өскіндерді күтіп—баптап, күзде өнімін колхозға тапсыратынбыз. Бірде, анамыз егіс алқабы жиегіндегі екі-үш үйге ортақ итарқа күркеден шай ішуге кеткен. Менің қолымда Сәкен Сейфулиннің «Тар жол тайғақ кешу» романы. Кезекті жөлеңкеге суды ашып жібердім де, ол толғанша әрі қарай оқуға, жөлеңкенің биіктеу жеріндегі тары көлеңкесіне қисая кеттім. Сәкеннің шанаға тиелген қалың қар астына көміліп, Сібір түрмесінен қашып шығып, жаяу—жалпы елге бағыттаған азапты күндерін оқып тауысам деп жатып ұмытып кетіппін. Ашқан суым жөлеңкелерден асып, алқаптың біраз жерлерін басып кеткен екен. Айналамыздағы басқа егіншілерден ұят болды, әрине. Бірақ, мен сол тарауды тәмамдап шықтым ақыры.

q

Біздер ағаймен бір көшенің бойында тұратынбыз. Бірде көктем мезгілінің бір демалыс күнінде, менен бір сынып жоғары оқитын Тілеш деген бала екеуімізді шақырып алды. -Ал, жігіттер, қарсы болмасаңдар Жайық бойын жағалап, тоғай аралап, табиғатты тамашалап, серуендеп қайтсақ қайтеді? – дегені. Біз қуана келістік. Жайықтың жиделі, жыңғылды жағасын жағалай жүріп, «Жанама» тоғайына да жеттік. Ағайымыз ауылымызға қарасты Қоржын, Жамантал, Жанама тоғайларын саялаған ата—бабаларымыздан қалған қонысымыз –Ақсай, Аша, Сіберті, Қоржын, Құлтай елді мекендері тарихына қатысты өзі естіген шежірелерден сыр шертті. Біз ұққанымызша тыңдай бердік.

q

Мектепті бітірерде сыныптастарымыз болып «Қоржын» тоғайына серуендеп, демалып қайтуға шықтық. Бізбен бірге болған Құсиын ұстазымыз:

-Ал, шырақтарым, кешелі-бері сендердің алдағы болашақтарыңа ақ жол тілеп, барша ұстаздар мен ата-аналарың жүрекжарды шынайы тілектерін айтып, ақ баталарын беріп жатыр. Мен де өз тарапымнан мына кітаптарды сендерге ескерткіш болсын деп табыстаймын!—деді. Әр кітаптың алғашқы бетіне аттарымызды, ұстаздық адал жүрегінен ақтарылған ақ тілегін жазып, қазыналы сыйлығын жеке-жеке қолымызға табыстады.

-Шырақтарым, біздің дана халқымыз кейінгі ұрпағына: «Атадан мал қалғанша—тал қалсын!» -деген ұлағатты мирас еткен. Сендерге де осы ұлағатты ұстануға толық мүмкіндік бар – деп, бір тоқтады. «Ол қандай мүмкіндік?»-- дегендей, сұраулы көзбен үнсіз қарап, тынып қалдық.

- Бағана келгеннен бері өздерің қызықтап отырған «үп» еткен желмен желбіреген, қыз моншақтай тізілген әсем жапырақты, сымбатты сұлу мынау – ақ теректер, біздің ауыл маңында тек осы «Қоржын» тоғайында ғана өседі. Көріп тұрсыңдар онда да сирек. Сонда да болса сендер аралап, жас өскіндерін табыңдар да, тамырына көп зақым келтірмей қазып алыңдар. Ауылға барған бойда мектеп ауласындағы жасыл желекке егіңдер. Міне, біздерге—ұстаздарыңа да, өздерің оқыған мектептеріңе де, кейінгі іні—қарындастарыңа да нағыз ескерткіш сыйлық сол болмақ ! – деді. Ұстаз айтқандай мектеп ауласындағы өңкей қарағаштар ортасына екі түп ақ терек өскінін отырғыздық...

q

Ұстаз Құсиын Айтқалиевтің ұлағатты тәрбиесінен нәр алған біз секілді қаншама шәкірттері халық қажетіне қызмет етуде. Ерен еңбектерімен тұлға болып қалыптасып, ел құрметіне бөленіп жүрген азаматтар қанша ма?... Бұл өмірде мәңгі жасар пенде жоқ қой. Халқына қалаулы, еліне елеулі болып, ұрпағымызға ұстамды ұлағатын қалдырған ұстаздың 90 жасын атап өтеміз деп отырғанда Алланың қалауымен фәни дүниемен қоштасты.

Ағамыз қазіргі Алға, бұрынғы тарихи атауы «Құлтай» ауылында туып – өсті. Сол Құлтай мектебінде 1954 жылдан 2010 жылдарға дейін еңбек етіп, бар ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнады. Ел абыройын асқақтатқан барша атақ—дәрежелері де осы мектеп қабырғасында алды. Ендеше, «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дер !» деген бабалар өсиетіне сүйене отырып, «халық мұғалімі» Құсиын Айтқалиев есімін кейінгі ұрпаққа неге дәріптемеске?! Бұрынғыдай Алға мектебінің тарихи атауын «Құсиын Айтқалиев атындағы Құлтай орта мектебі»- деп, неге ауыстырмасқа деген ұсынысымды білдіремін.

Сәтқали ӘУЕЛБАЙҰЛЫ,

Атырау қаласы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT