Қайыржан МӘЖИЕВ: «Қауымдық сервитут сақталуы тиіс»

Жайылымдық жерді тиімді пайдалану да өте маңызды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жолдаған жолдауында Үкіметке құзырлы органдармен бірлесіп жайылым мәселесіне қатысты батыл шаралар қабылдауды, шаруашылықтарды жайылым жермен қамтамасыз етуге қатысты заң жобасын дайындауды тапсырды.

- Қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр. Өйткені мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті оны адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастаған. Әкімдер түрлі себептерді сылтауратып ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр. Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шаралар қабылдауға тиіс – деген Президент жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аудару қажеттігін айтты.

Жайылымдық жерлердің жайы біздің ауданымыз үшін де өзекті мәселе болып саналады. Әр елді-мекеннен 8-10 шақырым аумақта мал жаятын жайылым міндетті түрде болуы керек. Сол сияқты ауылдың бойдақ малы жайылатын тағы бір жайылым алыстау аумақта орналасқаны жөн. Ол жерлер ауылдық округ әкімдігінің теңгеріміне берілуі қажет. Ауылдық округ әкімі қоғамдастықпен ақылдаса отырып өз теңгеріміндегі жайылымдық жерлердің жыл сайын жағдайын жақсарту бағытында жұмыстар атқаруы тиіс. Ол үшін қаржы бөлініп, мүмкіндік жасалғаны дұрыс. Шаруа қожалықтарына жер берген кезде қауымдық сервитут сақталуы тиіс. Өкінішке орай бізде осы сервитут сақталмайды. Мәселен каналдың бойынан жер бөлген кезде 35 метрге дейінгі аумақ ауылдың малы су ішуі үшін қорғалуы қажет. Каналдардың бойынан осы 35 метр жер қалдырылмай каналға тақап бергеннің кесірінен халықтың малы су іше алмай қалған жағдайлар көптеп кездеседі. Тағы бір айта кететін жайт жер бөлімі жерді берген кезде міндетті түрде ауыл әкімімен және қоғамдастықпен ақылдасуы қажет. Шаруа қожалықтарына жер берген кезде асырап отырған мал басына қарай шектеп берген артық етпейді. Өзінің малынан артылып, пайдаланылмай бос жатқан жерлерді кері қайтарып алып, өзге мал өсіргісі келетін адамдарға беру керек.

Мемлекет басшысы Жолдауында жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды. Олардың құқықтық мәртебесі және көрсететін қолдау тәселдері «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» бөлек заңда көрініс табуы керектігін, Үкімет бұл заң жобасын өте қысқа мерзімде әзірлеуге тиістігін айтты. Ендігі жерде жайылым мәселесі шешімін табады деп сенеміз. Бізде қазір ауылдар аумағындағы жайылымдар мал тұяғынан тозып, ала шаңға айналып жатыр. Сондықтан қоғамдастыққа мүмкіндік берілсе жайылымдарды тоздырмай бөліп пайдаланудың жолын тапқаны жөн деп ойлаймын. Өмір бойы мал баққан ата-бабамыз малын үнемі бір жерге жаймай, қыста қыстауға, күзде күздеуге, көктемде көктеуге, жазда жайлауға көшіп қонып жүргенде жайылымды тоздырмауды мақсат еткен. Ата-бабаларымыздың осы тәжірибесін қолдансақ қор болмайтынымыз анық.

Қайыржан МӘЖИЕВ,

аудандық мәслихат хатшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521