Газетіміздің өткен жылғы №42 санында «Брусчаткалар қашан жөнделеді?» атты ауыл тұрғынының пікірі жарияланған еді. Пікір иесі ауылдың көркейіп келе жатқандығын, десе де кейбір дүниелердің сапасыз салынуы ауылымыздың ажарын бұзып, келген қонақтарға жағымсыз көрініп қалатындығын айтқан-ды. Осы олқылық бір жылдан кейін ғана ретке келіп отыр.
«Ауданға кіре берістегі жаяу жүргіншілер жолының әдемі тастары ойылып, ішіне түсіп жатқанына біраз уақыт болды. Қыруар қаржы бөлінген брусчаткалар жасаған адамдардың жұмысына салдыр- салақ қарағанының кесірінен опырылып қалған. Әу баста астының топырағын тегістеп, жаңбырдың суы кетпейтіндей етіп қаласа, мұндай олқылық орын алмас па еді?!» деген пікір иесінің сөзіне жауап іздеп, Махамбет ауылдық округінің әкімі болып жаңадан тағайындалған Мақсот Баймишевке жолыққанбыз. Ауыл әкімінің сөзінше, ол брусчаткалар ауылға кіреберістегі көше шамдарын жүргізу, авариялық жұмыстар кезінде бұрынғы келбетінен айырылған.
- Ауылдың көркеюі, мұнтаздай таза тұруы әрине бәріміз үшін де қуаныш. Кез келгеніміз теп-тегіс жолмен жүргіміз келеді. Әрине, жасалған жұмысқа сыншы көп екені белгілі. Өткен жылы брусчатканың тастары көше шамдарын жүргізу кезінде ретсіздікке ұшырады. Биылғы жылы «Western Gonstriction Team» мердігер мекемесі ауылдың тазалығын өз жауапкершілігіне алып, бірқатар жұмыстар атқарды. Оның ішінде, осы брусчаткаларды қалпына келтіру жұмыстарын да жүргізді. Бұл жұмыстар алға қарай да өз жалғасын табатын болады,- дейді ауыл әкімі.
Сонымен қатар газетіміздің №44 санында жарық көрген тілші Қ.Айтқалиевтың «Қоқыс контейнері қайда?!» атты мақаласында айтылған мәселе бүгінде шешімін тапқан. Көтерілген мәселе Жастар саябағының дәл жанындағы ішінде контейнері жоқ жасыл қоршау жөнінде болатын.
- Жәрмеңке бүгінгі күні «Бизнес- и н к у б а т о р д ы ң » а у л а с ы н д а ұйымдастырылып жүргендігі белгілі. Соған қарамастан Жастар саябағының маңынан арнайы орын бөлініп, контейнер қойып, тұрғындар үшін жағдай жасап отырмыз. Кез келген ауыл тұрғыны үйінен шыққан қоқысты осы контейнерлерге салып кетеді де, тазалыққа жауапты қызметкерлер күнделікті орнын тазалап отырады. Бұрынғыдай жан-жағы шашылып жататын қоқыс контейнері қазір жоқтың қасы. Жан-жағы қоршалып, тазалау жұмыстары қызу жүруде. Ауылдың ішіндегі барлық контейнерлер күн сайын бақылауда. Контейнер жоқ жерге қоқыс тастамау қажет. Ашық жерге тасталған қоқыс желмен ұшып кетеді немесе ит- құс шашып, ауылдың келбетін бұзады. Бұл жөнінде әлеуметтік желі арқылы халыққа ескерту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қоқысты жинап қойып, көше тазалығына жауапты тұлғаларға хабарласса, олар қарсылық білдірмейді. Жалпы ауылда қазіргі күні 45 қоқыс жәшігі болса, алдағы уақытта 75 контейнер қойылмақ,-дейді ауыл әкімі М.Баймишев.
Жастар саябағында алғаш ашылған жылдары апта сайын концерт өткізіліп, субұрқағы іске қосылып, халық емін- еркін демалатын. Кәсіпкерлер де кешкісін келіп, өзінің кәсібін жүргізетін. Былтырғы жылы басталған пандемия мұның бәріне тоқтау салды. Халықтың қауіпсіздігін, саябақтың тыныштығын бақылаушы қарауылға арналған орынның (будка) бүгінде әйнектері сынып, қабырғасы сөгілген. Қараусыз қалған дүниені бүлдіретін де, қирататын да өз ауылымыздың адамдары екендігі белгілі. Сонымен қатар, бұл саябақтағы балаларға арналған ойын алаңының да, өткен жылы ғана пайдалануға берілген баскетбол алаңының жағдайы мәз емес. Ол аз десеңіз, Махамбет бабамыздың бейнесі салынған ескерткіштің сылағы түсіп, бір бұрышы сынып, саябақтың алдындағы билбордтың қаңылтыры ғана көрініп, бос тұрғанына да біраз уақыт өтті. Қоқыс контейнері қанша тазаланып тұрғанмен де, демалушылар жағымсыз иістің осы контейнерден келетіндігін айтады. Бір есігі сынып, құлыптауға жағдайы келмей қалған қоқыс контейнерін көзден таса, ықтасын жерге көшірмеске болмас па?!
Қ.АЙТҚАЛИЕВ