Медицина саласына - жаңа технологиялар

Халықтың денсаулығын нығайтып, медицина саласын мейілінше жетілдіру кезек күттірмейтін мәселе.

Әсіресе, өткен жылдан басталған пандемия кезінде салада атқарылар жұмыстардың әлі де аз емес екендігін көрсетті. Осы орайда медицина саласында қордаланып қалған түйіткілді мәселелерді шешудің оңтайлы жолдарын бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында атап көрсетіп, бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Елімізде әлеуметтік саясатқа, халықтың әл-ауқатын арттыруға және өмір сүру сапасын жақсартуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Қазақстандықтар ел экономикасының өсуімен қатар, денсаулық сақтау жүйесінің нығаюын, медициналық қызметтердің мейлінше қолжетімді әрі сапалы болуын қалайтыны – табиғи жайт. Бұл ретте біз қоғам болып, мемлекет болып осы міндетті шешу бағытында жұмыс істеуге тиіспіз. Баршаға белгілі, өткен жылы дүниежүзін дүр сілкіндірген індет еліміз үшін оңайға соққан жоқ. Қаншама адамның ажалына себепші болған коронавирус індетімен күресте медицина саласының мамандары жұдырықтай жұмыла білді. Онымен күрес шаралары әлі де жалғасып жатыр. Жаңа Жолдауда бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарау көзделген. "Халқымыз бірінші байлық денсаулық деп бекер айтпаған. Коронавирус денсаулық сақтау саласы үшін үлкен сынақ болды. Әлемді жайлаған індеттің беті әлі қайтар емес. Күн сайын мыңдаған азаматымыз дертке шалдығып, талай адам өмірден өтуде. Біз уақыт ұттырмай індетпен күресу шараларын дереу қолға алдық. Қазақстан коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарған әлемдегі санаулы мемлекеттің бірі. Вакцинамыздың тиімді әрі қауіпсіз екеніне еш күмән жоқ. Қазіргі Qazvac-қа өзге мемлекеттер де сұраныс білдіруде. Елімізде вакцина қоры жеткілікті. Азаматтарымыздың таңдау мүмкіндігі бар. Көптеген мемлекеттердің бұған қолы жетпей отыр", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Иә, ауырғаннан – ауырмаудың алдын алу керек екендігін ұғынатын кез келді. Қазір жаппай екпе салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.Вакцина – вирусты тоқтатудың басты факторы болып отыр. Алайда, халық арасында мұны мойындамайтындар да шығып жатыр. Ал, Президентіміз екпе алуға қарсы үгіттеп жүргендердің жетегіне кетпей, қауіпті індеттен құтылу үшін вакцна алып, өмір сүріп, әрі қарай дамуға бейімделуіміз қажеттігін атап өтті.

Мемлекет басшысының кезекті Жолдауында айтылған тағы бір маңызды мәселе ол - елімізде биологиялық қауіпсіздігін болжаумен айналысатын ұлттық жүйе құру керектігін және Парламенттен осы заң жобасын қазіргі сессияның соңына дейін қабылдауды сұрады. Сонымен қатар, зертханаларымызды жоғары технологиялармен жабдықтау жөніндегі тапсырмасы жүзеге асса халықаралық талапқа сай жұмыс жасауға мүмкіндік беретін болады.

Пандемияға байланысты коронвируспен күреске басымдылық беріліп, оған қатысы жоқ аурулар екінші орынға ығыстырылып қалғаны белгілі. Оның ішінде, жоспарлы скринигтер мен ота жасау, әуелден қалыптасқан стандартты екпелерден көптеген балалар тыс қалды. Жолдауда бұл олқылықтардың орын толтырып, жол бермеу керектігі де айтылды.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы медицина саласына қомақты қаражат құйылуы қажеттігін және бұл қаражат инфрақұрылымға, маман даярлауға және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалуға тиіс екенін мәлімдеді.

Бізде дәрі-дәрмек шығаратын ірі өндіріс орындары санаулы әрі дәрі-дәрмектің негізігі шикізаты шетелден әкелінеді. Ендігі жерде отандық дәрі-дәрмек өндірушілер өнімдерінің үлесі мен сапасын арттыру бағытында денсаулық сақтау саласы мамандарына медицина өнімдерін зертханалық және техникалық сынақтан өткізетін орталық құру жөнінде тапсырма жүктеліп отыр.

Ермек Сабиров,

денсаулық сақтау саласының ардагері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT