Профессор Бақтыбек Таубаевтың 80 жас мерейтойына арналған салтанатты кеш өтті

Еңбек ардагері Бақтыбек Таубаевтың 80 жасқа толуына орай «Азамат. Ғалым. Қайраткер» атты кездесу кеші өтті. Аты да, атағы да айбынды, қадірі мен қасиетін ел-жұрт жақсы білетін, парасаты мен пайымы бөлек азаматты мерейлі жасымен құттықтау шарасына келген тілеулес жандар көп болды. Біразы бір кездері атқарушы органдарда қызметтес болған болса, бірі – үзеңгілес достары.

Профессор Бақтыбек Жұбандықұлы атақтан кенде емес. Тізбелей айтқанда Қазақстан Республикасы гуманитарлық ғылымдар академиясының толық мүшесі, психология ғылымдары халықарлық академиясының корреспондент мүшесі, Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясының профессоры, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, «Құрмет белгісі» ордені мен бірнеше медальдардың иегері, Индер, Жылыой, Махамбет аудандарының «Құрметті азаматы», Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі.

516c6a9f-89ba-42b8-8721-a241165444c2

 Өмірінің талай жылын арнаған Махамбет топырағы Бәкеңді белес пен бедел биіктеріне көтерді, қай уақытта да жанына жақын, кеудесіне ыстық көрінді. Кездесуге Атыраудың абызы атанған ақтаңгер ақын, қаламгер, ұстаз Қадір Жүсіп те қадірлі қонақ ретінде қатысты. Тереңнен толғап, алыстан шолып, биіктен сорғалата сөйлеген Қадекең ақын жүректі сырлас досы, інісінің кеудесіне жыр ұялатар жылы сөздерін аямады.

– Шәкірттердің жүрегін «қамал» десек, Бәкең мыңнан аса «қамалды» алған азамат. Бәкеңмен тілдесуге, пікірлесуге әрқашан асығамыз. Дала – бұл кісінің ең сүйікті жері. Жеті жыл қатарынан Махамбеттің кең даласын аралап, еңбекшілердің жайын біліп, сырласқанының, жол көрсеткенінің өзі неге тұрады?! Мысалы, Теңдік совхозында жұмыс жасаған Қайыржан Берғалиев есімді азамат тамшылатып суару жөнінде жаңалық ашты. Оның өзін бастап берген де Бәкең еді. Кейін Теңдіктің, Махамбеттің аумағы жайқалған, жайнаған  далаға айналып шыға келді. Өзіңіз еңбек еткен далаға қош келдіңіз. Ғылымда да, өмірде де жоғары жетістіктерге жете беріңіз. Деніңізге саулық берсін,- деді Қадір Жүсіп.

35b34854-4b38-42fe-9e79-ba5d027e5bb1

Сексеннің сеңгіріне шыққан абыздың ғұмыр жолы да көпке үлгі болары анық. Сұрапыл соғыстың оты лаулап тұрған кезінде өмір есігін ашқан ағамыз талабы таудай, мақсаты асқар, арманшыл болып өсті. Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының топырақтану-агрономия факультетін бітірген талапты жас бірден облыстық агрохимиялық лабораторияның директоры болып тағайындалады. Қабілеті мен жігерінің нәтижесінде облыстық партия комитетінің нұсқаушылығына қабылданады. 1974 жылы Алматы жоғары партия мектебінен суға салса, суырылып, құмға салса, қуырылып шыққан жігіт Балықшы аудандық атқару комитетінің төрағасы болып сайланады. Махамбет аудандық атқару комитетіне 1977 жылы сайланған Бақтыбек Таубаев ауыл шаруашылығының нағыз ысылған маманы ретінде сүт комплекстерін механикаландыруды жедел қолға алды. «1 май», «КСРОның 60 жылдығы атындағы» кеңшарларда егіншілік күрт дамыды. Ауыл шаруашылығы саласындағы тиімді қызметімен көрінген білікті маман талай жерде басшы, төраға, хатшылық қызметтер атқарды. Кейін ұстаздық қызметке ауысып, мұнда да биік белестерді бағындырды. Бірнеше ғылыми еңбектердің, мақалалардың, монографиялардың, оқу-әдістемелік құралдың авторы атанды. Нағыз еңбек адамдарының бақтары жанып, берекесі тасыған кезеңнің ұңғылшұңғылында Бәкеңмен бірге болып, қызметтес болғандардың бірі – мемлекеттік қызметтің ардагері, ауданның Құрметті азаматы Ұзақбай Төлегенов.

ae06f54f-7e15-478b-93a8-054753fbf91a

– Бәкеңмен қанша жыл қызметтес болсам  да оның бірде-бір мәрте біреуге тіл тигізіп, дауыс көтергенін естімеппін. Жұмысына асқан жауапкершілікпен қарайды. «Жай адам өзінің кемшілігі үшін өзінің ар-ожданының алдында жауап береді. Ал елге қызмет ететін адам өзінің қателігі үшін Алланың алдында кінәлі болады» деген екен арабтың бір ғұламасы. Бәкең ауданда жұмыс жасаған уақытта ала жіпті аттамай, өзіне жүктелген жұмысты дұрыс атқарып, ұйымдастыра білді деуге әбден болады. Туған күніңіз құтты болсын. Сексен жас деген – бұл шың емес, шыңға бара жатқандағы бір белес. Тасыңыз әрі қарай өрлей берсін. Тағдыр сізге ұрпақ қызығын көруге жазғай,- деді Ұ.Төлегенов.

6f1be265-b180-48d8-b1b9-f388b6b9840d

Аудан әкімі Р.Жанқылыш қазақы дәстүрге сай Атыраудың ардагер азаматы, көпшіліктің құрметтісі, Махамбеттің марқасқа ағасы Бақтыбек Жұбандықұлының иығына шапан жапты. Кеште аудан өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашты.

 

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT