Пробация қызметкерлері Ақзия ананы мерекемен құттықтады

Қарттар күніне орай аудандық пробация қызметі бөлімшесінің бір топ қызметкерлері сарытоғайлық тыл ардагері Ақзия Телеуішованың шаңырағына барып, мерекемен құттықтады.

Аудандық пробация қызметі бөлімшесінің басшысы, әділет капитаны Айгүл Кабдыкайырова ардагер анамызды қарттар күнімен құттықтап, мықты денсаулық, немере-шөберелерінің қызығына бөлене беруіне тілектестік білдіріп, себеттегі алқызыл гүл шоқтарын, тәтті торт, азық-түлік кәрзеңкесін сыйлады.

Кезінде өзінің бес жасынан бастап еңбек етіп, қой баққанын тілге тиек еткен медицина саласының ардагері, тыл еңбеккері Таңдай жерінде туса да Астараханьда кіші медициналық қызметкер болғаны туралы әңгімеледі. Сонау 1944 жылы ағасы Астрахань жаққа жұмысқа кетіп, Ақзия апа да ағасына еріп, сапар шексе керек. Сол жақта жүріп, ресейлік Шәріп Телеуішовке тұрмысқа шыққан. Муса деген баласы мектепке баратын кезде Қарабайлы деген жерге көшіп барып, зауытқа жұмысқа тұрғанын да айта кетті.

Отбасында үш бала тәрбиелеп-өсірген апамыз кейін Махамбетке көшіп келіп, Сарытоғайдағы өкпе аурулары ауруханасында жұмыс істеп, 55 жасында зейнеткерлікке шыққан көрінеді. Әлеуметтік қызметкер Батиха Нұрхиева 2006 жылдан бері Ақзия ананы қарап, күтім жасайтынын, екі әлеуметтік қызметкердің қарауында 10 адам барын айтты.

Бүгінде 87 жасқа келіп отырған кейуана: «Еңбектерің жоғарыдан көрінсін, шырақтарым! Жақсылықты күндер мол болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, індеттен аман-есен шығайық !»деп батасын берді.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT