Айса аға қалай «Салтанов» атанды?

Қарттарым - асыл қазынам.

«Балалық шағым соғыс жылдарымен тұспа-тұс келіп, әкеден ерте айырылдым. Шанаға отырған 5-6 адамның арасында әкемнің бейнесі еміс-еміс есімде қалыпты. Біреулер айқайлап жылап жатыр, ол кезде кішкентаймыз ғой, көп нәрсені түсіне бермейміз. Ойын баласымыз. Жазда жалаң аяқ жүреміз, киімді де, тамақты да талғамайтынбыз. Содан 1943 жылдары «әкеміз хабарсыз кетті» деген хат жетті» деп Айса ағамыз әңгімесін бастады.

Айса Салтанов 1937 жылы 6 қыркүйекте дүниеге келген. Әкесі - Сәрсен Жалмұханов, анасы - Жамиға Өткелбаева. Әр заманның өзіндік қиындықтары бары белгілі ғой. Соғыстан бұрын әкесінің қарындасы Салтан Қуатов деген кісіге тұрмысқа шығады. Біраз уақыт өтсе де ортада нәресте болмаған. Ол кезде апасы Тұрған мен жездесі Салтан аудан орталығында қызметте болды, бірі кітапхананы басқарса, бірі Сберкассада қызмет атқарды. Әкесі аудан орталығына шаруаларымен барса, қарындасы мен күйеу баласының үйіне соқпай кетпейтін болған.

- Бір күні үйлеріне кірсе, шымылдық жабылған кереует тұр екен. Көрпенің астында бір нәрсе қозғалып жатқанын байқап, көрпені ашып қараса, ақ лақ болып шығады. Қысқы мезгіл болса керек, әкем үйден асығыс шығып, шанаға отырған күйі 9-ауылға асады. Үйге келген бетте, бесікте жатқан мені жылы киізге орап алып, Жаманқалаға тартып отырған. «Лақты ермек қылғанша, мына баланы ермек қылыңдар» деп Салтан мен Тұрғанға табыстап кетіпті. Содан менің тегім «Салтанов» болып кетті. Туған анам өмірден өтерінің алдында: «Бетіңнен бір дұрыстап сүйе де алмадым-ау. Саған тек бір өтінішім бар, балаларыңның да фамилиясын өзгертуші болма. Салтанов болып жүре берсін» деген еді.

Кейін 1948 жылы 8-ауылға жіберді. Төртінші сыныпты сол ауылда жалғастырып, Қызылүй орта мектебінен 9-сыныпты, Жаманқаладан 10-сыныпты бітіріп шықтым. Алматыға оқуға түсемін деген ниетімен 54-ші жылы барып, бірақ жолымыз болмай қайтып келдік. Мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түсе алмай қалған талай жасты демеген Кеңес Үкіметінің де жақсылығын ұмытпауымыз керек. Одақ бойынша жер-жерде училищелер ашылып жатты. Бізге жақыны Новотроицкідегі автомеханиктер дайындайтын оқу орны болды. Гурьевтен бірге оқуға түскен жігіттердің арасында Қарабай Дабысов та бар еді. 56-шы жылы училищедегі оқуды тәмамдап, Алматыға жоғары оқу орнына тағы тапсырып, бұл жолы да жолым болмай, ауылға келіп, көлік жүргізуші, слесарь, механик болдым,-дейді Айса аға.

Апасы Әслима Мырзағалиеваның қайнысы Есенбай Ағелеуов үйге келген уақытта «Оралға неге оқымайсың, бәрі оқып жатыр ғой» деп үгіттейді. Ол кезде жолдасы Сәлима Қабдирова, өмірге келген екі баласы мен анасы бар. Сөйтіп, оқуға тапсыратын болып, 1964 жылы Оралға барады. «Ер кезегі үшке дейін» деген ғой. Тура он жылдан кейін жоғары оқу орнына түседі. Оралдың ауылшаруашылығы институтын 1969 жылы бітіріп келіп, «АгроХимЗертханаға» жұмысқа орналасады. Бірақ үй-күйсіз жүргеннен кейін елге оралып, «17-ауыл», «Зауральный» совхозындарында қызмет етеді. Зейнеткерлікке «Атырау-Жарық» мекемесінің ауылдағы подстансасынан монтерлік қызметтен шығады.

- Қазір біраз жасқа келіп, өткенге көз тастап, қателіктерімді сараптап отырамын. Кім қателеспейді?! Бастысы - өзгеге зияны тимегені. Әр сөзіңді аңдап, көңілге тимейтіндей, «өзімдікі дұрыс» деп бет-алды сөйлемеген абзал. Өз тәжірибемізге сүйеніп, жастарға ақыл-кеңесімізді беріп тұрамыз. Оны қабылдағысы келетіндер де, келмейтіндер де бар. Бір жағынан, біздің кезінде көріп, түйген ойларымыз қазіргі заманға үйлеспей тұрады. Бастысы, жастар «екі қолға бір күрек» тауып, қандай жұмыстан болса да қашпағандары дұрыс,- дейді еңбек ардагері.

Үш ұл, үш қыз өсіріп, жеткізген асқар таудай әке, немере, жиендерінің сүйікті атасы. Бәрі де лайықты білім алып, түрлі салада еңбек етіп келе жатыр.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521