Президентке хат: Махамбет ауданы әкімдігі түсінік берді

Махамбет ауданы әкімдігінің бұрынғы қызметкерлері мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына аудан әкімі Ринат Жанқылыштың үстінен хат жазған.

«Хаттағы Махамбет ауданының басшысы 8 мемлекеттік қызметкерді лауазымдарынан мәжбүрлеп босатты деген айыптау негізсіз»,-деп хабарлайды Махамбет ауданының әкімдігі.

Мәселен, хатта аттары көрсетілген А.Сисенов пен А.Жуасов аудан әкімдігіне хабарласып, аталған хатқа қол қоймағандарын мәлімдеді. Хатта көрсетілген мемлекеттік қызметшілердің негізсіз жұмыстан босатылды деген мәселеге қатысты мынаны хабарлаймыз. 

Мұқаш Зұлхарнай Жаңабайұлы 2017 жылғы 30 қарашадан бастап Махамбет ауданы әкімінің орынбасары лауазымын атқарған. 2022 жылдың 1 қаңтарында ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік органдарды оңтайландыру негізінде Махамбет ауданында аудан әкімі орынбасарларының саны 3 бірліктен 2 бірлікке азайтылуына байланысты қысқартылды.

Қалиев Нұрлан Серікұлы 2012 жылғы 30 қарашадан бастап Махамбет ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарған. Хатта көрсетілгендей, Н.Калиевтің қызметтік тәртібі Әдеп кеңесінде екі мәрте қаралған. ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агентігінің Атырау облысы бойынша Департаментінің Әдеп жөніндегі кеңесінің 2021 жылғы 11 ақпандағы №6 шешіміндегі ұсынысы негізінде Н.Калиевке «қызметке толық сәйкес еместігі туралы» тәртіптік жаза қолданылды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агентігінің Атырау облысы бойынша Департаментінің Әдеп жөніндегі кеңестің 2022 жылғы 25 қаңтардағы №1 шешімінде көрсетілген ұсынысы негізінде мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің талаптарын сақтамағаны үшін «атқаратын лауазымынан босату туралы» түріндегі тәртіптік жаза қолданылды. 

Хатта С.Меденов, А.Сисенов, А.Жуасов, Н.Досқайыров, Б.Мынбаев әкімнің тарапынан қудалауға ұшырады делінген, алайда бұны дәлелдейтін фактілер жоқ. Аталған лауазымды тұлғалар жұмыстан берілген өтініштері негізінде өз еркімен жұмыстан босатылған (Б.Мыңбаев Әдеп кеңесінің ұсынымы негізінде жұмыстан босатылған).  

Сисенов Амангелді Қобданұлы – Махамбет аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы лауазымын атқарған. 2021 жылғы 28 шілдеде атқарып жатқан лауазымынан өз еркімен босатылды.

Меденов Саян – Махамбет ауданы әкімінің кеңесшісі лауазымын атқарған. 2021 жылғы 19 ақпанда өз өтініші негізінде атқаратын лауазымынан босатылды. 

Жуасов Ардақ Сүндетұлы – Махамбет аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы лауазымын атқарған. 2021 жылғы 2 тамызда атқарып жатқан лауазымынан өз еркімен босатылды. 

Досқайыров Нұрқуат Жеңісбайұлы – Сарайшық ауылдық округінің әкімі лауазымын атқарған. 2021 жылғы 1 маусымда  өз өтініші негізінде атқаратын лауазымынан босатылды.

Хатта көрсетілген, аудан әкімі алдау жолымен Пернебеков Нұғман Нұрханұлына жұмыстан босату туралы арыз жазғызып, Махамбет ауылдық округі әкімі боласың деп уәде бергені және округ әкіміне сайлау өткенге дейін бір күн қалғанда телефон соғып «әкім болмайсың» деп айтқаны туралы айып расталмады. Қазіргі уақытта Н.Пернебеков Махамбет ауылдық округі әкімінің орынбасары лауазымын атқаруда, бұл лауазымға конкурстық негізде орналасқан. 

Аудан әкімдігінде күзет қызметін атқарған Меңдіғалиев Қанатты жұмыстан шығарып жіберді  деген уәж бойынша: Қ.Меңдіғалиев Махамбет күзету қызметін атқаратын «Арлан Атырау» мекемесінің қызметкері, күзет қызметкерін тағайындау немесе босату аудан әкімінің құзырына жатпайды. 

 

ATPress.kz

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT