Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Қазақстан халқына арнаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауы – еліміздің жаңа даму бағытын айқындаған маңызды саяси құжат. Президент бұл құжатта әділетті қоғам орнату, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, азаматтардың құқықтары мен еркіндігін қорғау, сонымен қатар экономиканы цифрландыру мен жаңа технологияларды енгізу мәселелеріне ерекше тоқталды.
Президент атап өткендей, әділеттілік – мемлекеттің тұрақтылығы мен халық сенімінің басты кепілі. Қоғамда әділдік салтанат құрғанда ғана азаматтар ел болашағына сеніммен қарайды, мемлекеттің бастамаларына белсене қатысады. Осы мақсатта Жолдауда «тыңдайтын мемлекет» қағидатын нығайту, ашық басқару жүйесін қалыптастыру, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту және мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру жөнінде нақты міндеттер қойылды.
Мемлекет басшысы қоғам мен билік арасындағы сенімді арттыру – жаңа Қазақстан құрудың басты шарты екенін атап өтті. Бұл ретте, әрбір мемлекеттік орган халық алдындағы жауапкершілігін сезініп, азаматтардың талап-тілектеріне жедел және әділ жауап беруі тиіс.
Сонымен бірге, Президент саяси реформалардың үздіксіз жалғасатынын мәлімдеді. Бұл – елдің демократиялық даму жолындағы маңызды қадам. Саяси жүйені жаңғырту арқылы ел мүддесіне сай шешім қабылдау мәдениеті қалыптасады. Мұның барлығы қоғамды біріктіріп, мемлекет тұрақтылығын арттыруға бағытталған.
Жолдауда атап өтілген тағы бір маңызды мәселе – азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мен еңбек адамының мәртебесін көтеру. Әділетті қоғамда әрбір адамның еңбегі бағалануы тиіс. Бұл қағидат ауылдан бастап, еліміздің барлық аймағында жүзеге асқанда ғана нақты нәтижеге қол жеткіземіз.
C.Жайлашев,
Махамбет аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы