Пошта қызметкерлерінің еңбегі өлшеусіз

Қай заманда болмасын пошта қызметі халық үшін, әсіресе шалғай ауылдың тұрғындары үшін ауадай қажет мекеменің бірі болып саналады. Өйткені, пошта ең алыс жатқан ауылдық жерлерге пошта қызметімен қатар қаржылай қызмет көрсететін бірден-бір мекеме. 9 қазан дүниежүзілік пошта күніне орай аудандық Қазпошта бөлімшесінен арнайы репортажды назарларыңызға ұсынамыз.

Аудандық Қазпоштаның қызметі таңертеңгі сағат 08.30 да бас кассаны ашудан басталады.

aidos91020-9

Бас кассаға жауап беретін кассир Айнұр Ерғалиева пошта басшысының және есепшінің қатысуымен кассаны ашады. Одан әрі белгілі бір мөлшерде бөлінген қаржыны, конверт, ашық хаттарды, лоторея билеттерін, саттыққа шығатын газет-журналдарды орталықтандырылған операторлар учаскесінің басшысы Мөлдір Тұқпашеваға береді.

pos91020-5

Банкоматқа ақша салады. Кешкісін күні бойы түскен қаржыны есептеп, басшы мен есепшінің қатысуымен кассаны жабады. Бас кассирден өзіне керегін қабылдап алған операторладың басшысы қолындағы қаржы мен заттарын үш операторға бөледі.

p

Атырау қаласынан келген пошта көлігі интернет тапсырыстарды, сәлемдемелерді, газет-журналдар мен хаттарды учаске өңдеу және пошта жөнелту бөлімінің басшысы Жәдігер Жолшиевке тапсырады. Қолын қойып, қабылдап алған Жәдігер газет-журналдар мен хаттарды шабармандарға, сәлемдемелерді операторлардың басшысына жібереді. Ол жерде әрбір клиентке посылкасының келгенін хабарлап, телефон соғады.

p

p

Тұтынушымен күнделікті, тікелей байланысқа түсетін қызметкерлер операторлар. Атап айтқанда Гауһар Жаманова, Шынар Кенжеғали, Кәмшат Нұрыш, Айгүл Сисенова.

-Біздің ең басты мақсатымыз - клиентті жылы жүзбен қарсы алып, шаруасын бітіріп, күлімсіреп шығарып салу. Өйткені, біз - өзіміз қызмет ететін компанияның бет бейнесіміз. Біз арқылы халық поштаның жұмысына баға береді. Біздің банктерден артықшылығымыз, операторлардың барлығы да әмбебап. Банкте бір адам бір жұмыспен отырады. Еңбек демалысына кетіп қалса, орнын екінші адам алмастыра алмайды. Ал бізде операторлар бірінің қызметін бірі атқара береді. Біздің банктен артықшылығымыз осында. Бұрын компьютерлер ескі, принтерлер жарамсыз болғандықтан кредит бергенде бір адамға кем дегенде 2 сағат қызмет көрсететінбіз. Қазір техника мен интернет желісі жаңарған соң 10 минутта жауабы келеді. Мекемемізге басшы болып Айдос Талғатұлы келгелі көптеген ішкі мәселелеріміз шешімін тауып, мекеменің жұмысы алға баса бастады. Жаңа басшымен бірге жаңа жетістіктерге жететінімізге сенімдімін, – дейді оператор Гауһар Жаманова.

Жетекші маман қызметін атқаратын Асылай Қабдолова тұрғындардың жеке сұрақтарына жауап беріп, шешілмей жатқан мәселелерінің шешімін табуына атсалысады. Сонымен қатар газетке жазылу жұмыстарын ұйымдастырады.

p

-Пошта десе көп адамның көз алдына газет-журнал мен хат қана елестейтіні жасырын емес. Алайда қазіргі Қазпоштаның халыққа көрсететін қызметі орасан. Кез келген банк көрсететін қызметті көрсете алады. Өкінішке орай ауыл тұрғындарының көпшілігі бұл туралы білмейді.

Аудан орталығындағы Қазпошта бөлімшесі арқылы салық, коммуналдық төлемдер төлеуге, ақша айырбастауға, шетелдерге ақша аударуға, кредит алуға, депозит ашуға, көлікті сақтандыруға болады. Көпшілікке бірдей салық түрі жер мен мүлік салығын пошта ешқандай үстемақысыз, тегін қабылдайды. Кредит «Альфа банк», «Хоум кредит», «Евразиялық банк», «АТФ» банктері арқылы беріледі. Бұған қоса зейнетақы, жалақы, әлеуметтік жеңілдіктер үшін карта аштыра алады. Картаның сыртында тұрғынның жеке сәйкестендіру нөмірі жазылып тұрады. Сол карта арқылы ірі қалаларға барған кезде жол ақысын және дәріханалардан дәрі-дәрмегін жеңілдікпен алуға болады. Сонымен қатар Aliexpress картамыз бар. Осы карта арқылы тапсырыстың ақысын төлесе, заты 15-20 күнде келеді. Басқа банктің карталары арқылы төлесе 45 күнде келеді. Карантин кезінде көп адамдар «Kaspi-әмиян» арқылы «Kaspi Gold»-қа ақша сала алмады. Осы кезде Aliexpress картасы көмекке келді. Картаны пошта арқылы толықтырған тұтынушы арнайы бағдарлама арқылы «Kaspi Gold»-қа жібере алады. Бұл картамен ауылдық округтерде Post.kz қосымшасы арқылы балабақшаның ақшасын төлеуге болады.

Алға қойып отырған мақсатымыз тұтынушы тарту. Пошта арқылы жалақы карточкасын аштырған адам кэшбекке ие болады. Картаның тағы бір ерекшелігі «3D Secure» деп аталатын қорғаушы бағдарлама қондырылған. Бұл алаяқтардың картадан ақшаны түсіріп алуына жол бермейді. Жалақы бойынша бірінші жылы тегін қызмет көрсетеміз. Екінші жылдан бастап 0,25-0,45 пайызға дейін комиссия ұсталады. Қазіргі таңда үйге жеткізу қызметін көрсететін 17 зейнеткеріміз бар. Барлығы да І топ мүгедегі. Ауылдық жерлерден зейнетақы және жалақыға арналған карточка аштырғысы келетіндер болса, сол жердегі қызметкерімізге хабарласа алады.

p

Қаламен екі ортада күнделікті көлік қатынап отыр. Cәлемдемелер уақытында жеткізіледі. Осы жерде тағы бір айта кететін маңызды жайт, көп адамдар тапсырысты курьерлік компания арқылы қымбат бағаға береді. Ауылдық жерде бірде-бір курьерлік компанияның бөлімшесі жоқ. Олар қымбат бағаға тапсырысты алып алады да, арзан бағаға Қазпошта арқылы алдырады. Барлық курьерлік компанияның тапсырыстары бәрібір Қазпошта арқылы жеткізіледі. Мәселен халықтан қызметі үшін 5000 теңге алады да, 500 теңгемен пошта арқылы жібере салады. Сондықтан ауылдастарыма курьерлік компанияларға жем болғанша, тікелей Қазпоштаның қызметін пайдалануды ұсынамын. Жалақыларының азайып кетуіне байланысты жалдамалы курьер жұмысынан бас тартқан хат тасушылар, бүгінде жұмыспен қамту орталығы арқылы келіп жұмыстарын жалғастыруда. Оларға бізден қосымша жұмыс жасаған күндеріне 1000 теңге төленеді. Газет-журналды түске дейін жазып, таратып, түстен кейін хаттарды алып бара жатады. Курьерлер өз жұмысын жақсы біледі. Газет-журнал халыққа уақтылы жетіп тұр. Көрсетер қызметімізді де тұрғындардың талап-тілегіне қарай бейімдеп отырамыз.

Осы орайда, пошта қызметкерлерінің еңбегі өлшеусіз. Мекеме жұмысы мүлде тоқтамайды. Мереке күндері де қауырт жұмыс жүріп жатады. Пошта қызметкерлері уақытпен санаспайды, – дейді аудандық Қазпошта бөлімшесінің басшысы Айдос Шаштыбаев.

Клара АЙБАСОВА көп балалы ана:

-Өзім саналы ғұмырымның 30 жылын аудандық Қазпоштада қызмет етумен өткізген ардагер анамын. Сондықтан осы саланың алға басқанын қашанда іштей тілеп жүремін. Пошта қызметі халықпен тікелей байланыс жасайтын сала болғандықтан, қызметкерлері иманжүзді, сыпайы болуы тиіс. Қазіргі Айдос Талғатұлы басқарып отырған ұжым осы талапқа сай қызмет атқаруда. Басшысынан бастап ішіндегі оператор Ш.Кенжеғалиева, К.Нұрыш, Г.Жамановалар келген сәттен "апалап", асты-үстімізге түсіп қызмет көрсетеді. Жылы сөйлесіп, шаруаңды әп-сәтте тындырып береді. Сөздері салмақты, өздері инабатты, білікті де білімді мамандардың өсіп келе жатқаны қуантады. Дүниежүзілік пошта күні қарсаңында осы қызметкерлерге зор денсаулық, еңбекте табыс, отбасы амандығын тілеймін! 

Б.СҮЙЕУОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT