Полиция қызметкерлері - қоғамда көрініс тапқан құқық бұзушылықтарды реттеп, олардың салдары мен себептерін анықтайды. Қазақстан полициясы – қоғамдағы құқықтық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін еліміздегі аса маңызды құрылымдардың бірі.
Полицейлердің кәсіби біліктілігі мен сертіне беріктігінің арқасында қоғамда тұрақтылық қалыптасып, адамдардың құқық қорғау органдарына сенімі арта береді. Олар мемлекет мүддесін бәрінен биік қойып, қиналғанға медеу, жабырқағанға демеу, әлсізге қорған бола білген, «Қазақстан республикасына қызмет етемін» деген төрт ауыз сөзді өмірлік ұраны, басты қағидасы етіп елдің тыныштығын күзетіп келеді.
Бүгінгі таңдағы осындай жігерлі мамандардың бірі- Махамбет ауданы полиция бөлімінің Ақпараттандыру және байланыс тобының аға инспекторы полиция майоры Отаргалиева Жазира Отаргалиқызы. Ол 1978 жылы Атырау облысы Махамбет ауылында дүниеге келген.
1984-1995 жылдары аралығында Махамбет ауылында О.Шонаев атындағы орта мектебін бітірген. 1996-1998 жылдары Батыс Қазақстан ауылшаруашылық колледжінің бухгалтерлік есеп мамндығын тәмәмдаған. Одан кейін, 2009-2012 жылдары Батыс-Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетінің «Құқықтану» факультетін бітірген. 2000-2004 жылдары Махамбет ауданы ІІБ-нің кеңсе маманы қызметін атқарды. 2004-2012 жылдары Махамбет ауданы Ішкі істер бөлімі ақпараттық, техникалық тобының технигі қызметін атқарған. Ал қазіргі атқарып отырған ақпараттық аналитикалық бөлімшесінің аға инспекторы лауазымына 2012 жылдың 23-қараша күні тағайындалып, қазіргі кезге дейін қызмет атқарады. Ішкі істер органындағы қызметінде өзін тәртіпті, бастамашыл, кәсіби жағынан білікті, ұйымдастырушылық қабілеті бар қызмет ретінде жақсы жағынан танытып келеді. Өткен мерзім ішінде үлкен жұмыс тәжірибесін жинақтады, Ішкі істер органының жұмыс тәсілдері мен әдістерін жетік меңгерген.
Бүгінде ол ІІМ біріктірілген деректер банкін бағдарламалық қамтамасыз етудің ақпараттық қорларын және функционалды
міндеттерін пайдалану нәтижесінде іздестіруде тұрған адамдарды, қаруды, автокөлікті анықтауды, ұрланған, жоғалған ұялы телефон немесе басқа да заттарды енгізіп, барлық бастапқы шараларды жүргізеді.
Қызметте жауапкешілікпен көзге түсіп еңбегі үшін, бірнеше марапаттарға ие болды. 2013 жылы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Қ.Қасымовтың «грамотасымен», 2015 жылы ҚР ІІМ ІІІ дәрежелі «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін»медалімен, 2017 жылы Атырау ОІІД-мен «Қазақстан Полициясына 25 жыл» төсбелгісімен наградталған, 2018 жылы Атырау ОІІД бастығы полиция полковнигі А.Дүйсембаевтың «Алғыс хатымен», 2018 жылы Махамбет ауданының әкімі С.Рысқаливтің «Алғыс хатымен» 2023 жылы Атырау облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталған. Сонымен қатар, жанұяда 2 ұл мен қос қыз тәрбиелеп отырған асыл жар, аяулы ана. Батырлық пен біліктілікті бойына жиған Жазираның әкесі де осы саланың маманы болып қызмет атқарған.
Туребаев Отаргали 1977 жылы Махамбет аудандық ішкі-істер бөліміне жұмысқа орналасып, қатардағы милиционер болып қызмет атқарады. Аталған қызметте жүріп көптеген громаталар мен алғыс хаттар, медальдар алған.
1977 жылы мамыр айында Жәрдемқызы Қалжанмен отау құрған. Бүгінде олар дүниеге 5 қыз 1 ұл әкеліп, қыздарын қияға қондырып, ұлдарын үйлендіріп, солардан 17 немере-жиенді көріп отырған, бақытты ата мен әже.
1998 жылы 44 жасында Махамбет аудандық ішкі істер бөлімінен лайықты зейнеткерлікке шықты. Осы қызметте ізімді басып келе жатырған үлкен қызы мен ұлы арқылы бірнеше алғыс хаттарға ие болып, 2022 жылы «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 35 жыл толуына орай Махамбет аудандық ішкі істер органының құрметті ардагері медальімен марапатталған.
Әке ізін Жазирамен қатар, туған інісі Отаргалиев Беркін Отаргалиұлыда жалғастырып келеді. Ол Махамбет аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінде учаскелік полиция инспекторы болып еңбек жолын бастаған.
Ел тыныштығын күзету саласын ата кәсіпке айналдырып келе жатқан осындай азаматтарымызға артар сеніміміз мол. Әкеден балаға берілген кәсіп ескі мен жаңаны, өткен мен бүгінді байланыстырып, болашақтың негізін қалауға жол ашады.
Динара СЕМБАЙ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі