Ауданымызда мемлекеттік салаға бар өмірін арнаған мемлекеттік қызметшілер бар. Сондай мемлекеттік қызмет саласына 40 жылын арнаған жанның бірі, аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының орынбасары Нигметова Қамқа Мадғалиқызы.
Жалпы Қамқа Мадғалиқызы Атырау қаласының тумасы. Ол 1980 жылы Исатай(Новобогат) ауданының Ж.Мырзағалиев(М.Горький) атындағы орта мектебін бітіріп, бір жылдай Мартыши ауылындағы «Эмбанефтестрой» құрылыс-монтаж тресінде 1разрядты жұмысшы болып, еңбек еткен. 1981 жылдың қыркүйегінде Астана(Целиноград) финанс-экономика техникумына түсіп, оны 1983 жылдың маусымында техникумның мемлекеттік бюджет мамандығы бойынша бітірген. Жолдамамен сол жылы маусымда Атырау (Гурьев) облыстық қаржы бөлімінде еңбек жолын бастады. Сол жылдың қазан айында Новобогат аудандық қаржы бөліміне халық шаруашылығын қаржыландырудың аға экономисі лауазымына тағайындалған.
Ал 1988 жылы қыркүйекте Новобогат ауданы таратылуына баланысты Махамбет аудандық қаржы бөліміне бюджет бойынша экономист, халық шаруашылығын қаржыландыру аға экономисі лауазымдарын атқарған. Сонымен қатар 1999 жылдың шілдесінде бөлім меңгерушісінің орынбасары-бюджет инспекциясының басшысы, 2000 жылдың қаңтарында аудандық қаржы бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 2005 жылдың қаңтарында қаржы бөлімі аудандық экономика және қаржы болып, қайта ұйымдастырылуына байланысты осы бөлімнің экономика жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалған.
2006 жылы ақпанда аудандық қаржы бөлімінде бөлім бастығының орынбасары, 2014 жылдың қаңтарына дейін қаржы бөлімі аудандық қаржы бөлімі экономика және қаржы болып, қайта құрылғанға дейін бөлім басшысының қаржы жөніндегі орынбасары болған көрінеді. Қамқа 2019 жылдың маусымынан бері аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының орынбасары лауазымын атқарып келеді.
Мемлекеттік қызметке келуі туралы Қамқа Мадғалиқызы былай деді: « Жалпы саласында еңбек еткеніме 40 жылға жуықтапты. Өндірістен қол үзбей, сырттай Алматы халық шаруашылығы институтын да бітіріп алдым. Ешкімнен қаржы саласына байланысты көмегімді аяған емеспін. Бар білгенімді менімен қызметтес болған әріптестеріме айтып отырамын. Бұрын тікелей облысқа қарадық. Бұрынғы кезде бөлім басшылары еңбек тәртібіне қатты көңіл бөлді. Тәртіп бар жерде жұмыс нәтижелі, сапалы болады деп есептеймін. Ал бір жаққа кетсең жұмысың тоқтап қалатыны рас. Бұрынғы кеңес заманында қаржыны шотпен есептеп, ісқағаздың бәрін қолмен жазатынбыз. Оған көп уақыт кететін. Көбі орыс тілінде жүргізілді есептеріміз. Кейін секретарь машинистка есептерімізді, бұйрықтардың бәрін машинкаға бастыратын болдық. Оны да қадағалап отырмасаң қате жазылып кетуі мүмкін. Бұрын құжаттардың бәрін поштамен жіберетінбіз. Қазір замануи технология-техника заманы, барлық жұмыс жеңілдеді. Бәрі компьютерде басылып, интернетпен жіберіледі. Осы қаржы саласында еңбек еткен Ажар Қабдолова, Сырымбет Кенжебаевтар қазір бір-бір бөлім басқарып отыр. Сондай-ақ мекемеде бас есепші болған Салтанат Жайлашева, Жанат Уалиева зейнеткерлікке шықты. Ал Исатай ауданында Қазым Шахаев, Есболған Алмағамбетовтермен жұмыстас болдым. Бірнеше аудан әкімдерімен, аудан әкімінің орынбасарлары Мардан Сейтқалиевпен бірнеше жылдай қоян-қолтық бірге жұмыс жасадық. Сонау 1983-1990 жылдары комсомол, кәсіподақ ұйымдары қарқынды жұмыс істеді. Сбербанкке дейін кәсіподақ есебін беріп отырдық. Мерекеге орай жар қабырға газеттерін шығардық. Менің қарауымда баспахана, комхоз, тұрмыс қажетін өтеу комбинаты, жұмысшылар кооперативі(рабкооп), дезенфекция бөлімдері де болды. Ол кезде есептік тексеру деген де болды. Осы бөлімдерді, мекемелерді жиі тексеретін едік. Мен әлеуметтік қамсыздандыру бөлімде де жұмыс істедім. кеңес заманында ол кездегі адамдар жеңілдік көмекақы үшін(пособие) көбіне жалған құжат әкелетін. Тіпті Индер, Қызылқоға аудандарына тексеруге барып, ондағы зейнетақы тағайындау, жеңілдікақы (пособие) берілу барысын тексердік. Қазіргі басшымыз Ерсайын Нұрымұлы біліктілігі жоғары, талапшыл жан. Заңға өзгерістер енгенімен хабардар етіп, бізге ескертіп отырудан жалыққан емес. Ол кісі теңге ауысқан кезде де аудандық комиссия құрамында болыпты» -дейді ол.
Қамқа жолдасы Аманғали екеуі отбасында бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген. Ұлы Нұрлыбек өз жолын қуған қаржыгер, аудандық білім бөлімінде жұмыс жасайды. Қызы Саягүл Құлсары қаласында тұрмыста. Ол да екі жоғары оқу орнын бітірген білікті маман. Тағы бір қызы Ақерке биыл Алматыдағы Әлем тілдері институтын бітіреді екен.
Иа, адамның дұрыс жұмыс жасауына шаңырақтың алатын орны ерекше. Қамқа бұрын жұмысты түнгі 23-24-ке дейін істеген кезін есіне алды. Сол кезде үйдені бала-шағасына жолдасы Аманғали мен енесі бас-көз болған екен. Енесі 93 жасқа келіп, қолынан өмірден озған көрінеді. Біз Қамқаны алдағы мемлекеттік қызметшілер күнімен құттықтап, толайым табыстар тіледік.
А.Қуанышқалиева