«AMANAT» партиясы аудандық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысы өтті. Оған партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы Р.Әженов, партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Э.Еспусинова және мекеме - бөлім басшылары қатысты. Комиссия отырысында партияның 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша соңғы 11 айда ауданның денсаулық, білім және ауыл шаруашылығы салаларында атқарылған жұмыстар жайы талқыланды.
Сайлауды бағдарламасындағы ауылдық елді мекендерде медициналық пункт ашу жоспарын жүзеге асыру бойынша аудандық орталық аурухана директоры С.Сандыбаев сөз алды. Ол Аққайың ауылындағы медициналық пунктінің құрылысы толықтай аяқталғанын,қазіргі уақытта облыстық құрылыс басқармасында құжаттары және нысанды қабылдап алу актісі жасақталып жатқанын мәлімдеді.
Бағдарламаның сапалы білім беруге жағдай жасау бағыты бойынша сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы В.Қабышева саладағы атқарылған жұмыстарға егжей- тегжейлі тоқталып өтті.
- Қазіргі таңда аудандағы барлық мектептер толықтай компьютерленген және интернет желісіне қосылған. Интернет жылдамдығын арттыру үшін 2024 жылы қосымша қаражат бөлініп, жылдамдығы күшейтілді. Қызылүй орта мектебіне 12 пән кабинеті және Еңбекшіл ауылындағы негізгі мектебіне 3 пән кабинеті сатып алынды. Еңбекшіл негізгі мектебі ғимаратының ішкі бөлігіне және кітапхана, асханасына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қызылүй және Қ.Қарашаұлы атындағы Сарайшық орта мектептеріне мемлекеттік- жекешелік әріптестік жобалары аясында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді.
«Қарлығаш» бөбекжай-бақшасына 280 орындық жаңа ғимарат салу үшін жобалық – сметалық құжаттамасы жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өтті. 2026 жылы құрылысы басталады. Сол секілді Ақжайық ауылына 160 орындық жаңа бөбекжай- балабақша ғимаратын салуға жасақталған жобалық – сметалық құжаттамасы сараптамадан өтуде. Сарайшық ауылына 280 орындық балабақша салу үшін облыстық құрылыс басқармасы арқылы жобалық – сметалық құжаттамасын жасақтауға қаражатқа сұраныс берілді, - дейді В.Қабышева.
Инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 40 тірек ауылда ауыл шаруашылығы корпорациясын дамыту және шағын несие беру арқылы ауыл тұрғындарының табысын арттыру, субсидия көлемін арттыру, т.б. міндеттері бойынша атқарылған жұмыстар жайында аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы О.Мырзабаев таныстырды.
- Ауданда «Жумагалиева Н.М.» өнеркәсіптік жылыжайы іске қосылып, 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Жылыжай аумағы кеңейген жағдайда қосымша жұмыс орындары ашылады. Бұдан бөлек алдағы уақытта «А-Дана» шаруа қожалығы, «Аidana Agro» жылыжай кешені, «Atyrau Chicken» ЖШС құс фабрикасы іске қосылғанда 150- ге тарта адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша биыл қаржысы бөлінбесе де, 100 адамның өтініші дайын тұр.
Егін шаруашылығын қолдау бағытында тұқым шаруашылығына 4 7 , 2 млн. т еңг е , минера л ды тыңайтқыштарды субсидиялауға 18,1 млн.теңге қаражат бөлінді. Биыл ауыл шаруашылығы мақсатындағы игерілмей жатқан 7508 гектарды құрайтын 37 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында өндірушілер мен тасымалдаушылар арасында 55 меморандум жасақталды. Сонымен қатар жыл басынан бері 47 жәрмеңке өткізіліп, жергілікті өнімдер қолжетімді бағада ұсынылып отыр, - деді О.Мырзабаев.
Кәсіпкерлікті қолдау бағыты бойынша 2023-2027 жылдарға арналған сайлауды бағдарламасында Ұлттық жоба шеңберінде қаржылай қолдау шараларын алған және орта кәсіпкерлік субъектілерінде 2000 жаңа жұмыс орнын құру, 30 әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісін республикалық тізімге енгізу, «Бастау бизнес» жобасы шеңберінде 2500 адамды оқыту, жеңілдетілген несие беру сынды міндеттер қойылған. Аталған міндеттерді жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтсек. Мәселен, биыл ауданда Ұлттық жоба шеңберінде 25 жаңа жұмыс орны құрылып, «Арайлым» ЖК мен «Айдос» ЖК республикалық әлеуметтік кәсіпкерлік тізіміне енді. «Бастау бизнес» жобасы шеңберінде жыл басынан бері 185 адам оқытылып, «Бизнес Аймақ» бағдарламасымен 24 жоба 395,9 млн. теңгемен қаржыландырылып отыр. Осы «Бизнес Аймақ» және «Еңбек» бағдарламаларының аясында 16 жаңа жұмыс орны құрылды.
Комиссия отырысын қорытындылаған Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Э.Еспусинова мекеме-бөлім басшыларына сайлауалды бағдарламасындағы жүкте лген міндеттерге жауапкершілікпен қарап, аяқталмай жатқан жұмыстарды жіті бақылауға алып, мерзімінде аяқтауды тапсырды. Жиын соңында қабылданған қаулының орындалысын бақылау партиялық бақылау комиссиясының мүшелеріне жүктелді.
Б.САПАР


