Өткен аптада аудандық мәслихат жанындағы «Аmanat» партиясы депутаттық фракциясының кеңейтілген отырысы өтіп, онда партияның 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында аудандық мекеме-бөлім басшыларының есебі тыңдалды.
Жиынға «Аmanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Р.Әженов, аудандық мәслихат төрағасы Қ.Мәжиев, аудандық мәслихат депутаттары және мекеме- бөлім басшылары қатысты.
Күн тәртібіне сәйкес сайлауалды бағдарламасының «Сапалы жұмыс орындарын құру» бағыты бойынша атқарған жұмыстары жөнінде аудандық Мансап орталығы директорының орынбасары Ақнұр Нұрғазина баяндама жасады.
- Аудан бойынша күні бүгінге 1225 адам жұмысқа орналасты. Оның ішінде 657 адам тұрақты, 568-і уақытша жұмысқа орналасты. Жыл басынан бері 1110 жас орталыққа хабарласып, оның 539-ы жұмыспен қамту шараларына қатысты. Атап айтсақ, «Бастау бизнес» жобасына 65 жас қатысып, 289 жас тұрақты жұмысқа, 12 жас әлеуметтік жұмыс орнына, 89 жас қоғамдық жұмысқа, 80 жас «Жастар тәжірибесі» және 2 жас «Ұрпақтар келісі мшарты» бағдарламасымен жұмысқа орналасып, 2 жас қайтарымсыз грантқа ие болды. Биыл «Алғашқы жұмыс орны» жобасымен 25 адам жұмыспен қамтылды.
- Бағдарламада көрсетілгендей жұмыспен қамтылған мүгедектер үлесін ұлғайту бойынша аудандағы еңбекке қабілетті 528 мүгедектігі бар адамның 149 еңбекке араласып, бүгінде бұл көрсеткіш 32,95 пайызды құрады.
Кәсіпкерлерлікті қолдау бағыты бойынша «Бастау бизнес» жобасында 185 адам оқуын аяқтап, жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін жыл басынан бері түрлі санаттағы 20 адамға мемлекеттік қайтарымсыз гранттар берілді. Жас кәсіпкерлерге 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беру жобасы қаражат бөлінбеуіне байланысты әзірге тоқтап тұр, - деді А.Нұрғазина.
2027 жылға дейін «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында мүгедектігі бар адамдарға 1,8 мыңнан астам әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысанын бейімдеу тапсырылған болатын. Жобаны іске асыру шеңберінде «Қолжетімділіктің интерактивті картасы» порталына аудан бойынша 102 нысан енгізілген. Жоспарға сәйкес, 2022 жылы - 16 нысан, 2023 жылы - 15 нысан, 2024 жылы 27 нысанға бейімдеу жұмыстары жүргізіліп, порталға енгізіліп отыр. Биылға белгіленген 25 нысанның бүгінде 12-сі бейімдеу жұмысын толықтай бітірген болса, қалған 13-і жыл соңына дейін аяқтайтын болады.
Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету – бағдарламаның басты міндеттерінің бірі. Соған сәйкес 2023-2027 жылдары ішінде барлық қаржыландыру көздері есебінен 3,5 млн.шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру керек.
Қазіргі таңда тұрғын үй кезегіне 1362 тұрғын тіркелген. Оларды кезегіне сәйкес тұрғын үймен қамтуға 2024 жылы 46 тұрғын үй сатып алынып, сол жылы 13 тұрғын үй және биыл 30 тұрғын үй аталған санаттағы азаматтарға табысталды. Оған қоса аудан бойынша жер телімдеріне бөгет соғылған тұрғын үйлердің тұрғындарын жаңа баспаналарға көшіруге, 7 тұрғын үй алуға 108 000,0 мың теңге бөлініп, қазіргі таңда тұрғын үйді жеке меншіктеріне беру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар ағымдағы жылы аудан бойынша судан зардап шеккен тұрғындарға сот шешімі негізінде 2 тұрғын үй сатып алынып, меншіктеріне берілді. Аталған жұмыстарды іске асыру үшін жергілікті бюджет есебінен 40 000,0 мың теңге қаражат бөлінген.
Биыл жеке тұрғын үй құрылысын салуға инженерлік желілермен қамтамасыз етілген 1322 жер телімі берілді. Аудандағы Есмахан, Көздіқара, Томан, Атамбаев, Бала Ораз, Кеңөріс елді мекендеріне ауыз су жүргізу мақсатындағы басталған құрылыс жұмыстарын биылғы жылы аяқтау үшін барлығы 1 154 663,0 мың теңге қаржы бөлініп, аяқталып отыр.
Бағдарламаның азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейтін тармағы жылжымалы өрт сөндіру модульдік станцияларына сатып алу, жағалауды бекіту жұмыстарын жүргізу, өңірдегі қатты тұрмыстық полигондарын экологиялық талаптарға сәйкестендіру және орман қорының көлемін ұлғайтып, көгалдандыру жұмыстарын ұйымдастыруды көздейді. Қазіргі таңда өрт сөндіру модулінің орнына Төтенше жағдайлар департаментінен ЗИЛ маркалы өрт сөндіру автокөлігі сатып алынды. Махамбет ауылындағы 4,5 шақырым және Алға ауылының 3,2 шақырым Жайық өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары жүргізілуде.
Аудандағы 11 қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны болғанымен, оның ешқайсысы экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкес келмейді. Сол себепті Махамбет ауылындағы 10,5 га жаңа полигонды аталған талаптарға сәйкестендіру мақсатында өткен жылы қоқысты сұрыптау қондырғысы сатып алынып, орнатылған болатын. Бірақ полигон аумағының инженерлік инфрақұрылымы жасақталмағандықтан құрылғыны іске қосу мүмкін болмай тұр. Бұл мәселені шешу үшін қазіргі уақытта «Стримлайн» ЖШС-мен келісім шарт негізінде жобалық – сметалық құжаттамасы жасақталуда. Сондай-ақ бөлім басшысы демеушілік негізінде полигон аумағына орналасатын әкімшілік және өндірістік ғимараттардың құрылысын салуға жұмыстанып жатқанын айтады.
Мәдениет нысандарын салу, жөндеу жұмыстарын жүргізу, спорт секцияларын ашу, спорттық және дене шынықтыру кешендерін салу жұмыстары бойынша аудандық мәдениет,тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Ж.Дүйсембаев мәлімдеді.
- Аудан бойынша Ортақшыл, Сарайшық, Талдыкөл ауылдарына 200 орындық мәдениет үйінің және Махамбет ауылынан 400 орындық мәдениет үйінің жобалау сметалық құжаттамасы жасақталып, аяқталып, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Алға ауылдық 200 орындық мәдениет үйінің жобасына мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысы алынып, жергілікті бюджеттен 5 000,0 мың теңге қаражат бөлінді. Әрі қарай құрылыс жұмыстарын жүргізі, паяқтау үшін қажетті 864 750,0 мың теңге қаржыны облыстық бюджет трансферті есебінен бөлуге облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына хат жолданды. Мамыр айында «Өнерпаз» мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ақтоғай, Бейбарыс ауылдық мәдениет үйлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін Даму жоспарына енгізіліп, қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
2022-2025 жылдарға арналған ауданның аумақты дамыту бағдарламасы бойынша Ақтоғай, Таңдай, Талдыкөл, Есбол, Жалғансай ауылдарына жасанды төсеніші бар ашық спорт алаңдарының құрылысы мен Ортақшыл ауылынан 160 орындық дене шынықтыру кешенінің құрылысын салу жоспарға енгізілген болатын. Таңдай ауылында спорт кешенінің құрылысы аяқталып, қазан айында қолданысқа берілді. Бейбарыс, Ақтоғай ауылдық округтерінде жылдам салынатын модульдік балалар спорт залдары салынуда, - дейді Ж.Дүйсембаев.
Күн тәртібіне ұсынылған тақырыптар аясында бөлім басшыларының баяндамасынан соң аталған мәселелер бойынша фракция мүшелері мен қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, ұсыныстар да айтылды.
Б.МӘЛІКҚЫЗЫ


