Отты жылдар естелігімен бөлісті

Осыдан тура 35 жыл бұрын Кеңес Одағы әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылып, сарбаздар елге оралған еді. Осынау айтулы күнге орай аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «Ауған асуында от кешкендер» тақырыбында ауған соғысы ардагерлерімен кездесу өтті.

 Кездесу кешін аудандық орталық кітапхананың басшысы Шынар Орынбайқызы ашып, Ауғанстанға Атыраудан 534 адам қатысып, оның 14-і қаза тауып, біреуі хабар-ошарсыз кеткенін айтты. Ауған елінен туған жерге оралмаған жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

Кездесуге келген Ауған соғысының ардагері Нұрлан Төлегенұлы өзінің Махамбет орта мектебін бітіргенін, Бауыржан екеуі бірге оқығанын, әскерге де бірге аттанғанын айтты.

Алдымен Түркіменстанда 6 ай оқу-жаттығудан өткендерін баяндады. Алты айдан соң бір түн ішінде 16 жігітті «КамАЗ»-ға мінгізіп, одан пой­ызбен Ауғанстанға аттандырғанын айтты. Олар алдымен Термизға, кейін Ташкурганға келіп түскенін, қасында ауылдан тек Мәлік қана болғанын тілге тиек етті. Мәлікті зениттік артиллериялық полкке әкеткенін, ал өзі БТР айдағанын, бір ай тауда болғандарын Кабулға кетіп бара жатқан керуен тосқауылға ұшырағанын еске алды.

Ардагер Бауыржан Сағындықов та өз естелігімен бөлісті. Ол ротада 28 қазақ болғанын, әсіресе, өзбектер көп болғанын, өзі Ауғанстанға екінші лекпен аттанғанын айтты. Герат провинция­сына, Шиндандқа түскенін, Пушка, Тургендияға оқ-дәрі, жанар-жағармай тасып, Кандагарға дейін барғанын айтты. Көптеген ұрыс қимылдарына, операцияларға қатысқанын, Иранға кетіп бара жатқандарға көгалдан дұшмандар шабуыл жасағанын еске түсірді. Сонымен қатар Фаракта, оның Стат деген жерінде 1986 жылдары 10-15 «КамАЗ»-дың қаңқасы қалғанын көргенін айтты. Иран-Пәкістан шекарасында қанқұйлы ұрыстар жиі орын алғанын да еске алды.

Ауған ардагерлерінің естеліктерінен кейін, кітапханашы Ақмарал Мамешова Б.Смағұлдың «Болмасын соғыс», «Ауғанда болған ардагер» өлеңдерін мәнерлеп оқыды.

Ауған соғысы ардагері Өміржан Қармысұлы да тікұшақпен 20 жігіт Кабулға ұшқандарын, одан Баграмнан гарнизонға бөліп жібергендерін, байланыс батальонында да болғанын айтты. Ауғанстанға бара жатқанын естісе де онша мән бермегенін, жалғансайлық Серік Қисметовті бөлімшеге барғанда көргенін де тілге тиек етті.

Одан әрі Қалмұрат Торбаев әңгімесін алды­мен пойызбен Өзбекстанға барып, 6 ай оқу- жаттығудан өткенінен бастады. Содан өзін Шарабатқа барлау батальонына әкеткенін, тау арасына түсіп, палатка құрып, біраз уақыт сонда болғандарын айтты. Дайындықта мина түрлерін, оны залалсыздандыру, жарылған жағдайда не істеу керектігін, автомат, гранатомет, БТР-да пу­лемет атуға дағдыланғанын айтты. Үш ай полкте болғанда дұшмандарды, керуеннен түскен қару- жарақты көргенін еске алды. Рауза тауында Газиді күзетіп, қорғағандарын, кей жауынгер­лер минаға түскенде екі аяғын жұлып кеткенін, қиындыққа шыдай алмай, қашқан сарбаздар да кездескенін айтты.

Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Асылжан Саматұлы кезде­суге келіп, естеліктерімен бөліскен ардагерлерге алғыс айтып, ауданда ауған соғысына қатысқан жауынгерлерге арнайы белгі қою ойда барын тілге тиек етті.

Кітапханашы Гүлзира Әлібекқызы ауған соғысы жауынгерлері туралы мерзімді басы­лымдардан, Ауған жолдарымен өткен жас сарбаздардың ерліктері туралы баяндайтын «Ауғанстан ақиқаты» атты ауған соғысы туралы бейнебаянды көрсетті.

Ауған ардагерлері атынан кітапхана қорына «Ауған соғысындағы атыраулық жауынгерлер шежіресі» жинағын табыс етті.

Кездесуді аудандық кітапхана басшысы Шы­нар Измагамбетова қорытындылап, кеш мейман­дарына ризашылығын білдіріп, сый-сияпаттар ұсынды.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT