Тұлпар туар құлынды енесінің құрсағынан танитын қазақ үшін жүйрік ұстап, бағым-күтіміне ерекше мән беріп, бәйгеге салу үлкен өнер деуге болады. Әрине, ат жүгірткен атбегілердің бәйгелі болып жатқаны, бағы жанып, ел ішінде аттары шығып қана қоймай, дәулеті тасып, абыройы арта түседі. Соңғы жылдары ұлттық спортымыз тек өз елімізде ғана емес, шет елде де дамып, еліміздің беделінің көтерілуіне ықпал етіп жатыр.
Жуырда Махамбет ауданында құнды қазынамызды қайта жандандырып, жұмыла жұмыс жасап жүрген ат спорты жанашырлары ұлықталды. Кешке жиналған ардагер және орта буын атбегілері, шабандоздар мен көкпаршыларға ат спортының дамуы мен өркендеуіне қосқан шексіз үлесі үшін аудан әкімінің және мәслихат төрағасының Алғыс хаттары табыс етілді.
– Ұлттық спортты дамыту – жас буынның тарихи санасын жаңғыртудың бір жолы. Атадан балаға мирас болған ұлттық ойынымызды дәріптеу – ата-баба алдындағы, ұлтымыздың алдындағы асыл борышымыз. Ат спорты ойындары жастарды патриотизмге баулып, батылдыққа, ептілікке, қайсарлыққа, төзімділікке шыңдайды. Аудан жастарының бойына ат спортына деген қызығушылығын арттырып, ұлттық спорттың, бәйгенің жоғары деңгейде қарқынды дамуына қосқан үлестеріңіз үшін сіздерге алғыс білдіремін. Жүйріктеріңіз топтан оза берсін. Баршаңызға зор денсаулық, шаңырақтарыңызға шаттық, береке- бірлік тілеймін,- деді аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев.
Кездесуге қатысқан атбегілер ат жарысы, көкпар сынды ойындарды өткізетін жерді әр ауылда жасақтап, ұлттық спортты кеңінен насихаттау турасында ұсыныстарын жеткізді. Аудан басшысы бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілетіндігін, орынды ойлар ескерусіз қалмайтындығын айтты. Кеш аудан өнерпаздарының сазды бағдарламасымен жалғасын тапты.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ