Отқа оранған он жыл

1979 жылы Ауғанстан еліндегі мемлекеттік төңкеріс нәтижесінде соғыс оты тұтанды. Бұл қасірет елдің тек өз ішінде ғана емес, сырт мемлекеттердің қатысуымен ұзаққа созылды. Сол кездегі ыстық ұясынан Отан алдындағы азаматтық борышымды өтеймін деп аттанған жас сарбаздардың елге табыт­пен оралатынын кім білген?! Басым көпшілігі жат елде жан тапсырса, ауыр жарақат алып, тірі қалғандары бейбіт өмірдің дүрмегіне бой үйретіп бірден ілесіп кете алмады. Тіпті, соғыста алған жарақаттары жандарына ба­тып, өмірмен қош айтысқандары да болған.

 АУЫР ЖАРАЛАНЫП, ҚАЗА ТАПТЫ

Небәрі он сегіз жасында шайқаста ауыр жараланып, жат жерде жан тапсырған жерлесіміздің бірі - Алаш Тұржанов Ізімұлы еді. Ол 1966 жылы 25 қаңтарда Гурьев облысы, Махамбет ауданы, Егізкөл елді мекенінде дүниеге келген. Қосарал (сол кездегі Фур­манов) орта мектебін бітірген соң, аудандық әскери комиссариатының жолдамасымен №10 кәсіптік-техникалық училищесінің үш айлық жүргізушілік курсында оқиды.

1984 жылы 9 мамырда КСРО Қарулы Күштерінің қатарына Махамбет аудандық әскери комиссариатынан шақырылған. Әскери алты айлық оқу-жаттығу курсын Аш­хабад қаласында өткізді.

1984 жылдың 22 қарашасынан Кеңес әскерінің Ауғанстандағы шектеулі контингенті құрамында әскери борышын өтеді. 1985 жылы 2 ақпанда Чарикар елді мекенінде тұтқиылдан дұшмандармен болған ірі шайқаста олардың автоколоннасы атыстың астында қалған. Ол БТР машинасының нысанашы-мергені бо­лып, дұшманның бірнеше атыс нүктесін жою кезінде ауыр жараланып қаза тапты. Қатардағы жауынгер Алаш соғыста көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды (қаза тапқаннан кейін). Махамбет ауданы №13 ауылдағы зиратқа жерленген.

Жат жерде қаза тапқан жас жауынгерге жерлестері Махамбет ауылынан көше атын берді.

47 ЖАСЫНДА ӨМІРДЕН ӨТТІ

1979 жылы КСРО Қарулы Күштері қатарына шақырылып, одан әрі екі жыл бойы Кеңес әскерінің Ауғанстандағы шектеулі контингенті құрамында әскери борышын өтеген сарбаздың бірі – Бағытжан Тұрғалиев Қалиұлы. Ол 1961 жылы 2 науырызда Махамбет селосында дүниеге келген. Ұрыс даласынан елге оралған жауынгер Бағытжан ауылды өркендетуге өз үлесін қосып, құрылыс саласында еңбек етті.

Ауған жерінде көрсеткен ерлігі үшін «Ин­тернационалист жауынгерге ауған халқы аты­нан», «КСРО Қарулы Күштеріне – 70 жыл», «Ұрыс әрекеттерінің ардагеріне», «Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 15,20 жыл» медальдарымен, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының грамотасымен марапатталды. Алланың берген өлшеулі ғұмырын сүрген Бағытжан Қалиұлы 47 жасында өмірден өтті.

ЕРЛІГІ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАДЫ

КСРО Қарулы Күштерінің қатарына 1979 жылы мамырда Махамбет аудандық әскери комиссариатынан шақырылғандардың қатарында Балтабай Жаңбыров Әжімбайұлы да болған.

Ол 1959 жылы 16 ақпанда Гурьев облысы, Қызылқоға ауданы, Тайсойған ауылында туған.

1977 жылы Махамбет ауданы, Алмалы селосында орта мектепті аяқтап, Гурьев қаласындағы ДОСААФ мектебінен көлік жүргізуші мамандығын алып шыққан. Балтабай алғашқы алты айлық әскери жаттығуды Ленинград қаласында өтеп, Кеңес әскерінің Ауғанстандағы шектеулі контингенті құрамында 1979 жылдың желтоқсанынан 1981 жылдың мамыр айына дейін болған. Шынданд қаласында әскери көліктің жүргізушісі, кейін топогеодезист болып интернационалдық бо­рышын атқарған.

Елге оралғаннан кейін еңбек жолын Гу­рьев көкөніс-сүт совхозында бастайды. Кейін 1996 жылы совхоз тараған соң жеке кәсіпкер ретінде жолаушылар тасымалымен айналысқан.

Оқ пен от ортасында әскери борышын аман-есен өтеп, елге оралған Балтабайдың да ерлігі ескерусіз қалмады. Ол да «Интерна­ционалист жауынгерге ауған халқы атынан», «КСРО Қарулы Күштеріне – 70 жыл», «Ұрыс әрекеттерінің ардагеріне», «Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 15,20 жыл» медальдарымен, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының грамотасымен марапатталды.

ДҰШМАНДАРҒА ҚАРСЫ ТӨТЕП БЕРГЕН

Ауғанстанда әскери тапсырманы мүлтіксіз орындап, қиын-қыстау сәттерден жол та­уып, ерлік көрсеткен жауынгерлер еліне демалысқа жіберілген. 1979 желтоқсаннан ба­стап Кеңес әскерінің Ауғанстандағы шектеулі контингенті құрамында әскери борышын өтеп, 1980 жылдың қараша айында Фарах провин­циясында дұшмандардың қарулы күштерін жою кезіндегі ерлігі үшін елге демалысқа жіберілгендердің бірі Жұмажан Мақтымқұлов Мұратұлы еді.

Жат жерде әскери қызметін адал өтегені үшін «Интернационалист жауынгерге ауған халқы атынан», «КСРО Қарулы Күштеріне – 70 жыл», «Ұрыс әрекеттерінің ардагеріне», «Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 15,20 жыл» медальдары мен КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының грамотасы берілді.

Ол 1958 жылы Махамбет ауданына қарасты 15-ші ауылда дүниеге келген. 1976 жылы Сарайшық орта мектебін, №91 кәсіптік- техникалық училищесін «Кең көлемде ма­шинист-тракторист» мамандығы бойынша бітіреді. Одан кейін ауылда құрылысшы бо­лып жұмыс істеген.

1979 жылы КСРО Қарулы Күштері қатарына шақырылып, маусымда Ресейдің Став­рополь қаласында АПА-5 машинасының жүргізушісі мамандығы бойынша 6 ай оқу жаттығудан өткен. Жұмажан елге келген­нен кейін құрылыс бригадирі болып қызмет етті. Еңбегі еленіп, бірнеше Құрмет грамо­тасы, «Үздік құрылысшы», «Үздік бригадир» мадақтауларына ие болды.

Жұбайы Хайрушева Зәмзәмен екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан немере­лер сүйген жауынгер Жұмажан 2017 жылы қайтыс болды.

ОН ЖЫЛҒА СОЗЫЛҒАН ОЙРАН БАЛАСЫН, БАУЫРЫН, АҒАСЫН, ІНІСІН МАЙДАНҒА ШЫҒАРЫП САЛҒАН ОТАНДАСТАРЫМЫЗ БЕН ҚАНДЫ ҚЫРҒЫННЫҢ ОРТАСЫНАН ОРАЛҒАН САРБАЗДАРДЫҢ ДА ЖҮРЕГІНДЕ МӘҢГІЛІК ЖАРА БОЛЫП ҚАЛДЫ.

Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT