Махамбет ауданына қарасты білім беру ошақтарында Жошы Ұлысының 800 жылдығына орай «Алтынордалық Сарайшық мұралары» атты жылжымалы көрмесі өтуде. Мақсат – мектеп оқушыларын өлке тарихымен таныстырып, ғылымға қызығушылығын ояту.
«Сарайшық» тарихи-мәдени музей-қорығы ұйымдастырған кезекті жылжымалы көрме Қарабай Қалыбеков атындағы Сарытоғай орта мектебінде жалғасты. Көрмеге музей-қорықтың көрме залдарынан орын алған қыш құмыралар, сырланған ыдыстар, соғыс мезгілінде пайдаланылған ядролар, нумизматикалық жәдігерлер қойылды. Сондай-ақ, көрме барысында мектеп оқушыларына «Ортағасырлық Сарайшық қаласының өркениеті» дәрісі оқылып, «Кім, қашан, қайда?» интеллектуалды ойыны ұйымдастырылды. Көрмеден ерекше әсер алған оқушылардың бірі Гүлсезім Қанат болашақта музейге барып, құнды жәдігерлерді көргісі келетінін айтады.
– Бүгін біздің мектепке «Сарайшық» музейінен көшпелі көрме келді. Біздерге тарихи заттарды таныстырды. Музей қызметкерлері жәдігерлерді көрсеткен кезде оның қандай маңызы бар, қандай рөл атқаратынын түсіндірді. Біздер осы көрмені ұйымдастырғандарға рахмет айтамыз. Мен болашақта музей-қорыққа барып, барлық жәдігерді көргім келеді,- дейді оқушы.
Музей-қорық қызметкерлері ғылымға көңіл бөліп келеді. Өткен жылы бірнеше жерде археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 100-ге жуық күміс, мыс тиындар, әр түрлі моншақтар, сүйектен жасалған бұйымдар табылды. Бүгінде Сарайшық тарихи мәдени музей- қорықта 5000-ға жуық жәдігер сақтаулы.
– Мектеп оқушыларын қазірден белгілі бір пәнге бағдарлау негізгі мақсат болып есептеледі. Біздер түсіндірген тарихи мәліметтер арқылы көрмеден кейін оқушылардың тарих пен ғылымға қызығушылығы оянса, бұл біздің – жеңісіміз,- дейді «Сарайшық» тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми қызметкері Жүніс Байғалиев.
Иә, музей - қорықты жәдігерлермен толықтыру – маңызды. Өйткені, биыл кезекті Ұлттық құрылтай Сарайшықта өтпек. Айта кету керек, «Сапар орталығы» ашылғалы музейге келушілер саны да артып, 20 мыңнан астам турист келген. Отандастарымыздан бөлек, Англия, Швейцария, Америка Құрама Штаттарынан шетелдік қонақтар да Сарайшыққа ат басын бұрыпты.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ