Ауған жерінде интернационалдық борышын өтеген жандардың бірі – Сапанов Қайрат Жұбанұлы. Ол 1967-1977 жылдары Чкалов атындағы орта мектепте оқып, орта білім алған. «ПМК-904» мекемесінде жұмысшы болып еңбек жолын бастайды. Ол 1978 жылы СПТУ-91-ден жүргізуші мамандығын алып шыққан соң «1 май» совхозында жүргізуші болып жұмыс істеген.
1978 жылдың қазанында әскер қатарына шақырылып, алғашқы кезде әскер Ақтөбеде жасақталып, Венгрияға жіберілген екен. Ол Венгрияның Санбатхи қаласындағы №47993 әскери бөлімшесінде бронетранспортер жүргізушісі (БТР) болған. 1980 жылы Ауғанстанға 1920 МСП-қа жіберілген. Көптеген әскери ұрыс-қимылдарына қатысып, елге 1981 жылдың қаңтарында оралады. Ауған жеріндегі ерлігі үшін жауынгер «Ауғанстан Республикасында әскери ерлігі мен қажымас қайрат-қажырлығы үшін интернационалдық борышын өтеген интернационалист -жауынгерге» (1988), «СССР Қарулы Күштеріне –70 жыл», «Интернационалист жауынгерге Ауған халқы атынан» медальдарын, Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 15,20,25 жыл медальдарымен марапатталған.
Елге оралған соң Қайрат 1981-2001 жылдары «1 май» совхозында, ал 2001-2008 жылдары «Атыраумұнай» мекемесінде еңбек еткен. Сонымен қатар 2008-2016 жылдары «КазСтройСервис», ал 2017-2023 жылдары КТР мекемесінде де жұмыс істеп, зейнеткерлікке шығады. Отбасында жолдасы Шолпан екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген. Шолпанның мамандығы – мұғалім. А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектепте көп жылдай ұстаздық еткен. Қазір екеуі де – зейнеткер. Бүгінде немерелер қызығына кенеліп отырған жайы бар.
Қайрат Жұбанұлы сол сұрапыл жылдарды былай деп еске түсірді:
- Ауған жерінде махамбеттік Боранов Аманжол, Тілекбай, Алтай(кейін қайтыс болды)бәріміз бірге болдық. Тек әр ротада әскери борышымызды өтедік. Мен Венгрияның Санбатхи қаласындағы №47993 әскери бөлімінде бір жылдай бронетранспорт жүргізушісі болып әскери борышымды өтедім. Ал 1979 жылдың желтоқсанында Ауғанстанға түстік. Мен Пәкістанмен шекаралас Газиде №191 мотоатқыштар ротасында жаяу әскерде БТР жүргіздім. Бірнеше маңызды операцияларға, ұрыс-қимылдарына жаяу әскерді тасып, солармен бірге қатыстым. Бізді үш ай оқу-жаттығуларына, БТР-ді басқаруға Венгрияда үйреткен. Апатқа ұшырағанда, минаға түскенде жағдайдан қалай шығу айла-амалдарын да үйреткені есімде. Мен екі рет минаға түскен адаммын. Бірақ адам ажалы жетпесе өлмейді екен. Дұшмандар кез келген жерге, тау-тасқа, төмпешік, жазық жердің өзіне мина көміп, граната тастайтыны бар. Ол жақтың жерлері таулы аймақ. Ал жолдары есек арбаның жалғызаяқ жолы, сүрлеу ғана.
Бір күні кезекті ұрыс қимылдарынан қайтып келе жатқанда жолға мина(қолдан жасалған мина) көміп қойыпты. Мен алдыңғы лекте келе жатқам. БТР-мен мен өткен соң гүрс етіп, мина жарылғаны. Арттағы колонна жарылыстан соң тоқтап қалыпты. Бұл менің бірінші ажалдан аман қалуым еді.
Тағы бір ерекше оқиға Саланга шатқалында жерасты жолынан өтетінбіз. Іші қапырық, оқ- дәрі иісі қолқаны қауып, сол жерден 17 адамдай көз жұмған екен. Мен де колоннаны бастап келе жатқан едім. Машинам жарға соғылып тоқтап қалыпты. Өзім ес-түзсіз жатқан екенмін. Қанша уақыт жатқаным белгісіз. Хабар түсісімен артымыздан басқа бөлімнен қарауылда тұрған жігіттер көмекке келіпті. Солар мені тауып алып, арқалап алып шыққан. Автокөлікке салып, мүсәтір спиртін иіскеткенде есімді жидым. Бізді сол көлікпен сарайы бар бір жерге әкелді. Есім кіресілі-шығасылы тағы да ұйықтап кетсем керек. Бір уақытта шошып оянсам, қатты тоңып жатыр екенмін. Сарай ішінде қасымда басқа жаралы жігіттер бар болып шықты. Мен орнымнан тұра сала көлігімді іздедім. Маған «Көліктер анау жерасты жолында қалды. Ол жаққа баруға болмайды. Сен онда барғанмен, оны айдап шыға аласың ба?» деп сұрап жатыр. Ротадағы өзбек жігіт, тағы бір қазақ жігіт үшеуміз рұқсат алып, кірсек, машинам тұр. Айнала толған өлген жауынгерлер. Содан БТР-ге отырсам қызбайды. Басқа БТР-мен офицер келіп, көлікті шығарысты. Қою қара түтіннен түркістандық Еркін деген жігіт те сол жерде қаза тапты. Міне, осылай екінші рет ажалдан аман қалдым. Сонымен қатар барлауға екі жауынгермен шыққан бөлімше командирі де минаға жарылып, қаза тапқан еді. Көбі сақтанып жүруге, аса мұқият, сақ болуға тырысатын. Бәрі бұйырмысқа байланысты деп ойлаймын.
Тауға бір шықсаң түсу қиын. Сондықтан тауға шығарда сарбаздар тамақ, сумен қатар оқ-дәріні көбірек алуға тырысатын. Әрине, сусыз қиын. Еш жерден су таппайсың. Кишлактағылар басқыншы деп есептегендіктен Кеңес жауынгеріне бір жұтым су бермейді. Жергілікті тұрғындар Кеңес әскері қоныстанған жерлердің құдықтарын улап кетеді деп еститінбіз. Дұшмандармен ұрыс –қимылдарына жалдамалы пәкістандық әскерлер де қатысып, талайы жер жастанды, оққа ұшты.
Біз келген жылдары жататын палаткамыз шағын ғана еді. Ортада «буржуйка» пеш тұратын. Ауған соғысының алғашқы жылдары кейбір дивизия-роталар жеркепе қазып, сонда тұрыпты. Тіпті тамақ, су тапшылығын көргенін естідік. Ауыл халқының тұрмысы нашар еді. Берген тамақты үлкендер жағы алмайтын. Ал балалары таласа-тармаса алушы еді. Ауған халқы – өте намысқой, ержүрек халық. Жалпы мен Ауған жерінде қазақтар тұрады деп мүлдем ойламап едім. Бір күні жігіттер «Саған жерлесің келіп тұр. Сені іздеп келіпті, шақырып жатыр» дегесін шықсам, ауғандық киім киген қазақ жігіт тұр. Қатты таң қалдым. Қасында оранған, паранжа киген әйелі бар. Ол баласын көтеріп алған екен. Жігіттің басында чалма, бар киімі ауғандық стильде. Мен «Қай жерденсің? Руың кім?» деп сұрадым. «Қызылорда» деп қояды. Өздері мал бағып, саудамен айналысады екен. «Ата-бабамыз Қызылордадан кеткен екен ертеректе. Мен осы жерде туғанмын. Бұл жақта 400 түтін(отбасы) бар. Сіз де сол жақтансыз ба? Кімдерді танисыз? Менің туысқандарым сол жақта тұрады» деп қояды. Мен Атырау облысында тұратынымды, Қазақстан өте үлкен екенін, Қызылорданы білмейтінімді айттым. Қытай, Иран, Түркия асып, содан Ауғанстанға табан тіресе керек. Жігіттің өзі саудамен шұғылданып, Үндістан, Иран, Пәкістанға дейін баратынын, ол жақтан маталар әкеліп, киім тігетінін айтты. Олар соғысқа қатыспайды, тек киім-кешек саудасымен шұғылданатын болып шықты. Үй-жай, дүкені де бар. Жағдайлары жақсы екені көрініп тұр. Қызылорданы қайта-қайта сұрап, туысқандарына сәлем айтып жатыр. Мен елден қанша жыл жырақта жүрсе де қазақ тілін ұмытпағанына қайран қалдым, - дейді Қайрат Сапанов бізбен әңгімесінде.
Бейбарыстық Ауған соғысының ардагері Серік Ермағанбетов Ауған жеріндегі әскери қызметіне сонау Германиядан кеткенін айтады.
–Мен 1979 жылы Ресейдің Ставрополь қаласында 6 айдай оқу-жаттығуларына қатыстым. Одан әрі Германияға кеттік. Ауғанстанда соғыс басталғанын Германияда жүрген кезде теледидардан көргенбіз. Бізді Ауғанстанға жіберетінін сол кезде-ақ сездік. Сонымен 1979 жылдың қазанында Ташкентке, одан Баграмға түстік. Айнала тау. Бір жазық жер көрмейсің. Біз үлкен палатка құрып, бәріміз сонда тұрдық. Термизден соғыс техникаларын, БТР, танктерді қабылдап алдық. Олардың бәрін базаға тасыдық. Кейін автокөліктерді ротамызға бөліп берді. Мен де мотоатқыштар ротасында №8 ротада қызмет еттім. Мен де БТР жүргізушісі болдым. Арнайы операциялар кезінде жаяу әскерді тасимын. Біз жеке-жеке жүрмейміз, бәріміз автоколонна болып, 20-30 машинамен жүретін едік. Кез келген уақытта дұшмандар тау басында жатып, автоколоннаны көздейтін. Соған қай кезде болсын дайын болуың керек. Бізге БТР-ді қалай басқаруды, тұтқиылдан шабуылға тап болған жағдайда қалай шығу керектігін үйретті. Әрине, басында біраз қиындықтар кездесті. Бірақ кейін үйреніп кетеді екенсің. Көптеген ұрыс- қимылдарына қатыстық. Талай жора-жолдастардан операциялар кезінде көз жазып қалдық. Минаға автокөлігі жарылып, тіпті екіге бөлініп қалса да өзі тірі қалған жауынгерді көргенмін. Өте қиын жағдай. Жаның ауырады, еске алудың өзі қиын.
Елге 1981 жылдың маусымында келдім. Көп жылдай Бейбарыста «1 май» совхозында жүргізуші болып еңбек еттім. Ал 1996 жылы «Ермағанбетов» шаруа қожалығын құрып, егін, бау-бақшамен айналыстық. Кейін мал шаруашылығына көштік. Жеке шаруашылыққа бет бұрғанымызға 28 жылдай болды. Жолдасым Қалима екеуміз 4 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірдік. Бүгінде ұл-қызымыз өсіп-өнді, оқып, бір-бір мамандық иесі атанды. Қыздарым тұрмыс құрып, ұлдарым үйленген, кенжем ғана студент. Жолдасым Қалима ұзақ жылдай ұстаздық етті, қазір зейнеткерлікке шықты,- дейді Серік Ермағанбетов.
Ауған соғысының ардагері Серік ағамыз да өзге қаруластары секілді «КСРО Қарулы Күштеріне-70 жыл», «Интернационалист жауынгерге Ауған халқынан», «Ұрыс әрекеттерінің ардагеріне», Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 15,20,25 жыл медальдарымен марапатталған.
Иә, жастығын жат елде ұрлатып, соғыс қимылдарына қатысқан Ауған соғысы ардагерлеріне тағзым етеміз. Ерлік істер ешқашан ұмытылмайды!
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА