Жалпы мен 1984 жылы Гурьев педагогика институтының бастауыш сынып мұғалімі факультетін, 1994 жылы Атырау пединститутының филология факультетін бітіргенмін.
Ұзақ жылдар бойы Қосарал орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті, дінтану пәндерінен дәріс бердім. Кейін мектеп кітапханасында кітапханашы да болдым. Жылдар бойғы ұстаздық еңбек жолымда мыңдаған шәкірттер баулып, өмір мектебінен үйретуден жалыққан емеспін. Ісімді жаңа педагогикалық инновациялық, ақпараттық технологиялармен байланыстырып, оқыту мен оқудың жаңа әдіс-тәсілдерімен қаруланып, талай облыстық, республикалық, іскерлік, әдістемелік семинарларда баяндама, ашық сабақ, шеберлік сыныптарын өткіздім.
Оқытудың «Сатылай кешенді талдау», «Жобалап оқыту», «Үш өлшемді педагогикалық әдісі», «Назарбаев зияткерлік мектебі», «Білім берудің жаңа әдіс-тәсілдерінің 7 модулі», «Ірі және кіші блокты оқыту» т.б. технологияларын меңгеріп, жұмыста оны тиімді қолдандым. Пән бойынша мұғалімдер олимпиадасының аудандық, облыстық кезеңдерінен бірнеше рет жүлдегер атандым.
Сонымен қатар облыстық, аудандық, республикалық «Жыл мұғалімі-1996» байқауының бас жүлдесін иемдендім. Мен «Бала Ораз Өтебайұлының шығармашылығы» таңдау курсы, «Дінтану негіздері» факультативтік курсы бағдарламасының (9 сынып) авторы ретінде танылдым. Жаңа буын оқулықтарының мазмұны мен сапасын жіті қадағалап, тиісті ескерту-пікірлерімді білдірген кездерім де болды.
Ұстаздық еңбек жолымда еңбегім еленіп, түрлі марапаттар алдым. Мәселен, 1996 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет» грамотасы, ҚР Білім беру ісінің үздігі атансам, 2010 жылы ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері төсбелгісін өңіріме тақтым. Сондай-ақ ҚР Президентінің песпубликалық, облыстық кадрлар біліктілігін арттыратын институтының, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің, Махамбет ауданы әкімінің, аудандық білім бөлімінің «Алғыс хаттарын» иемдендім.
Сонымен қатар «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ творчестволық бірлестігінің, Ы.Алтынсарин медалінің иегері атандым. Халықаралық Ұстаздар Одағының мүшесі, 2015 жылы ҚР Білім және ғылым әлемі республикалық ғылыми-әдістемелік және педагогикалық басылымының «Құрмет» грамотасына ие болғаным да бар.
Бүгінде мен аудандық аналар кеңесінің төрайымы, кәсіби емес медиатор, билер кеңесінің мүшесі сынды қоғамдық жұмыстарды қатар атқарып жүрмін. Отбасы құндылықтарын сақтауда медиацияның, билер кеңесінің алатын орны ерекше. Ауыл-елді мекендерді аралап, халықпен жүздесіп, кәсіби емес медиатор ретінде сот отырыстарына да қатысамын.
Жібек Шамалиқызы,
аналар кеңесінің төрайымы.