Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ!

Биылғы жылдың алты айының өзінде отбасы-тұрмыстық қатынастар саласы бойынша Махамбет ауданында 78 жағдай тіркелген.

Мамандардың айтуынша, отбасындағы зорлық-зомбылықтың орын алуына көп жағдайда ішімдік пен жұмыстың жоқтығы сеп болып отыр. Осы орайда тұрмыстық зорлықзомбылықтың алдын алу және жолын кесу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы халықты ақпараттандыру және қоғамда отбасының рөлін нығайту мақсатында «Отбасында зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» акциясы өтті. Іс-шараның негізгі көздегені дәстүрлі құндылықтардың және қоғамның адамгершілік қағидаларын жаңарту, азаматтардың полицияға деген сенімін нығайту. Бұл акцияға мүдделі мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар және бұқаралық ақпарат құралдары тартылды.

Махамбет ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері акция туралы ақпараттары бар жадынамаларды халық көп шоғырланатын орындарға іліп, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, акцияға белсенділік танытуға шақырды. Сонымен қатар аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты Л.Қуанышбаева ерікті жастармен кездесіп, тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы төңірегінде ой өрбітіп, профилактикалық әңгімелесу өткізді. Іс-шара аясында «Ақ лента» акциясы да ұйымдастырылып, тұрғындарға ақ ленталар мен жадынамалар таратылды.

- «Ақ лента» акциясын өткізудегі басты мақсат – әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесіне назар аудару. Әйел адамға, қыз балаға ешқандай зорлық-зомбылық жасалмауы керек. Бұл акция арқылы зорлық-зомбылықтың кез келген көріністеріне қарсы тұруға шақырылды. Егер сіз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың куәгері немесе құрбаны болсаңыз «102» немесе 2-11-32 желісіне хабарласа аласыз. Әрекетсіздік адам өміріне залалын келтіретіндігін ескертеміз, - дейді Л.Қуанышбайқызы.

Қ.АЙТҚАЛИҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT