Қ.Қалыбеков атындағы Сарытоғай орта мектебіне қарасты «Арай» жазғы демалыс лагері өз жұмысын бастады.
Сонау 1973 жылы «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамдық ұйымның қолдауымен салынған тынығу лагерінде талай балақайдың қызықты балалығы өткені анық. Әрбір оқу жылы соңында аудандағы барлық мектептің аз қамтылған, көпбалалы,жартылай жетім отбасы балалары лагерьге келіп, тынығып қайтады. 2017 жылы «Арай» демалыс лагеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүріп, 2021жылдың жаз мезгілінен бастап демалушыларды қабылдады. Барлық санитарлық талаптарды сақтай отыра, әр кезеңде демалушы балалар 10 күн уақытын лагерьде өткізетін болады.
- Он күннен кейін лагерь аумағы,ғимараттар толықтай дезинфекцияланып, келесі кезеңді қабылдауға дайындаймыз. Балалардың барлығы ПТР-тесттен өткеннен кейін лагерь аумағында маскасыз жүре беруге болады. Алғашқы кезеңде 37 бала демалды. Бала саны өңірдегі ахуалға байланысты, яғни «сары», «жасыл», «қызыл» аймақтың қайсысына қосылады, сол бойынша өзгеріп отырады. Өкімге сәйкес 480 оқушы қамтылуы керек. «Қызыл» аймақта болатын болсақ, оның 50 пайызы ғана қамтылатын болады,- дейді мектеп директоры Р.Балтабайқызы.
Айта кету керек, лагерьде алғашқы кезеңде демалушылардың ПТР-тесттен өтуі демеушілер тарапынан жүзеге асқан. Ал екінші кезеңде ата-аналар өздері қолдау білдірмек.
«Берсең, балаға бер, шын қуанады» демекші, жазғы демалыстарында үйде қамалмай, «бір сәт бой сергітіп қайтсын» деген ата-ананың істері құптарлық, әрине.
А.ҚАЗБЕК