Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында цифрландыруды кең көлемде дамыту және жасанды интеллектіні жаппай енгізу басты әрі біріктіруші идея ретінде айқындалды. Бұл – уақыт талабы. Қазақстан жасанды интеллект саласында бәсекеге қабілетті елге айналуы тиіс.
Бүгінде білім беру жүйесі де цифрлық дәуірмен бірге қарқынды дамып келеді. Жас маман, бастауыш сынып мұғалімі ретінде мен жасанды интеллекттің оқу-тәрбие үдерісіндегі маңызын күнделікті жұмыс барысында айқын сезінемін. Жасанды интеллект – мұғалімді алмастыратын құрал емес, керісінше, ұстаз еңбегін жеңілдетіп, сабақты қызықты әрі нәтижелі ұйымдастыруға мүмкіндік беретін заманауи көмекші.
Бастауыш сынып оқушылары үшін көрнекілік пен қызығушылықтың маңызы зор. Осы тұрғыда жасанды интеллектке негізделген білім беру платформалары, интерактивті жаттығулар мен ойындар балалардың сабаққа деген ынтасын арттырады. Тапсырмаларды автоматты түрде бейімдейтін бағдарламалар әр оқушының жеке қабілетін ескеруге жол ашады. Бұл – сыныптағы үлгерімі әртүрлі балалармен жұмыс істеуде үлкен қолдау.
Сонымен қатар, жасанды интеллект мұғалімнің уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Үй тапсырмасын тексеру, оқу жетістігін талдау секілді жұмыстарды цифрлық жүйелер арқылы жедел орындауға болады. Нәтижесінде ұстаз оқушымен жеке жұмыс жасауға, тәрбиелік бағыттағы әңгімелерге көбірек назар аударады.
Дегенмен, жасанды интеллектті қолдануда жауапкершілік қажет. Бастауыш сынып жасындағы бала үшін тірі қарым-қатынас, мұғалімнің мейірімі мен қолдауы әрдайым бірінші орында болуы тиіс. Сондықтан жасанды интеллект – қосымша құрал ғана, ал білім мен тәрбиенің басты тұлғасы – мұғалім болып қала береді. Жас маман ретінде жасанды интеллектті білім сапасын арттыруға бағытталған тиімді мүмкіндік деп санаймын. Оны дұрыс әрі орынды қолдану болашақ ұрпақтың саналы, білімді болып қалыптасуына зор үлес қосады.
Аруна ЕСЕНЖАН,
Д.Төленов атындағы жалпы білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі


