Сарытоғай мәдениет үйінде «Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» акциясы өткен еді. Оны аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрғали Аруев ашып, отбасындағы зорлық-зомбылық қоғам үшін күрделі мәселе екенін атап өтті. Отбасындағы зорлық- зомбылықтың алдын алу, қоғамға салауатты қарым-қатынас, құқықтық мәдениет қалыптастыру мақсатындағы акцияға Отбасын қолдау орталығының мамандары да қатысты.
Аудандық отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының аға инспекторы, полиция капитаны Арайлым Сапарғалиева:
- Еліміз бойынша зорлық-зомбылық – өзекті мәселе. Осы орайда қазір республика бойынша «Зорлық- зомбылықсыз Қазақстан» акциясы өтіп жатыр. Кімде-кім жеке тұлғаны ұрып-соғып, қасақана денсаулығына зиян келтірсе, арнайы 73-бапқа сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ал, қылмыстық жауапкершілікке тартылған тұлғаларға ескерту, татуласу, 5-15 тәулікке қамау шаралары алынады. Аудан бойынша денсаулығына қасақана зиян келтіру бойынша 6 қылмыс тіркеліп, оның біреуі Алға ауылында болды. Отбасында зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдің тұрғылықты жері болмаса, ол Атыраудағы дағдарыс орталығына орналастырылады. Дипломы болса, жұмыс тауып баласын балабақша беруге мүмкіндігі бар. Өткен жылы осындай бір әйел алты баласымен орталыққа қабылданып, биылғы жылы бір әйелді 5 баласымен дағдарыс орталығына жібердік. Егер де сіз осындай отбасылық әлімжеттікті, қылмысты естіп-көрген болсаңыз, 102, 110 телефондарына хабарласу керектігін қаперге береміз,-деді қонақтарға акцияның мақсатын түсіндіріп.
Іс-шара кезінде аудандық жастар ресурстық орталығымен бірігіп түсірген «Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан!» бейнеролигі көрсетіліп жатты.
Аудандық отбасын қолдау орталығының психологі Айкөркем Жардемова отбасындағы зорлық- зомбылық, мектептегі буллинг тақырыбында тренингтер өткізді. Оған 12 жас қатысып, бірінші топ мектептегі буллингті, ал екінші топ отбасындағы зорлық-зомбылыққа тоқталды. Бірінші топ оқушы буллингке қалай ұшырайтынын, мектепте мұғалімнің айқайлауы, депрессияға ұшырау, сыныптастарының ойнап, кекету арқылы буллинг жасауы мүмкін екенін алға тартты. «Бұдан қандай шешім шығады?» дегенде сала маманы психологқа, учаскелік полиция инспекторына жүгіну керектігін, ата-анасымен ашық сөйлесу, коммуникация, бейнебақылауды көбейту керек деді. Ал екінші топ отбасындағы зорлық-зомбылықты көрініс түрінде көрсетті. Баланың көзінше маскүнем әкенің анасын ұрып-соғуы, оны полиция келіп құтқаруы, ұлы мен әйелге отбасын қолдау орталығы мамандарының қолдауы көрсетілді. Акцияны аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Н.Аруев қорытындылап, қатысушыларға алғыс айтты.
А.ТЕКЕБАЙ