Ел бірлігінің алтын діңгегі

Тілхалықтың жаны, ұлттың жүрегі. Мемлекеттік тілтек қатынас құралы ғана емес, елдігіміздің, тәуелсіздігіміздің басты белгісі. Қазақ тіліғасырлар бойы ата-бабамыздың аманатын арқалап, ұлттың рухын сақтап келген киелі мұра.

Ел тағдырымен сабақтас бұл құндылықтың мәртебесін көтеру – баршамыздың ортақ бо­рышымыз. Тәуелсіз ел ретінде танылғанымызға отыз жылдан асты, сол уақыт ішінде қазақ тілінің қолдану аясы жылдан жылға кеңейіп келеді. Мемлекеттік қызметте, білім беру мен БАҚ саласында қазақ тілінде еркін сөйлейтін, жаза алатын мамандар қатары артты. Бұл – егемен елдің ең үлкен жетістіктерінің бірі.

Бүгінгі таңда елімізде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, қолдану аясын кеңейту бағытында бірқатар нақты жұмыстар жүзеге асырылуда. Бұл — ұрпақ санасына ана тілін ардақтау сезімін сіңіру үшін аса маңызды. Бірақ заңмен бекітілген мәртебе мен шынайы өмірде қолданылу арасындағы алшақтықты азайту үшін әр азаматтың үлесі қажет.

Мемлекеттік тілдің дамуы ауыл­дан басталады. Ауыл – тілдің табиғи ортасы. Жалғансай ауылдық кітапханасында тіл мерекесіне орай әртүрлі әдеби кештер, мәнерлеп оқу сайыстары, тілге байланы­сты танымдық бұрыштар ұйымдастырып келеміз.

Кітап оқу мәдениетін насихаттай отырып, біз оқырмандарды тіл тазалығын сақтауға, әдеби тілді меңгеруге үндейміз. Себебі тіл тек сөйлеу құралы емес, ол – ойлау, тану, даму құралы. Тіл арқылы адам білім алады, рухани биіктейді, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіреді.

Қазақ тілінің болашағы – жастардың қолында. Олар тек сөйлеуді ғана емес, са­уатты жазуды, әдеби мұралармен сусындауды үйренуі тиіс. Бұл ретте кітапхана – рухани тәрбие мен тіл насихатының маңызды ордасы. Жаңа технологиялар мен цифрлық ресурстарды пайдалану арқылы біз мемлекеттік тілді заманауи үлгіде насихаттауға тырысамыз.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Қазақ тілі – ұлтаралық қатынас тіліне айналуы тиіс» деп атап өтті. Бұл – әрбір азаматқа жүктелген міндет. Мемлекеттік тілді шынайы құрметтеу – ұлтқа, мемлекетке деген құрметтің белгісі. Бұл жолда білім беру мекемелерімен қатар, ауылдық кітапханалар да өз үнін қосып келеді.

Бүгінгі буынның парызы – ана тіліміздің қадір-қасиетін біліп, оны қастерлеу. Тілді сақтау – ұлтты сақтау. Қазақ тілі – біздің болмысымыздың тірегі, елдігіміздің айғағы. Сондықтан ертеңгі ұрпаққа рухани бай, тілге бай мұра қалдыру үшін ба­рымызды салайық!

Г.НҰРБАЕВА,

Жалғансай ауылдық кітапхана меңгерушісі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT