Ауданның тыныс-тіршілігіне бейжай қарамайтын Махамбет тұрғындары мен әкімнің ашық диалог алаңында бас қосуы — ел мен билік арасындағы байланыстың берік екенін көрсетеді. Аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев Махамбет ауылдық округі тұрғындарымен кездесіп, елді мекенде атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде кеңінен мәлімет берді.
Кездесуде ауылішілік жол құрылысы басты назарда болды. Атап айтқанда, Махамбет ауылының 8,3 шақырым ауылішілік жолдарын төсеудің І кезең жобасы бойынша негізгі қабат салынып, асфальт жабындысы толықтай төселген. Жұмыстың 95 пайызы аяқталып, қазір жаяу жүргінші жолы салынып, соңғы қабатты төсеуге қажетті жабдықтар жеткізілуде.
– ІІ кезең жобасы бойынша жұмыстың 97 пайызы аяқталды. Жол жиегіндегі қалған жұмыстар атқарылуда. Қосымша келісім шарт жасақталып, құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. ІІІ кезеңде «Шұғыла» мөлтек ауданы мен асфальтсыз көшелер қамтылады. Алдымен «Шаттық», «Мерей» мөлтек аудандарындағы көшелерге, кейін ауыл ішіндегі толық аяқталмаған көшелерге жол төселеді. Ең соңында ғана 80 үй орналасқан “Шұғыла” мөлтек ауданына жол салынады. Себебі бұл аумақта жүріп-тұруға болатындай жағдай бар,- деді Қайрат Нұрлыбаев.
Тұрғын үй мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ. Аудан бойынша тұрғын үй кезегінде 1361 адам тіркелген. Осы орайда облыстық бюджеттен бөлінген 420 млн. теңгеге 21 үй сатып алынып, апатты жағдайда тұрған «Бірлік» мөлтек ауданындағы, Абай көшесі №165 және Қ.Мырзағалиев көшесі №2 мекен- жайларындағы тұрғындар жаңа пәтерлерге қоныстанды.
– Махамбет ауылындағы 60 пәтерлік төртінші көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы 2022 жылдың желтоқсан айында басталып, 2024 жылдың шілде айында аяқталды. Қазіргі таңда абаттандыру және инженерлік инфрақұрылым жұмыстарының 80 пайызы орындалды. Әлеуметтік осал топтар санатындағы азаматтарға 2024 жылы 13, 2025 жылы 30 тұрғын үй табысталды. Қалған 3 үй алдағы уақытта берілетін болады,- деді аудан әкімі.
Көлік қатынасы мәселесі де назардан тыс қалмады. Ауылдан облыс орталығына күніне үш мезгіл қатынайтын 56 орындық автобус іске қосылған. Сондай-ақ Ақтоғай–Махамбет–Атырау бағытындағы тасымалға конкурс жарияланған.
Тұрғындар тарапынан жол сапасы, абаттандыру, медицина мен білім саласы, тазалық пен қоғамдық тәртіпке қатысты түрлі мәселелер көтерілді. “Самал” мөлтек ауданы, А.Оңайбаев көшесінің тұрғыны Бисенғали Оңдасов көлік қозғалысының тым артып кеткенін айтып, жол белгілері мен аялдама орнатуды ұсынды. Сонымен қатар балалар ойын алаңын салу мен «Жасыл белдеуді» күтіп-баптау мәселесіне тоқталды.
Бұл сауалдарға жауап берген аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асылхан Шакимов:
– Қазір ауылішілік жол құрылысы қарқынды жүріп жатыр. 39 автобус аялдамасы орнатылған, тағы 10 аялдама жоспарға сәйкес салынады. Егер бос алаң табылса, ойын алаңына жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) жасалады. Бұл белгілі бір қаржыны қажет етеді. «Жасыл белдеуде» су тарту, қураған ағаштарды кесу, сырлау жұмыстары жүріп жатыр,-деп жауап берді.
Кездесу соңында аудан әкімі көтерілген мәселелердің барлығы кезең- кезеңімен шешілетінін жеткізіп, тұрғындармен ашық әрі мазмұнды пікір алмасты. Жиын барысында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай ауыл ақсақалы Уап Кәбдікәрімовке «Ар мен Даңқ» медалі табысталды.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ