Еліміздің барлық өңірлерінде Отбасын қолдау орталықтарын құру туралы Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат жөніндегі тұжырымдамасы» сәтті жүзеге асырылуда. Осы кезекте өткен 2024 жылдың 30 қыркүйегінде «Махамбет аудандық отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылған болатын.
Құрылған уақыттан бері қоғамның әлеуметтік осал топтарымен қатар, жұмыссыз, заңгерлік кеңеске мұқтаж, отбасында өзара мәміле жоғалтқан жандармен кешенді жұмыс жасап келе жатқан орталық мамандары енді жаңа ғимаратқа көшіп, ауқымын кеңейте түсті. Аудан әкімдігінің қолдауымен алынған 2024 жылы құрылысы аяқталып табысталған су жаңа, кең, жарық ғимаратта енді орталықтың мамандарымен қоса көмекке мұқтаж келушілерге де бар жағдай жасалған. Жаңа ғимаратты табыстау рәсіміне аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев арнайы қатысып, аталмыш мекеменің аудан үшін, қоғамдағы отбасы институтын қолдау үшін маңыздылығын атап өтті. Салтанатты шарада лента қию рәсімі ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Т.Сариева мен аудан әкімінің мүгедектер ісі жөніндегі кеңесшісі Ж.Түгелбаевқа жолданды. Сонымен қатар орталық басшысының уақытша міндетін атқарушы Алмас Ұзақбайұлына шалғай ауылдарға, көмекке мұқтаж отбасыларға жедел түрде жету үшін су жаңа қызметтік көліктің кілтін аудан әкімі Қ.Нұрлыбева өзі табыс етті.
Аудан басшысының ақжарма тілегінен соң сөз кезегі Махамбет ауылдық округі бойынша аналар кеңесінің төрайымы Тойған Қалимқызына берілді:
- Бүгін міне, ауданымыз үшін аса маңызды ерекше күн болып тұр. Себебі, халқымыздың ең басты құндылығы – отбасын қолдауға арналған жаңа орталық есігін айқара ашып отыр. Отбасы – елдің тірегі, бірліктің бастауы. Осы құндылықты сақтау, ұрпаққа өнеге ету – бәріміздің ортақ міндеітіміз. Отбасын қолдау орталығы бұл көмек сұрағанға қолұшын беретін, жылу іздегенге мейірім сыйлайтын, өмірдің қиын сәттерінде азамат пен азаматшаларымызға демеу болатын орын. Мұнда аналарға, әкелерге, балаларға кәсіби мамандар көмек көрсетеді, кеңес береді. Біз аналар кеңесі әрқашан отбасының тыныштығын, ұрпақ тәрбиесін, салт-дәстүрді дәріптеуді ойлап, сол жолда қызмет етіп келеміз. Ендігі кезекте біз де осы орталықпен тығыз байланыса отырып, бірлескен түрде аналарға да ақыл-кеңесімізді беруге аянбаймыз,-деді. Сонымен қатар Тойған Сариева айтулы күннің құрметіне орай орталыққа келуші аналардың бүлдіршіндеріне арнап аудандық әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның, аналар кеңесінің атынан ойыншықтар тарту етті.
Орталықтың ғимараты кең және келушілерге арналған арнайы екі жатын бөлме әзірленген. Қызмет ететін мамандарға келер болсақ, заңгер, психолог, есепші, бұқаралық байланыс жөніндегі қызметкер, мемлекеттік сатып алуға жауапты маманды қосқанда алты адам жұмыспен қамтылып отыр. Алдағы уақытта техникалық қызметкер, күзетші алуды және ғимаратқа бейнебақылау құрылғысын орнату жоспарлануда.
Жалпы Отбасын қолдау орталығының атқаратын қызметі ауқымды. Көп жағдайда тұрғындар мұнда отбасылық зорлық- зомбылыққа тап болғандар ғана келе алады деп түсініп жатады. Шын мәнінде біздің мамандар, психологиялық, заңгерлік, қаржылық кеңестерді де тегін береді, тіпті жұмыссыздық, есепсіз қарызға кіру мәселесімен көмек сұрап келушілер де бар. Бүгінде «Amanat» партиясымен бірге «Қарызсыз қоғам» жобасын да бірлесе жүзеге асырып жатырмыз. Осы уақыт аралығында орталық арқылы жүгінген 87 адамның мәселесі шешіліп, қарызы жабылса, 15 адам онлайн кеңес алуда. Бұдан бөлек біздің жұмысымыз Мансап орталығы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, мектептер, учаскелік полиция қызметкерлерімен, медиациямен де тығыз байланысты. Кез келген жағдайда отбасылық дау-дамайды ортақ келісімге келу арқылы шешуге атсалысамыз. Жас отбасылар, тұрмыстық қиындықтан қажыған, күйзеліске түскен аналарға да мейлінше қолдау білдіріп, жұмыс табуға, қоғамнан орнын табуға бағыттаймыз деп отыр, - дейді орта- лық басшысының уақытша міндетін атқарушы А. Ұзақбайұлы.
Отбасын қолдау орталығының құрылғанына бір жылға таяса да, мұнда келуге ниет білдірушілер мен өтініш берушілердің саны жетерлік деп отыр мамандар. Осы жылдың жартыжылдығының өзінде қырықтан астам өтініш келіп түскен. Оның ішінде мамандардың араласуымен үш отбасылық мәселе медиация арқылы шешімін тапқан. Бұрын «Нарын» коммуналдық базарының ғимаратында орналасқан орталыққа жаңа ғимараттың берілуі де сұранысқа сай десек артық емес. Келушілерге де қойылатын арнайы талаптар қарастырылған. Орталықта тегін кеңес алумен қатар, 1,5 ай паналау орны беріледі. Әзірге асхана болмағандықтан, жергілікті жеке кәсіпкер мемлекеттік тапсырыс арқылы ыссы тамақпен қамтамасыз етпек.
Қоғамдағы ажырасу, зорлық- зомбылық мәселелері елімізде жыл санап артып келеді. Әйтсе де, ол адамдардың да қолайлы өмірге, қысымсыз өмірге құқы барын түсіндіру үшін осындай орталықтар жұмыс атқарып отыр. Бастысы келушінің көрсеткіші емес, берілген көмектің нәтижесі болмақ.
А.САТАЕВА