15-маусым Әкелер күніне орай аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйін- де «Ұлт болашағы-ұрпақ тәрбиесі» атты әкелер слеті өтті. Аудандық ішкі саясат бөлімінің және Әкелер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен шараға аудан әкімінің орынбасары Махамбет Ербөлек арнайы қатысты. Қоғамдағы әкелер институтының беделін арттыру, отбасындағы әке тәрбиесінің бала маңыздылығын ұғындыру, әкелер кеңесінің жұмысын жандандыру мақсатында елімізде маусымның үшінші жексенбісі Әкелер күні деп бекітілген еді.
Шараның аты айтып тұрғандай ұлт болашағы үшін ұрпақтың тәрбиесіне жауапты бірден-бір тұлға –әке. Отбасын қамтамасыз етуден бөлек, әкелер үйдегі ұл мен қыздың тәрбиесіне араласуы тиіс. Бос уақытында олардың спортқа, өнерге деген қызығушылығын оятып, көзқарастарын тыңдап, жеке уақыт өткізуі керек. Қазақ халқы ежелден отбасылық тәрбиеде әкенің қабағынан қорқу, әкенің алдына шығып сөйлемеу сынды қағидаларды берік ұстана отырып, әке тарапынан қыз балаға мейірім, ұл балаға тәртіп беру маңыздылығын түсінген. Осы орайда әкелер слетіне қатысқан бір топ үлгілі, қызметте қадірлі, қоғамда беделді, ұрпақ тәрбиесінде тәжірибесі бар әкелер тақырыпқа сай баяндама қорғап, өз ойларымен бөлісті. Алғашқылардың бірі болып Махамбет ауданы полиция бөлімінің криминалдық полиция тобының аға жедел уәкілі, полиция майоры Ерлан Зинелғабитов «Сөзбен емес, іспен дәлелдеу» тақырыбында баяндама қорғады. Ішкі істер органында қызмет етіп жүрген жедел уәкіл Ерлан отбасында адал жар, төрт баланың қамқор әкесі. Ол өз сөзінде ұл-қызына өз ісімен үлгі болуды дұрыс санайтынын айтты. Яғни спорттық шараларға ұлдарын бірге ертіп апарып, қолдау білдіріп, өмірде адал, еңбекқор болудың маңыздылығын түсіндіруге тырысатынын айтты. Ал, әке мен бала арасындағы сенімді қарым- қатынас тақырыбында өз тұжырымымен бөліскен аудандық аурухананың заңгері Руслан Құмаров баланың сеніміне ие болу бәрінен маңызды екенін айтты. Жеті баланы өсіріп отырған, өзі де көп балалы отбасынан шыққан әке жасөспірім шақтағы ұл-қызыңмен өзара мәмілеге келе білу маңызды деп санайды. Аудандық әкелер кеңесінің төрағасы, Қ.Қалыбеков атындағы Сартоғай орта мектебінің мұғалімі Төре Пангерейдің тақырыбы «Баланы экран емес, әке тәрбиелесін» деп аталды. Бүгінгі таңдағы жас ұрпақтың ұялы телефонға әуестігі мен оның зияны туралы да Төре өзі тарқатып айтты. Жиын барысында еліміздің жарқын болашағы жолында өзінің үлесін қосып жүрген, қызметте де, отбасында да міндетін адал атқарып жүрген бір топ ауылдық, аудандық әкелер кеңесінің төрағалары аудан әкімдігінің Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар, аудандық отбасын қолдау орталығының психолог маманы Айкөркем Жәрдемова жиынға қатысушылар арасында тренинг өткізіп, Ақтоғай ауылдық әкелер кеңесінің төрағасы Ербол Гумаров көрерменге ақын ағамыз Қадыржан Қазымбекұлының «Әкемнің саймандары» өлеңін оқып берді. Кеш соңында барлық қатысушылар ұйымдастырыл- ған көрмені аралап, отбасындағы бала тәрбиесіне байланысты көркем әдебиеттермен танысты.
А.САТАЕВА