Отбасылық сайыста оза шапқан Талғатовтар тағы да өз биігінен табылды

Аудан бойынша өтіп жатқан «Мөлдір бұлақтан...» отбасылық шығармашылық фестивалінің екінші кезеңі мәреге жетті. Бұл жолы ауылдық мектептерден іріктеліп, аудандық сайысқа жолдама алған тоғыз отбасы бақ сынады.

Қазылар алқасы байқау шарттарын түсіндіріп, үміттерін үкілеп келген отбасыларға сәттілік тіледі. Сайыс төрт бөлімнен тұрады. Белгіленген уақыт шеңберінде сайыскерлер түрлі көрнекіліктерді пайдаланып, отбасы мүшелерін таныстырса, «Астана-біз сені жырлаймыз!» атты екінші кезеңде Астана қаласының 20 жылдығына арналған тақырыптық көрініс, жарнама, Астана туралы ән орындап, сурет салып, басқа да шығармашылық жұмыс ұсына алады. Ал, үшінші кезең «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп аталатын өнер байқауында сайыскерлер хореографиялық би, ұлттық, классикалық, қазіргі заман, эстрадалық бал кештерінің биін, сондай-ақ, вокал, академиялық эстрадалық вокал, эстрада, цирк жанры бойынша өздері таңдаған өнерлерін көрсетіп бақты. Ал, «Отбасы ағашы»-шежіре ағашы байқауына сәндік қолданбалы шеберліктің түрлі техникаларында орындалған жұмыстарын ұсынып, адам қиялының шексіздігіне көз жеткізгендей болды.

Аудандық білім бөлімінің әдіскері И.Альмурзина бастаған қазылар алқасы жоғарыда аталған талап үдесінен шыққан отбасылардың еңбектерін әділ бағалап, қорытынды сөздерін айтты. Сонымен барынша өнер көрсетіп, көрермен көзайымына айналған Алмалы орта мектебінен қатысқан Оразақов Бақтыбай мен Жалғансай орта мектебінің намысын қорғаған Үмбетияров Ержан отбасылары фестивальдің «Алғыс хатына» ие болды. Ал, Қызыл үй орта мектебінен Әбитов Мақсат, Қ.Ахмедияров орта мектебінен Қанатов Аманбай, Чкалов орта мектебінен Ережепов Асылбек отбасылары үшінші орынға лайық деп танылса, Қ.Қалыбеков атындағы орта мектебінен Орынбасаров Жанболат, Қ.Қарашаұлы атындағы орта мектебінен қатысқан Шұғайыпов Сәкен отбасылары екінші орынды қанағат тұтты. Ал, бірінші орын Қосарал орта мектебінің намысын қорғаған Мұратов Төреғали отбасына бұйырды.

«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей, қазылар алқасының ортақ ұйғарымымен Е.Ағелеуов атындағы орта мектептің абыройын асқақтатқан Айдос Талғатовтар «Мөлдір бұлақтан...» отбасылық шығармашылық фестивалінің бас жүлдесіне ие болып, облыстық байқауға жолдама алды. Жеңіс оңайлықпен келмейді. Талғатовтар отбасы өнер қонған шаңырақтың түтінін түзу ұшырып, рухани жан дүниесін жаңғыртып отыратын ізденімпаз жандар. Отағасы Айдос Талғатов Атырау облысына қарасты Арнаулы байланыс бөлімінде басшының орынбасары болып еңбек етсе, отанасы Баян Сүйеуова аудандық «Жайық шұғыласы» газеті бас редакторының орынбасары ретінде шығармашылығымен көпшілікке кеңінен таныс. Ұлдары Олжас спорт секцияларына қатысса, қызы Асылай би және қобыз үйірмелерінің тұрақты мүшесі. Балабақша тәрбиеленушісі кішкентай Назар да күннен-күнге неше түрлі қылықтарын шығарып келеді.

Талғатовтар отбасы бірінші кезеңдегі қойылымды сәтті шығарды. Қолында асатаяғы бар ақ күмістей сақалы кеудесін жапқан қария алаңқайда қаннен-қаперсіз асық ойнап отырған екі балаға жолығып, жөн сұрайды. Өзінің шаршап, шалдығып, жерұйықты іздеп жүргенін де жасырмайды. Ата, жүріңіз, жерұйықты бірге іздейік, -деп қолынан жетектеген екі бала көркіне көз тоймайтын Астана қаласына бастап келеді. Көктен іздегені жерден табылған қарияның жанары оттай жайнап қоя береді. –Міне, менің іздеген жерұйығым осы, нағыз жұмақтың төрі екен! Пырақтардың ұшақтарға, желаяқтардың көліктерге, дыю-перілердің роботтарға, қарапайым Кенжекейдің ханшайымға, кішкентай бекіністің сәулетті Астанаға айналғанына куә болған бақытты ұрпақсыңдар, өркендерің өссін,-деп ақ батасын берген қария Есілді бойлап, ұзай береді. Қойылымның композициясы, түпкі айтар ойы тақырыппен үндестік тауып тұр. Бір кездегі қиял ғажайып ертегінің ақиқатқа айналғанын көріп, көңілге қуаныш ұялайды.

Ал, «Отбасы ағашы»-шежіре байқауында «ЭКСПО-2017» көрмесінің макетін жасап, жасыл экономика, баламалы энергия өндіру бағытындағы шығармашылық ізденістерін жайып салып, фестиваль шартына сай тақырыпты терең аша білген. Қарапайым пеноплас, фольга, кардон, жіп, желім, скочтың көмегімен жасалған макет ток көзіне қосылғанда сәуле шашып, ерекше көз тартады. Шығармашылық жұмыстарын таныстырғанда да өздерінің түпкі ойларын жатық тілмен жеткізе білді. Бәйтеректің макетін түсіндіргенде бәйтерек тереңдегі тамыры-ата-баба, үрім бұтақ, тармақтары балалары, ал ұшар басындағы шар отбасындағы жылылықты бейнелейтінін тарқатып айтты. Сөйтіп, біздің Баян отбасының, редакцияның ғана емес, ауданның атағын дүрілдетті. Алда облыстық сайыс күтіп тұр. Өзара ынтымағы жарасқан ұшқыр ойлы,ортақ мақсатқа жұмыла білген өнегелі отбасы алға қарай да сенім биігінен көрінері сөзсіз.

Н.ЕРҒАЛИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521