Көктемнің әр күні жылға азық деп бабаларымыз бекерге айтпаған. Өйткені, қар суы еріп, теріскейден алтынкүрек желі лекілдей соққанда тіршілік атаулыға жан бітіп, қарбалас тірлік басталады.
Ең алдымен алты ай қыстың құрсауынан шыққан ағайындар бір ауық айналасына қарап, талдардың түбін қопсытып, тазалық жұмысына кіріседі. Тазалық-табалдырықтан басталатынын ескерсек, бұл бағытта атқарылар жұмыстың ауқымы да, жауапкершілігі де мол.
Неге десеңіз, қыс бойы аула, үй іргесіне жиналып қалған күл-қоқыс күн жылуымен еріп, ыбырсып, төңірекке аса жағымсыз күлімсі иіс таратады. Мұның өзі санитарлық тазалық талаптарының өрескел бұзылуына әкеп соғады. Жылдағы дәстүр бойынша аудан әкімінің пәрменімен көктемгі санитарлық тазалықтың екі айлығы жарияланды. Соған сәйкес, нақты жоспарлар жасақталып, көркейту, көгалдандыру жұмыстары қолға алынуда. Әрбір мекеме, ұжымға тазалық жұмыстарын жүргізу аумағы белгіленіп, апта сайын сенбіліктер ұйымдастырылуда. Қыстан шыққан күл-қоқысты ауыл сыртындағы арнайы орынға тасымалдап шығару үшін арнайы техника бөлінген. Алайда, биылғы көктемнің кешеуілдеуіне байланысты тазалық, көркейту көгалдандыру айлығы да онша қарқын алып кете алмай тұр. Жер кеуіп, күн сәл жылынса, жұмыс та жандана түсері сөзсіз. Өйткені, аудан әкімі Сырым Мұратұлының өзі тазалық жұмысына аса мән беріп, бақылауында ұстап отыр. Әкім тапсырмасына сәйкес, кәсіпкерлер де қозғала бастады. Аудан орталығындағы кәсіпкерлік нысандардың айналасына жаппай тал отырғызылуда. Бұл жұмыстардың басы-қасында «Нұр Отан» партиясының белсенді мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары жүргендігі де тазалыққа деген талаптың күшейгендігін көрсетсе керек.
Алайда, тазалыққа тоңмойындық танытып отырған жергілікті тұрғындарды түсінуден қалып барамыз. Көшелерді сүзіп, тазалық жұмысымен айналысатын сол баяғыша бюджеттік мекеме қызметкерлері, ұстаздар қауымы. Бір ғажабы, сол өзі тұратын көшені тазалап келе жатқандарды көргенде кейбір үй иелері ауласының есіктерін іштен іліп алып, сығалап қарап тұратындарын қайтерсің? Сонда оның қыстай есігінің алдына үйіп қойған боқтығын біреу тазалап беруі керек пе? Адамда бір ұят, ар-ождан деген болуы керек емес пе? Оны көріп тұрған балалары не істейді? Қайта қолқанатқа жарап қалған балаларын қасына ертіп шығып, таза ауада бір ауық тазалық жұмысымен айналысса, өздерінің денсаулығына пайдалы емес пе?
Махамбет ауданы әкімінің міндетін атқарушы М.Баймишевтің жарғақ құлағы жастыққа тимегелі қашан. Өйткені, жастай қара жұмысқа жегіліп, шарболаттай қайнап піскен уақытша әкім біреуге бұйрық беріп, кеңсесінде шіреніп отырмайды. Ауылды өзі түгелдей аралайды. Қай жерде қоқыс үйіліп жатса, сол бойда өзі жұмысшы бригаданы ертіп барып, жинап әкетеді. Міне, өзінің екі көзіне сенген жанкештілік. «Ана жерде қоқыс үйіліп қалыпты, бара сал, жинай сал» деп біреуден сәлем айтып жіберуді жаны қаламайды. Сөйткен Мәкең бір күні редакцияға түңіліп, күйініп келді. Неге дейсіз ғой? Ветстанса мекемесінің қасындағы балалардың ойын алаңына қоқыс төгіп кеткен. Ал, тәмпіш танауын тартып қойып, алаңсыз ойынға кіріскен бүлдіршіндер ойын барысында аяққа оралғы болған қоқысты елең қылар емес. Сонда бауыр еті-балаларының болашағына немқұрайлы қарағаны ма, әлгі қоқыс төккен ата-аналардың? Алыстан ұры келген жоқ дегендей, ол сол маңайда Ерғалиев, Есмағамбетов көшелерінің қиылысында тұратын тұрғындардан келген кесапат. Бірақ, ұсталмаған ұры емес.
Адамдардың тағылық әрекеті мұнымен де бітпейді. Тағы да оттан көйлек киіп, шырылдап жүрген Мақсот Баймишев. Бұл не деген сорақылық, аты –жөнін айтпаған белгісіз біреу қоңырау шалып: «жаға жаққа контейнер қоймасаң, мусорды Жайық жағасына апарып тастаймыз» деп қоқан-лоқы көрсететін көрінеді. Кімге күлкі, кімге түрпі? Бұл жерде аудан құқық қорғаушылары тарапына, учаскелік инспекторлар жұмысына сын айтуға тура келеді. Сол қоқысты кез келген жерге төге салатындарды ұстап, заң жолымен жазасын беріп жатса, олар аяғын аңдап басқан болар еді. Ертеңді-кеш ебіл-себілі шығып жүгіріп жүрген жалғыз Баймишевтің қолынан не келеді? Аудан әкімдігінде өткен бір жиында сексеннің сеңгіріндегі ардагер ағамыз Мәндірғали Оразғалиұлы: -мені жақтырмайтын болар, сонда да көршілеріме айналаңызды таза ұстаңдар деп айтудан жалыққан емеспін дегені бар. Міне, бұл да білген адамға тәрбиенің бір түрі. Бірде тыңдар, бірде осы кісіге не жоқ, жөнімен жүрмей ме деп тыңдамас та. Басқа ардагер ағаларымыз да осы кісіден үлгі алып, өздері тұратын көше тұрғындарына ағалық ақыл-кеңестерін, ұсыныстарын айтып, көше тазалығына атсалысса, нұр үстіне нұр.
Өйткені, театр киімілгіштен басталатыны сияқты, тазалық табалдырықтан басталады. Сықиып киініп, сырттай сыпайы боп көрініп жүретін кейбір адамдар өздері тұратын үйлері маңайындағы тазалыққа мән бермейтіні өкінішті. Ыбырсыған қоқысты көріп тұрып, бір селт етпейтін жаннан не күтуге болады. Әрине, артық айтсам кешірер, олардың нәжісін аяққа таптап, оттап тұра беретін хайуандардан қай жері артық? Рейд барысында байқалғанындай, күні кеше ғана сән-салтанатымен пайдалануға берілген 60 пәтерлік үй маңайы да күл-қоқысқа тола бастапты. Басқасы басқа, сол маңайды таза ұстауға болады енді. Контейнер есік алдына келіп тұр. Соны төкпей шашпай уақтылы шығарып тұрса, ешқандай проблема туындамас еді. «Атырау-Орал» тас жолы бойын жағалай орналасқан жаңа үйлердің маңайы да ыбыр-сыбыр, полиэтилен қапшықтардан аяқ алып жүргісіз. Құрылыс материалдары да қалай болса солай шашылып жатыр.
Аузымызды қу шөппен сүртуге болмас, жалпы аудан орталығы бірсыдырғы таза десе де болады. Атқарылған жұмыстардың нәтижесі де көрінуде. Бірақ бұған тоқмейілсуге болмайды. Соңғы жылдары аулаларының ішінен заманауи үлгідегі зәулім үй салып алған махамбеттіктердің тірлігін көріп қуанасың. Яғни, табыс тәуір, тұрмыс түзелді деген сөз. сәнін кетіріп, аула ішіндегі құлайын деп тұрған ескі үйлерін бұзып, шығарып тастауға асықпайды. Әлде жұрттың бәрі асып-тасып кетпейін, өткенімді ойға алып, шүкіршілік жасайын деп босағасына таз кепешін іліп қоятын Аязби ертегісінің пәлсапасымен өмір сүруге көшкен бе, түсінуден қалдық. Ертең-ақ балалар жазғы каникулға шыққанда ит қорыған жерге өш дегендей, сол ескі тамды айналсоқтап, көлеңкесіне тығылып, ойын ойнайтындары белгілі. Ал ескі үйлерге түрлі құрт-құмырсқа, адам өміріне қауіпті зиянкестер үйір. Сонда қараусыз қалған балаларымыз қауіпке ұрынып қалмай ма деп неге ойланбасқа?
Жалпы санитарлық тазалық, көркейту көгалдандыру — жалпыхалықтық іс. Тазалық-денсаулық кепілі десек, оның адам өміріне қанша пайдасы бар екендігін бағамдау қиын емес. Аудан бойынша негізгі тазалық жұмысымен конкурс жеңімпазы деп танылған «Тұрмысқызмет» ЖШС мекемесі айналысады. Арнайы тазалық жұмысына бөлінген қаржы да бар, техникалары да жеткілікті. Бүгінгі таңда жекенің қолына өткенмен, атқаратын жұмысы бұрынғыша. Алдағы уақыттарда жаңа құрылым жұмысымен кеңірек таныстыратын боламыз. Сонда бәріміз жұмыла жұмыстанғанда тазалық мәселесі оң шешімін табар деп ойлаймыз. Ең бастысы, маңайда көріп тұрған ешкім жоқ па екен деп, көзді ала беріп, көрінген жерге күл-қоқыс шашып тастауға қатаң тыйым салынады. Аудандық ішкі істер бөлімінен бөлінген арнайы бригада мұндай келеңсіз көріністерді бақылайтын болады. Бейнебақылаулар да іске қосылған. Сондықтан рұқсат етілмеген жерге күл-қоқыс төгемін деп абыройсыздыққа ұшырап қалмаңыз, ағайын!
Н.ЕРҒАЛИЕВ.
Суретті түсірген: Б.СЕГІЗБАЕВ.