«Отбасы банк» ауданнан үй салуды көздеуде

Соңғы жылдары аудан орталығынан «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында және кәсіпкерлердің көмегімен жаңа тұрғын үйлер салынды, әлі де салынып жатыр.

Соған қарамастан тұрғын үй мәселесі түпкілікті шешімін табар емес.Өйткені, тұрғын үй кезегіне тіркеліп жатқан тұрғындар саны да өсіп келеді.Осы қиындықтан шығудың тың жолдарын ойластырған аудан әкімі Ринат Бауыржанұлы «Отбасы» банкінің өкілдерін ауданымызға шақырып, тұрғын үй ДІН кезегінде тұрған адамдармен кездесу өткізді.

«Отбасы банк» АҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Н.Құрман қатысушыларға тұрғын үй алудың негізгі шарттарын түсіндірді.Сіздерге негізгі екі бағдарлама туралы айтқым келеді. Біріншісі «Нұрлы жер» екіншісі «Шаңырақ» бағдарламасы.«Нұрлы жер» бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі көп қабатты және жеке тұрғын үйлер салу болып табылады.Жеке тұрғын үйдің шаршы метрі 120 мың теңгеден, көп қабатты үйлер 180 мың теңгеден салынады. Атырау қаласында «Береке», «Нұрсая», ықшамаудандарында,«Талқайраң» елді-мекенінде салған болсақ, ендігі жерде аудандардан неге салмасқа деген ой туындап отыр. Бұл жерде ең басты мәселе «аудандарда салынған үйді адамдар ала ма? деген сұрақ туындайды. Бүгін сіздердің алдарыңызға осы сұраққа жауап алу үшін келіп отырмыз.

«Нұрлы жер» бағдарламасы 2012 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатыр.Бастапқы жарнаға үйдің құнының 20 пайызын талап етіледі. 25 жылға дейін, 5 пайызбен несие беріледі. Бұл бағдарламаға банктің салымшыларының бәрі қатыса алады. Алдымен жергілікті кезекте тұрған адамдарға басымдық беріледі. Отбасылық табыс адам басына шаққанда 126 917 теңгеден аспауы керек.

«Шаңырақ » бағдарламасының бастапқы жарнасы 10 пайыз, несие 20 жылға 5 пайызбен беріледі. Оған тек қана кезекте тұрған азаматтар қатыса алады. Бұл жерде де отбасылық табыс 126 917 теңгеден аспауы керек. Бұл қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан негізгі бағдарлама.

Бұған қоса «Бақытты отбасы» бағдарламасы бар. Оның бастапқы жарнасы 10 пайыз, несие 19 жылға 2 пайызбен ұсынылады. Оған кезекте тұрған көп балалы,толық емес және мүмкіншілігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар қатыса алады. Қарыз мөлшері Атырау қаласы бойынша 15 миллионға дейін болса, аудандарда 10 миллионға дейін. Отбасылық табыс адам басына 106 мың теңгеден аспауы керек. Бұл бағдарлама арқылы өзіңіз қалаған үйді ала аласыз. Үш бағдарламаға да қатысу үшін қойылатын талап 6 ай үздіксіз табыс көзі,таза несие тарихы, біздің салымшымыз болуы және атағында үй болмауы керек, - деді Н.Құрман.

Барлық қатысушылар көкейлерінде жүрген сауалдарына жауап алды. Жиынды қорытындылаған аудан басшысы Р.Жанқылыш аудандық тұрғын үй инспекциясы қызметкерлеріне аудан бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған және «Отбасы» банкте салымы бар азаматтардың нақты тізімін шығарып, банк қызметкерлерімен бірлесе отырып олардың төлем қабілеттерін анықтауды тапсырды.

Б.СҮЙЕУОВА

Cурет:дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521