Ажары айшықталған Ақтоғай

Тарихы сонау ХVIII ғасырдан бастау алатын, Шой деп аталған елді мекенмен тығыз байланысты Ақтоғайдың биылғы жыл ерекше есте қалатын болады.

Өткен жолы мешіттің іргетасы қаланса, енді міне, ауылдың кіру белгісі тұрғызылып, ауылдың ажарын айшықтай түсті. Кіру белгісінің биіктігі 5,5 метр болса, қоршаумен бірге қамту аумағы – 6,5 метр. Жобаның жетекшісі – Бейімбет Зайдуллин.

Батыр бабалардың ұрпағы екендігін айғақтайтындай қылыштың пішінінде ойластырылған белгінің жоғарғы жағында «шаңырақ» – бұл тұтастықтың, бірліктің символы. Яғни, 1981 жылы ауылдың құрылысына ақтоғайлықтардың жан-жақтан жиналып, бір шаңырақ астына біріккендігінің белгісі болып табылады. Әрі оның 4 қазықта тұрғандығы, бұл 4 онжылдықты, нақтырақ айтқанда 40 жылдан бері сыйластықта, бірлікте 1 шаңырақ астында ақтоғайлықтардың тату-тәтті тұрып жатқандықтарының белгісі. Екі жанына орнатылған «құс пішінді» оюлар – бұл ауылдан түлеп ұшқан түлектер мен жетістікке жеткен жандардың көптігінің белгісі. Сонымен қатар, төменгі жағындағы мрамор таста ауылдың қысқаша тарихы мен осы кіру белгісін орнатуға атсалысқан ауылдастардың тізімі жазылған aqtogai.kz сайтына сілтеме бар.

aqto28721

Жайықтың жағасында, Ақтоғай ауылында кереметтей балалық, жасөспірімдік шағын өткізген жоба жетекшісі Б.Зайдуллин бүгінде Алматы қаласында тұрады. Туған жерінің дамуына аз да болса үлес қосуды мақсат етіп, көптен бері ойында жүрген жобасын жүзеге асырған ол қолдау білдірген жандардың баршасына ыстық ықыласын білдірді.

aqtog28721-28

- Табыс көзімді реттеп, кәсіп ашып, отбасы құрып, бала өсіріп отырған әке ретінде осы армандарымның бірін ауылдастар болып жүзеге асырдық. Мен осы 7 жыл кәсіпте жүріп түсінгенім, ұққаным, қандай бастама болмасын ең бастысы ол бірігуге, жұмыла жұмыс істеуге деген бейімділік. Бір айдың ішінде құрылысын тоқтаусыз жүргізіп, аяқтаудың сәті түсті. Бұл менің арманым ғана емес, басқа да осы ауылымыздан жырақта жүрген түлектерінің арманы болғанына күмәнім жоқ. Жалпы осы жобаны қолға алғалы бері мен секілді туған жерін қадірлеп, бағалайтын жандар аз емес екеніне көзім жетті. Ақтоғай ауылының арнайы сайты жақын арада іске қосылып, ауылдың тарихынан бөлек осы кіру белгісінің құрылысына көмек көрсеткендердің аты-жөндері жазылатын болады. Бұл белгі – Ақтоғай халқына табысталып отырған аманат. Келер ұрпақ та осындай тағылымды істерден үлгі алып, келешекте туған ауылдары үшін ізгі жұмыстар атқарады деп сенемін. Қанша алыста жүрсек те ауылыма деген ыстық сезім бойымды әрқашан кернеп тұрады. Ауылымыздың дамуына, көркеюіне әрқашан да атсалысуға дайынмын,- дейді жоба жетекшісі Б.Мақсотұлы.

Құрылғанына 40 жыл толған Ақтоғай ауылы үшін талай уақыт айтып жүрер керемет сыйлық болғаны сөзсіз. Жас та болса, бас болып, бастама көтеріп, ақтоғайлықтарды жұмылдыра білген Бейімбетке ауылдастары алғысын жаудырды. Өз ойын жүзеге асыра білген жоба жетекшісі кіру белгісінің лентасын қиып, ресми түрде ашты. Ұстаздары, ауыл ақсақалдары ізгі тілектерін білдіріп, ақ батасын берді.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

Суреттер автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521