Еліміздегі отбасы институтын қолдау, дамыту мақсатында қыркүйектің әрбір екінші жексенбісі Отбасы күні деп атап өтіледі. Отанның тірегі, жүрегі саналатын отбасының тұтастығы қоғам үшін қай кезеңде де маңызды.
Отбасы тек ішкі жылулықтың, татулықтың символы ғана емес, елдегі тұтастықтың, бірліктің айқын көрінісі. Осы орайда Отбасы күнінің құндылығын одан әрі арттыру, насихаттау мақсатында аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен «Отбасы – бақыт мекені» атты мерекелік шара өтті.
«Өнерпаз» мәдениет үйінде өткен жиынға аудан әкімі Қ.Нұрлыбаев арнайы қатысып, «Мерейлі отбасы -2025» ұлттық байқауына белсене қатысқан өнегелі отбасыларды Алғыс хатпен марапаттады.
Аталған байқауда аудан намысын қорғап, облыстық кезеңнен жүлделі 1-орынды жеңіп алған таңдайлық Нұрғалиевтар отбасы, осы кезеңге қатысушы Сарайшық ауылының Мұханбединдер отбасы, аудандық кезеңнің қатысушылары – Есенғалиевтар, Мырзашевтар, алғалық Изтелеуовтер отбасылары да марапатталды. Сонымен қатар ауылдық округтерден де бақ сынаған ақтоғайлық Сыдыховтар, Махамбет ауылынан Ибатуллиндер, жалғансайлық Үмбетқалиевтар отбасы да қошеметке бөленді. Жуырда ғана облыстық «Татулықтың тұмары» атты абысын-ажындар байқауында жүлделі 3-орынды иеленіп келген, бірлігі жарасқан Избуловтар әулетінің келіндері де аудан басшысының Алғыс хатымен марапатталды. Мерекелік кештің соңы «Өнерпаз» мәдениет үйі ұжымының ән шашуымен аяқталды.
А.ҚАНАТБАЙҚЫЗЫ