Ауданаралық мәдениет күндеріне орай көршілес Индер ауданының өнерпаздары «Туған өлкем – мақтанышым» атты көркемөнерпаздар кешін тұрғындар назарына ұсынды.
«Ақжайық әуендері» облыстық фестивалінің «Үздік көркемөнерпаздар ұжымы» номинациясының иегері, ҚР-ның халық әртісі, профессор Рысбай Ғабдиев атындағы халықтық-ұлттық аспаптар оркестрі көркемдік жетекшісі әрі дирижері Айгерім Мұсаеваның жетекшілігімен Құрманғазының «Серпер» күйімен сахна шымылдығын ашты. Оркестрдің сүйемелдеуімен жанды дауыста Нағим Сатимов пен Ерболат Каримовтар «Атырау – әнім» туындысын тарту етті. Халықаралық, республикалық байқаулардың жүлдегері Мұратбек Жұмашев, «Бекзат» би ансамблі, Алтынбек Бақтыгереев сынды өнерпаздар кештің көркін қыздырды. Қос аспапта «Қазақ-орыс ән-күйлерінен топтама» орындаған Азамат Жеңісов пен Айдар Әділовтың өнеріне де көрермендер ерекше ықыласын көрсетті. Қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовтың «Дендерім – байтақ мекенім» әнімен қорытындыланған кештен ауыл тұрғындары да ерекше әсер алғандай. Жайықтың суын тел еміп, іргелес жатқан екі ауданның өнері мен мәдениеті де ортақ әлбетте. Киелі сахна, киелі өнер ұлтқа, дінге, ауыл-аймаққа бөлінбейді. Сахна арқылы халықтың жүрегіне жол тапқан өнерпаздардың жұмысына сәттілік тілеп, тұрғындар да жылы лебізін білдіріп жатты.
А.САТАЕВА