АУДАНДЫҚ ОРТАЛЫҚ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН IV ЖАЛПЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «КІТАП TIME» ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ. БҰЛ МЕРЕКЕЛІК ШАРАҒА АУДАН МЕКТЕПТЕРІНІҢ ОҚУШЫЛАРЫ МЕН ҰСТАЗДАРЫ ҚАТЫСЫП, РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚҚА ТОЛЫ ӘСЕРЛІ КҮННІҢ КУӘСІ БОЛДЫ.
Фестивальдің басты ұраны – «Кітап – білім бұлағы, өмір шырағы». Қатысушыларға кітаптың адам өміріндегі орны, оның жастар санасын қалыптастырудағы рөлі туралы тағылымды ойлар ұсынылды. Әр баланың қолында кітап, әр жастың жүрегінде білімге құштарлық болса, ұлттың болашағы жарқын екендігі айтылды.
Шара барысында оқушылар мен өнерпаздар сахна төрінде ән мен күйден шашу шашып, әуезді әуен кештің ажарын аша түсті. Домбыра күмбірі мен әуелеген ән қонақтарға рухани серпіліс сыйлады. Сонымен қатар кітап көрмесі ұйымдастырылып, қазақ әдебиеті мен әлемдік классикадан таңдалып алынған туындылар көпшілік назарына ұсынылды.
Фестивальдің тағы бір маңызды бөлігі интеллектуалдық ойындар болды. Оқушыларға әдебиет тарихы мен классикалық шығармаларға байланысты сауалдар қойылып, «Кім жылдам?», «Блиц-сұрақтар» арқылы олардың білім деңгейі сыналды. Абай Құнанбайұлы, Жамбыл Жабаев, Мұхтар Әуезов шығармашылығына қатысты сұрақтар жас ұрпақтың әдебиетке деген қызығушылығын арттырды.
Әдеби кеште Абайдың даналық сөздері, қазақ әдебиетінің озық үлгілері кеңінен насихатталды. «Кітап оқыған халық ешқашан адаспайды» деген ой айтылып, жастарға білім мен ғылымға ұмтылудың маңызы түсіндірілді.
Фестиваль соңында ұйымдастыру- шылар: «Әр баланың қолында кітап болсын, әр жастың жүрегінде кітапқа деген сүйіспеншілік орнасын» деген үндеу тастады. Осылайша Махамбет аудандық орталық кітапханасы өткізген «КІТАП time» фестивалі өнер, білім, әдебиет пен ұлттық құндылықтарды тоғыстырған рухани мерекеге айналды.
Қ.БАҒЫТ