Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабының алғашқы парағында «Астана – Қазақстанның жаңаруының нышаны, оның көп ұлтты халқының жасампаз күш-қуатының куәсі.
Бұл – соншалықты жеңіл тимеген заманның өзінде жаңа астанасын тұрғызуға бел шешіп кіріскен халықтың өзінің күшжігеріне деген сенімінің белгісі. Бұл – азаттық алған ұлттың өзінің гүлденген болашағына, ұрпағының келешегіне зор үмітінің көрінісі», - деп жазған.
Ерке есілдің екі бойына ел қондырған астанамыз Нұр-Сұлтан – қалыптасқан мемлекеттің бас қаласы. Кербез керім, елінің жүрегі, Алаш жұртын әлемге танытқан, ел мерейін асырған сұлу қала. Қаншама ақын-жазушының қаламына қанат бітіріп, шабыт әкелген, сырлы да, мәнді өлеңдердің шығуына арқау болған ел жүрегі. Елордамыз күннен-күнге қарыштап дамып келеді. Ол- болашақтың қаласы, ел тәуелсіздігінің ордасы.
Мен астанамыздың құрдасымын. Яғни, 1998 жылы 18 қаңтарда дүниеге келдім. Дәл осы жылдың 6 мамырында «Қазақстан Республикасының астанасы Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы Астана қаласы деп қайта атау туралы» ел Президентінің Жарлығы шықты. Содан бері мемлекеттік мерекелердің қатарына енгізіліп, жыл сайын кең көлемде атап өтіледі. Ел тарихындағы маңызы зор оқиғамен қатар сол кезде өмір есігін іңгәлап ашқан кешегі сәби бүгін астанамен бірге өсіп-өніп, білім алып, өз орындарын тапқан азаматтар мен азаматшалар. Олардың арасында жар құшып, ұрпақ сүйіп, бір-бір үйдің түтінін түтетіп отырғандары да баршылық. Өміріміз ел астанасымен қатар өріліп келе жатқаны біз үшін зор мақтаныш.
Осынау еліміздің жүрегі, ұлан-ғайыр жеріміздің бас қаласы, әлем таныған астанамызды өз көзіммен көру маған да бұйырды. Алғаш рет оқушы кезімде демалыс орнына(лагерге) барған болатынмын. Ол кезде кішкентай болдық, зәулім-зәулім ғимараттарды көріп, қаланың сұлулығына тамсандық. Елорданың ең көрнекті ғимараттарының бірі - Бәйтерекке көтерілгенде бойымды ерекше сезім билеген. Осындай мүмкіндіктің маған берілгеніне қуандым. Аз уақыттың ішінде көркейіп, гүлденіп, тәуелсіздігіміздің тірегі, отанымыздың жүрегі болған қаламызды өз көзіңмен көрудің өзі бір ғанибет.
Баршамызға белгілі, 2019 жылы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласының атын Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы Жарлыққа қол қойды. Бүгінде арманы асқақ, бағыты айқын арғымаққа мінген бозбаладай, әсем таранып, сұлулана түскен бойжеткендей сылаң қаққан астанамыз – Нұр-Сұлтан қаласының болашағы зор. Осындай еңселі ордамыз бар біз бақытты ұрпақпыз. Біздер, яғни, жастар тәуелсіз еліміздің өркендеуі мен қарқынды дамуы жолында мемлекет алдындағы жауапкершілігімізді терең түсінеміз.
Ару АМАНҒАЛИЕВА, белсенді жас