Алғашқы сапардан алған әсерім...

Әлі есімде, алтыншы сынып оқып жүргенде Бурабайдағы «Балдәурен» балалар лагеріне демалуға жолдама берді.Көктемгі демалысымды өзге өңірде өткізу бұрын атын ғана естіп, суреттен, «көк жәшіктен» көріп жүрген маған ерекше көрінді.

Ауа райы жылынып, жаймашуақ кез басталған-ды. Алайда солтүстік өңірде қытымыр қыстың ызғары қайтпай, ақ қар мен көк мұзға оранып жатқанына бастапқыда таңырқағаным бар. Астанаға жақындаған уақытта жолдағы үйлердің жағдайына қарап, «Біз расында Астанадамыз ба?» деген сұрақ туындады.Ол үйлердің қандай күйде болғандығы әлі күнге дейін көз алдымда. Жұпыны жер үйлер, сылақтары түскен, шатырлары тесілген, ал көмірдің иісі қолқаны қабатын-ды. Бірақ барлық нәрсе сенің ойыңдағыдай бола бермейтіндігі рас. Көз алдыма елестеткен қалам алғашқы сәттен-ақ баурап алмағаннан кейін бала көңілді қалдырған еді. Алайда қазір ойлап қарасам,2007 жылдың шамасында елордамыз халықаралық деңгейге енді ғана көтеріліп, сәулеті келіскен ғимараттардың салына бастаған кезі болатын. Кейін қалай өзгергенінен шартарап хабардар. Бурабайға жету үшін алдымен ел астанасына аздаған уақыт аялдау керек болды. «Бәйтерек» монументіне көтеріліп,Елбасының алақанының ізіне қолымызды қойып суретке түстік.

«Егер алақанға қолды қойып, арман-тілек тілесе, орындалады» деп жанымыздағы жетекшіміз айтып жатқаны есімде қалыпты. Елордамыз ару қала Алматыдан арқа төсіне ауысқан 1997 жылдың құрметіне орай 97 метр етіп тұрғызған алпауыт кешен заманауи қаланың көркем бейнесін ашып тұрғандай. Әйнек шарға, яғни «жұмыртқа» типтес кең залға көтеріліп, «құс ұшатын» биіктен егеменді Қазақстанның жаңа астанасында болып жатқан өзгерістерді көруге мүмкіндік алдық. Осыдан үш жыл бұрын халықаралық National Geographic журналы Қазақстан табиғаты жайында тамсанып жазады. Қазақстандық ғажайыптар тізіміне еліміздің сәулет және табиғат әсемдіктерінің бес ескерткішін кіргізіп, оларды Қазақстанға келген туристердің бәріне ұсынған екен. Сол қазақстандық ғажайыптардың бірегейі осы «Бәйтерек» монументі болып отыр.

Бүгінде «Астана-Бәйтерек» монументі ұлттық брендке айналды деуге әбден болады. Әлемдік қоғамдастық оны елордамен ғана емес, сондай-ақ, бүкіл Қазақстанмен орнықты түрде байланыстырады. «Бәйтерек» Нұр-Сұлтан қаласының ғана емес, бүкіл қазақ халқының игілігіне айналды. Елордадан алған алғашқы әсерім осындай-ды. Уақыттың тығыздығына әрі күн райының салқындығына байланысты көп жерді аралай да алмадық. Одан кейін елордамыз қарыштап дамыған кезеңдерде, атауын өзгерткен уақытта да жастар форумына, экспедицияларға бардық. Өнер, білім және мәдениеттің, ғылымның ордасына айнала білген Астана – жастарды болашаққа бастайтын арман қала. Түрлі форумдардан алған әсерім бір бөлек, қаланың күндізгі және түнгі көрінісінен алған әсерім мүлде бөлек сезімге бөледі. Қазір де Нұр-Сұлтан қаласы болып атауын өзгертсе де, адам танымастай күйге бөленсе де, астанаға ең алғашқы сапарым күні кешегідей көз алдымда. Бүгінгі елорда кешегіден де нұрлана түскендігіне сенімдімін. Туған күніңмен, ерке Есілге еркелеген Елордамыз – Нұр-Сұлтан!

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT