Қазақ халқы сан ғасырлар бойы тәуелсіз ел болсақ, өз шаңырағымызды тіктесек деп аңсап, армандаған еді.
Сол асыл арман, көксеген мұраттарға қол жеткізгеніне, міне, отыз жыл толғалы отыр. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, егемен Қазақстанымыз күннен-күнге барлық жағынан қанатын қағып қарыштай дамып, зор жетістіктерге қол жеткізуде.
Ал дамыған еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтан – ел тәуелсіздігінің айғағы, жас мемлекетіміздің тұрақтылығы мен экономикалық дамуының символы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы да парасатты саясатының нәтижесінде қысқа мерзім ішінде астанамыз Қазақстанның ғана емес, бүкіл Еуразиялық кеңістіктің саяси, экономикалық және мәдени өмірінің ошағына айналды. Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру – бұл қазақтың өз билігі өзінің қолына тигеннен кейін ұлттың болмыс-бітімін сақтап, мемлекеттің келешегін кемелдету мақсатында «он ойланып, тоғыз толғанып» барып қабылданған тарихи шешім болды. Мыңжылдықтар тоғысындағы мұндай батыл шешім қазір қай қырынан алып қарасақ та дұрыс болғанын уақыт дәлелдеді.
Танымдық тұрғысын сөз ететін болсақ, елордамызды Алатаудың бөктерінен Арқа төсіне көшіру арқылы біз тәуелсіздігімізді нығайттық, өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жаңғырттық. Тамыры сан мыңдаған жылдардан сыр шертетін туған тарихымызды білдік, төл мәдениетімізді таныдық, ұмыт бола бастаған әдетғұрып, салт-дәстүрлерлеріміздің қайнар бұлағын қайта аштық. Тәрбиелік тұрғысы жайлы толғасақ, Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы жаңа елордамызды әспеттеп, ұлықтау арқылы еліміздің келешегі - жас ұрпақ бойына отансүйгіштік қасиеттерді дарытып, қанына патриоттық сезімдерді сіңіруде. Осылардың барлығы бір арнаға тоғыса келе, ұлтты ұйыстыруға, мемлекеттігімізді нығайтуға қызмет етіп жатыр.
Ел орда – сан түрлі арман қиялдарды жүзеге асырып, сан қилы тағдырларды тоғыстырып жатқан керемет те көркем қала. Бас қаламыздың бүгінгі көркі жанымызды шымырлатып, сұлулықтың жылы лебімен тербейді. Бүгінгі өмірдің талабына үндесе көтерілген ғимараттар көрген жанды баурап алады, көңілімізді шарықтатады. Жаңа заманда жасампаздықпен қалыптасып жатқан астанамыз өсе берсін! Өте қысқа уақытта шағын қаладан өз өңірінің ең маңызды орталықтарының біріне айналып, бейбітшілік пен дәнекерлік миссиясымен көзге түскен Нұр-Сұлтан қаласы – жаһандық тұрғыдан тұрақтылық пен қауіпсіздіктің негізгі мекенжайының бірі. Сол себепті барша қазақ халқын шын жүректен құттықтап, елордамыздың одан әрі дамып, өркендеуіне тілектестігімді білдіремін.
Жандос ДҮЙСЕМБАЕВ,
жастар ресурстық орталығының басшысы, мәслихат депутаты,
«Nur Otan» партиясының мүшесі