Қайырымдылық - адамның асыл қасиеттерінің бірі.
Жеке кәсіпкерлікпен айналысып, тасын өрге домалатып қана қоймай, халыққа пайдасын тигізуді мақсат ететін кәсіпкерлер көп арамызда. Солардың бірі – Ортақшыл ауылындағы «Шабай» жеке кәсіпкерлігінің иесі Аманбай Төленбай.
Ол бұрыннан ауыл тұрғындарын жемшөппен қамтамасыз етіп, мұқтаж жандарға да көмек қолын созып келеді. Кәсіпкер таяуда ауылдан үлкен екі ғимаратқа бөлінген дүкен салды. Оның бір жағы азық-түлік сататын жер болса, екінші жағында дәріхана орналасқан.
Жалпы бұрын-соңды Ортақшыл ауылында тіпті дәріхана болған емес. Ауыл тұрғындары қажет дәрі-дәрмектерін қалаға, аудан орталығы Махамбетке қосып, алдырып жататын. «Көктен іздегенім жерден табылды» дегендей, ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Енді олар алысқа бармай-ақ, қажет дәріні ауылдағы дәріханадан алатын болды.
- Біз бек ризамыз. Осы дүкен мен дәріхананың ашылғанына он шақты күн болып қалды. Азық-түліктері де қолжетімді бағамен сатылуда. Бір қуантарлығы, ауылда дәріхананың болғаны дер едік. Көп жылдан бері ауылда дәріхана жоқ. Ауылда өзіміз сияқты қарттар, бала-шаға бар дегендей, ауыра қалсақ, дәрі-дәрмекті қалаға қосатын едік. Енді міне, өзіміздің ауылда дәріхананың болғанына қуанып жатырмыз. Жарайсың, Төленбай! Саған бүкіл ауыл тұрғындары атынан алғысымыз шексіз. Әрдайым тасың өрге домалай берсін, халықтың алғысына бөленіп жүре бер! - дейді ауыл тұрғыны, зейнеткер Тамара Қабесова.
К.САПАРҚЫЗЫ