Батима Итенқызының шәкірттері білім сайысынан жүлдесіз қайтпайды

«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» десек, сондай ұлағатты ұстаздың бірі – ауданның білім саласында өзіндік орны бар Батима Итенқызы. Ол Ақжайық ауылындағы Қызылүй орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып 24 жылдан бері еңбек етіп келеді.

Жалпы ғұмырының 38 жылын білім саласына арнаған Бәтима Жүндібаева Индер ауданының Жарсуат ауылында туған. Ол 1981 жылы Атырау(Гурьев) педагогика институтына оқуға түсіп, оны 1985 жылы жақсы аяқтайды. Жоғары оқу орнын бітірген соң 1985- 1999 жылдары Индер ауданындағы М.Мөңкеұлы орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып, еңбек еткен. Ал 1999-2000 жылдан бері Ақжайық ауылындағы Қызылүй орта мектебінде ұстаздық етуде. Бәтима 2013-2014 жылдары директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болса, ал 2018, 2019, 2020, 2021 жылдары директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.

2018 жылы республикалық «Қазақ елінің үздік ұстазы» жинағына Б.Бұлқышевтің «Ана» тақырыбындағы сабағы жарияланған. Ұлағатты ұстаздың алған марапаттары да аз емес. Атап айтсақ, 2019 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғысын алса, 2023 жылы «Аманат» партиясының Алғыс хатын, сонымен қатар Атырау облыстық Білім беру басқармасының , «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының Алғыс хатымен марапатталған. ҚР Білім және ғылым министрінің «Құрмет» грамотасына ие болған.(2023).

Ұстаздық жолға қалай келгені туралы Бәтима Итенқызы былай деді:

«Президент жыл сайын Жолдауларында ұстаздарға үлкен қолдау көрсетіп келеді. Бұрын бізге тұрғын үй алу арман еді. Тіпті еңбек демалысын алған кезде санаторий-шипажайларға баруға жолдама қолымызға тие бермейтін. Бұрын еңбекақымыз да аз еді. Мемлекет басшысының Жолдауларынан кейін ұстаздардың жалақысы жыл сайын өсіп келеді. Қазіргі уақытта ауылдық жерге жұмысқа келген мамандар да тұрғын үйге қол жеткізді. Ұстаз болу – менің бала күнгі арманым еді. Менің ұстаздық жолды таңдауыма себепші болған әкем болатын. Үйдегі 9 баланың тұңғышы болғандықтан, әкем үнемі маған «артыңдағы бауырларыңа қарап, соларды тәрбиелеп, сара жолға салу –сенің міндетің» деуші еді. Сондықтан мен ұстаздық жолға түсуіме себепкер болған әкем деп нық сеніммен айта аламын. Атырау педагогика институтын бітірген соң 1985 жылы туған жерім- Жарсуаттағы М.Мөңкеұлы атындағы орта мектепте алғаш еңбек жолымды бастадым. Сол мектептен бірнеше рет шәкірттерді алтын ұядан ұшырдым. 1999 жылы шаңырақ құрып, жанұя жағдайыма байланысты Махамбет ауданындағы Қызылүй орта мектебіне ауыстым. Бүгінде осы мектепте еңбек еткеніме 24 жыл болыпты. Қазіргі уақытта өзімді ұстаздардың ұстазы санаймын. Кезінде өзім оқытқан шәкірттерім бүгінде білікті маман ретінде өзіммен бірге жұмыс істеп жатыр. Әріптес шәкірттерім Нұрбол Хамзин, Ануарбек Қанатов, Әли Мүтиевтерді мақтанышпен айта аламын. Мұғалімдік қызметте жүрген басқа да шәкірттерім Райымбек Нұрымбетов, Ажар Бақи, Ұлдай Боранғалиева, Торғын Нұржанова, Ибраһим Тастаев тағы басқа шәкірттерім бар»,- дейді ұлағатты ұстаз бізбен әңгімесінде.

Аудандық мәслихат депутаты, Қызылүй орта мектебінің директоры Қонысбай Аманиязов та Бәтима туралы пікірін білдіре кетті.

–Бәтима біздің мектепте көптен жұмыс істейді. Ұлағатты ұстаз жұмысына бар ынта-жігерін салып, қандай жұмыс, тапсырма болсын мұқият орындайды. Өз ісінің білгір маманы десем ,қателеспеймін. Аудандық, облыстық, республикалық олимпиада, байқау, фестивальдардан оқушылары үнемі жүлделі орындарды иеленіп жүр. Бәтима – біздің мақтанышымыз!»-дейді ол.

Қазақ «Ұстаздан шәкірт озар» демей ме?! Бәтима ұстаз қашанда шәкірттерімен мақтанады. 2-4 сынып оқушыларына арналған «Бастау» ХVI республикалық математика олимпиадасында Диас Түгелбайұлы 3-орын алса, ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының «Ақбота» зияткерлік олимпиадасында Сәкен Бауыржан жүлделі 1-орынға ие болды. Сондай-ақ, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының “Ақ бота« зияткерлік олимпиадасында және «Бастау» математика олимпиадасының аудандық кезеңінде Диас Түгелбайұлы 1-орынды иемденеді. 2-4 сыныптар арасындағы олимпиадада Нұршат Тілек 3- орынға ие болған екен. Балалар жылына орай 2022 жылы «Оқуға құштар» жобасын жандандыру мақсатында ұйымдастырылған «Каникулда кітап оқимыз» марафонында Сейфі Нұралы, Әмина Жалғас сертификатпен марапатталыпты.

Бәтима 1999 жылы ақжайықтық жігіт Қарабаев Ишаратпен шаңырақ көтеріпті. Екеуінің Ғаламат атты ұлы бар. Жан жары Ишарат күзетшілік қызметте. «Мен кеш тұрмыс құрғандықтан, жан дегенде жалғыз ұлым бар. Әлі үйлене қойған жоқ» дейді Бәтима күліп. Ұлы Ғаламат С.Мұқашев атындағы политехникалық колледжінің төтенше жағдайда қорғау мамандығы бойынша бітірген, бүгінде КТР компаниясында қауіпсіздік ережесін сақтаушы қызметін атқаратын көрінеді.

Ұлағатты ұстаз тәрбие, ұлттық тәрбие жөніндегі ойларын ортаға салды. Жалпы бала тәрбиесі салғырт қарауды көтермейді дер едім. Халқымыз «ұрпақ тәрбиелі болса, сол ұлттың болашағы да жарқын болмақ» деп тегін айтпаған. «Баланы жастан» демекші, бала тәрбиесін тіпті құрсақтан бастаған жөн сияқты. Адамгершілік негізі –имандылық пен ізгілікте жатыр. Ол әр отбасынан бастау алады. Дана халқымыз жастарды кішіпейілдікке, ізеттілікке, инабаттылыққа тәрбиелеуді бірінші міндет деп санаған. Сондықтан «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп неге айтқан?!

- Баланың бас ұстазы – ата-анасы. Ал ата-ананың үйдегі іс-әрекеті баланың көз алдында өтеді. Әр ата-ананың жақсы-жаман әдетінің бала тәрбиесіне ықпалы зор. Соңғы кездері кей ата-аналар бала тәрбиесіне атүсті, онша жауапкершілікпен қарамайды. Ылғи жұмысбасты екендіктерін алға тартады. Баласының тәрбиесін мектепке, тіпті мұғалімге ысырып қоятын ата-аналар да бар арамызда. Ұлт болашағы – білімді ұрпақ қолында. Шаңырақтағы тәрбие сол өмірдің өзі болып табылады. Өткенсіз бүгін жоқ деп жатады. Өз басым ұлдың намысты, ержүрек, батыл, қыздың әдепті, ибалы, инабатты болып қалыптасуы ата-баба өсиетін тәрбие барысында ұтымды пайдалана білуімізге байланысты деп ойлаймын,-деді Бәтима Итенқызы.

Иә, ұстаз еңбегі мәңгілік адамзат жадында мәңгі өшпейді. Тамыры терең, жапырағы жайқалған биік мәуелі бәйтеректей мәңгі көктейді.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521