Атырау облысы әкімдігі мен облыстық Қоғамдық кеңестің кеңейтілген мәжілісінің 2018 жылғы 25 шілдедегі №01-01-4/5 хаттамасының 1 тармағының 1 тармақшасында көрсетілген тапсырмалардың орындалуын қадағалайтын арнайы жұмысшы тобы құрылып, жұмыс жоспары бекітілген болатын.
Соған сәйкес Махамбет ауданында тұрғынжайлар мен басқа да жылжымайтын нысандарды заңсыз жалға беру фактілерін анықтау , зерделеу мақсатында құрамында аудандық мәслихат депутаты, учаскелік инспектор, аудандық кіріс басқармасының, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің өкілдері бар арнайы топ Махамбет ауданы бойынша рейд жүргізді. Құзырлы орындар берген мәліметтер бойынша, аудандағы көп қабатты үйлерді аралап, ондағы тұрғындармен тілдесіп, тұрғын үйді күтіп ұстау, тиімді пайдалану туралы түсінік жұмыстары жүргізілді.
Бірен-саран тұрғын үйлерін жалға беріп отырғандардың құжаттары тексеріліп, олардың заң талабына сай, аудандық кірістер бөліміне тіркеліп, салықтарын уақытылы төлеп отырғандығы белгілі болды. Ал, рейд барысында пәтерді заңсыз жалға берудің бір ғана фактісі анықталып, оған жұмысшы тобының ұйғарымымен хаттама толтырылып, заңсыздықтың жолын кесіп, шарасын алу үшін материалдары аудандық сотқа жолданды. Жұмыс жоспарына сәйкес, мұндай мақсатты рейдтер алға қарай да жалғасын табатын болады.
Е.Ғалиев Суретте: жұмысшы тобы пәтерлерді аралап, тұрғындармен тілдесуде