Онлайн ойын опық жегізіп отыр

Онлайн ойын балалардың ойлау қабілетін жақсартады деп ойласаңыз, қателесесіз. Телефонның ар жағындағы виртуалды әлемнің күші бала түгілі, ересектердің өзін ақылдан айырып, небір сұмдық қылмыстарға итермелеуде. Онлайн ойындардың қарызы салдарынан ойрандалып жатқан отбасылар қаншама?! Ал, жуырда Астана қаласында ойын әлемінен шыға алмай, отбасына шабуыл жасаған 21 жастағы ер-азаматтың оқиғасы қоғамды дүр сілкіндірді.

Бір адамның өлімі мен үш адамның ауыр дене жарақатымен аяқталған оқиғаға осы телефонға тәуелділік себеп болған көрінеді. Заманның дертіне айналған мұндай кеселдер­ден қауіптенген Қазақстан Респу­бликасы Президентінің жанындағы әйелдері істері және отбасылық - демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы ата-аналар қауымдастығына үндеу жолдады.

«Ұлттық комиссия сіздерді балаларыңыздың қызығушылықтары мен мәселелеріне айрықша көңіл бөлуге шақырады. Балаларыңыздың өміріне қатысу, олардың әуестіктеріне шынайы қызығушылық таныту және сенімге негізделген қарым-қатынас, диалог құру – олардың үйлесімді дамуының негізі және мүмкін бо­латын қауіптердің алдын алудың тиімді жолы. Сонымен қатар біз ата- аналарға балалардың интернеттегі контенті мен өткізген уақытына на­зар аудару үшін қолжетімді «ата-ана бақылауы» құралдарын пайдалануға кеңес береміз. Бұл балаларды гад­жеттерге шамадан тыс әуестенуден, деструктивті ойындардан қорғауға және киберқауіп-қатерлерді азайтуға көмектеседі... 19 қаңтар күні Астана­да баршамыздың жанымызға бата­тын қайғылы оқиға орын алды. Бұл оқиға балаларымыз қызығатын және әуестенетін дүниелерге жіті көңіл бөлудің маңыздылығын көрсетеді. Отбасы, мемлекет және қоғамның бірлескен күш-жігері арқылы ғана біз балаларымыз үшін қауіпсіз әрі берекелі болашақ жасай аламыз». –деп ата-аналарды балалардың бос уақытында да қадағалауға шақырып отыр комиссия мүшелері.

«Kazakhstan Kids Online» ұйымының зерттеуіне сәйкес, елімізде балалардың 15%-дан аста­мы интернеттегі теріс мазмұнмен күнделікті кездеседі. Бейнеойындар- ға , әлеуметтік желілерге және онлайн қарым-қатынасқа тәуелділік артып келеді екен. Сонымен қатар ашық дереккөздер мәліметіне сүйенсек, елімізде онлайн ойындар үшін ата- аналарына қарсы шығып, отбасы есеп шотынан көптеген қаржыны ойындарға жұмсағандар да аз емес. Ал, мамандардың айтуынша, психо­логиясы әбден бұзылған балалар кей­де онлайн ойындар үшін өз отбасыла­рынан бас тартып, із-түссіз жоғалып та кетеді. Мәселен, шет мемлекетте онлайн ойынға жан-тәнімен берілген бір жеткіншек өз қарсыласын ойын ішінде өлтіре алмағанына ызаланып, қарсыласының үйіне барып, қылмыс жасаған. Виртуалды әлеммен шын өмірді ажырата алмай онлайн ойындардың жетегінде жүрген ере­сектер туралы да мұндай дерек көп. Оңтүстік Корея елінің 38 жастағы азаматы 10 күн бойы үзіліссіз онлайн ойын ойнаймын деп қаза тапқан. Ал, аталмыш елде жаңадан отау құрған жас отбасы онлайн бала өсіру ойынына беріліп, өз сәбилерін қараусыз қалдырған. Салдарынан сәби қаза тауып, жас жұбайлар бас бостандығынан айырылыпты.

Онлайн ойын буыны толық қатпаған балаларымызды буынды­рып қана қоймай, ересектерді ақыл- естен айырып жатқанына дәлел өз елімізде де орын алып отыр. Осы ретте аудандық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның құқық қорғау органдарының мамандары­мен бірлесе атқарған жұмыстары жөнінде білу үшін аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Гүлнәр Бекбаеваға хабарластық.

Өткен 2024 жылы комиссияның отырыстарында әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстары, ауданда әйелдер жұмыссыздығын азайту жөніндегі шаралар, білім беру ұйымдарында қыздар тәрбиесі және ерте жүктіліктің алдын алу, жас отбасылардың ажырасуының алдын алу жұмыстары, отбасылық тәрбиеде аналар, әкелер кеңестерінің жұмысы, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау шаралары, кәсіпкер әйелдерге кәсіпкерлікті қаржылай және қаржылай емес қолдау шара­лары, ақпараттық-консультациялық қызметтер көрсету, азық-түлік ор­тасын жақсарту және оқушылардың тамақтану қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жасөспірім қыздарға медициналық қызмет көрсету және балиғаттық жастағы әйелдермен жұмыс ұйымдастыруға арналған а к у ш е р л і к - г и н е к о л о г и я л ы қ қызметінің жұмысы, мемлекеттік отбасылық-демографиялық саясатты іске асыруға бағытталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың, мемлекеттік гранттың орындалуына мониторинг жүргізу, мемлекеттік қызметшілерді оқыту жүйесі шеңберінде гендерлік саясатты іске асыру барысы туралы мәселелер қаралды. Аудан көлемінде әйел адамдарға қарсы жасалатын қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу жоспары жасақталып, бекітілді. Аталған жоспарлар негізінде ко­миссия мүшелері мен аудандық полиция қызметкерлері бірлескен жұмыстарды ұйымдастырып келеді.

– Әйелдерге қатысты зорлық- зомбылықты болдырмау және оған қарсы күрес, ана мен баланы қорғау, қоғамдағы отбасының рөлін күшейту үшін, отбасы құндылықтарын наси­хаттау мақсатында профилактикалық әңгімелесулер жас отбасыларымен кездесулер қажеттілігіне қарай, «Отбасы кабинетінде» өткізіліп келген болатын. 2024 жылдың қыркүйегінен бастап, ауданда аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жа­нынан «Отбасын қолдау орталығы» құрылды. Орталық өмірлік қиын жағдайларға тап болған адамдарды өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдардың қолдауымен қамтуы жөніндегі жұмыстарды үйлестіру, қиын жағдайға тап болған адамдарға (отбасыларға) әлеуметтік, заңдық және психологиялық қолдау көрсе- ту, тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы бойынша өзара іс-қимыл жасау, шаралар өткізу, консультация беру және сүйемелдеу бағытында жұмыстарын атқаруда. Жуырда ұлттық комиссияның үндеуі жарияланып, балаларға, отбасылық саясатқа аса мән беруге шақырды. Елордада орын алған оқиғаның се­беп салдары тым ауыр. Сондықтан бізде сәйкесінше ата-аналарға түсінік жұмыстарын жүргізуді қолға алдық. Қоғамның ортақ мәселесіне айналған бұл дүниенің тамырын ерте шаппаса, жастар арасында жайылып кете ме деген қауіп жоқ емес,-дейді аудан әкімінің жанындағы әйелдер істері отбасылық-демографиялық са­ясат туралы комиссияның хатшысы Г.Бекбаева.

Бұған дейін де елімізде жасөспірімдер арасында аса белең алып, суицидке итермелеген ойындар тіркеліп, әшкереленді. Жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша қаптап кететін бұл онлайн ойындарға қашан шектеу қойылары белгісіз. Әлдекімнің бизнесі болғанымен, олар неге жастарды өлімге итермелеп жа­тыр? Қайғылы жағдайдың алдын алу үшін ата-ана баласына ерте жастан телефон қарауға тыйым сала алады емес пе? Тіпті, «ата-ана бақылауын» қосып, барлық іс-әрекетін қадағалап отыруға да болады. Дамыған заманда технологияның озық үлгісін осылай неге пайдаланбасқа? Балаңызды бүгін онлайн ойын тәрбиелесе, ертең өзіңіз опық жеп отырарыңыз анық.

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT