БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚЫП ЖҮРГЕНДЕ «ӨСКЕНДЕ КІМ БОЛАСЫҢ? КІМ БОЛУДЫ АРМАНДАЙСЫҢ?» СЫНДЫ ТАҚЫРЫПТА ШЫҒАРМА ЖАЗҒАНДА «ҒАРЫШКЕР БОЛАМЫН» ДЕП ЖАЗҒАНЫМ ЕСІМДЕ ҚАЛЫПТЫ. КЕЙІН ЕСЕЙЕ КЕЛЕ, ЖОҒАРЫ СЫНЫПТА РАДИОТЕХНИКА, ЭЛЕКТРОНИКА ЖӘНЕ ТЕЛЕКОММУНИКАЦИЯЛАР МАМАНДЫҒЫНА ОҚУҒА ҚҰЖАТ ТАПСЫРАМЫН ДЕП ШЕШТІМ...
«МЫСТАН» «ОПТИКАҒА» АУЫСТЫРУ...
Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтіп, құжаттарымды жинап, Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне өз көкейімдегі мамандыққа тапсырдым. Өзіме қатты сеніп қойсам керек, ол мамандыққа тапсырушылардың тестілеуден жинағаны максималды болуы қажет екен. Содан телекоммуникация, байланыс саласының мамандығына тапсырып, қалаған оқуыма түсу туралы ойым жүзеге аспай қалды. Сол орындалмаған арманды «Тілші кәсібін өзгертті» айдарында іске асырып көруге шешім қабылдап, аудандық «Қазақтелеком» жергілікті желілік техникалық участогына «жұмысқа орналастым».
Таңертең сағат 8:30-да қызметкерлер мекеме басшысының кабинетіне жиналып, әркім өз тапсырмасын алып, жұмысқа кіріседі. Жалпы саны 10-нан сәл асатын қызметкері бар ұжымның ауызбірлігі жарасқан. «JAC T6» және «Нива» көліктерімен қызметкерлер түскен арыз бойынша немесе ақау шығып тұрған кабельді анықтап, ретке келтіру жұмыстарын атқарады. Сонымен қатар мекемеде станциялық қызметкер, сату цехының мамандары, жаңа қосылған абоненттерге қызмет көрсетуші, электромеханик, кабель дәнекерлеушілер еңбек етеді. Телекоммуникациялық сымдарды ауыстыру үшін бөлінген бөлменің (кросс) диспетчерлері «165» нөмірі арқылы абоненттерден өтініш-арыздарын қабылдап, тиісті мамандарға тапсырмаларын жолдайды.
– Кросс-коннекттер әртүрлі желілік жабдықтар мен құрылғыларды бір-біріне қосу үшін қажет. Бұл қосылымдарды ауыстыруға, ажыратуға болатындығы маңызды. Оптикалық талшық өте нәзік және кросс-коннекттердің арқасында техникалық қызмет көрсетудің қарапайымдылығы, сенімділігі қамтамасыз етіледі. Оптикалық кабель ерекше құрылымнан тұрады: ол бір-бірінен арнайы қабықпен жабылған жіңішке сымдардан тұрады. Әр сым жарық береді, ал жарық өз кезегінде желі бойынша мәліметтерді таратады,- дейді мекеме қызметкері Жомарт Рахметоллаев.
«Қазақтелеком» өзінің «Тазарту» ауқымды жобасын іске асыруда. Оның шеңберінде желілік инфрақұрылымды жаңғыртып, жаңа талшықты-оптикалық желі төсеуде және мыс желісін пайдаланушыларды «оптикаға» көшіруде. Оптикалық талшық – интернет желісі бойынша мәліметтерді таратудың әлемдегі ең жедел тәсілі. Бүгінде Махамбет ауданы бойынша 4600- ге жуық абонент бар. Өткен жылы 30 абонентке GPON технологиясы арқылы интернетке қосу жұмыстары жүргізілді. GPON – абоненттік пәтерге кабель тартуды қамтамасыз ететін және бір мезгілде бірнеше қызметті алуға мүмкіндік беретін оптикалық-талшықты кіру желісінің түрі, жоғары жылдамдықты интернет, сандық теледидар және IP-телефония. Аудандық «Қазақтелеком» жергілікті желілік техникалық участогының басшысы Мерейбек Мақсотовтың сөзінше, технологияның басты айырмашылығы – деректерді жіберудегі жоғары жылдамдығы.
– GPON технологиясы жоғары жылдамдықты интернетті пайдалануға мүмкіндік береді, үйдегі көптеген құрылғылар — ноутбуктер, smart- теледидарлар, «ақылды үй» жүйелері және басқалары үшін тұрақты және жылдам қосылуды қамтамасыз етеді. «Радиокөпір» технологиясын қолдана отырып қызметтерді қосуға бір сағаттан аспайтын уақыт кетеді. Ол үшін өтініш беру және келісім шарт жасау қажет. Абонент үй төбесін де антенна орнатылады, орнатушы құрылғыны реттейді, кабельді өткізеді және роутерді орнатады. Ал талшықты оптикалық желіге ауысу арқылы интернет жылдамдығы 8 Мбит/с-тан 100 Мбит/с- қа дейін жоғарылайды. Бірнеше құрылғы бір мезетте Wi-Fi қосылған болса да, интернет жоғары жылдамдықты және тұрақты болып қала береді Инфрақұрылымды жаңарту – желінің сапасы мен сенімділігін жақсартып,ескі технологиялардан құтылумен қатар, қазақстандықтардың жоғары жылдамдықты интернет пен цифрлық қызметтерге күннен күнге өсіп келе жатқан сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік бермек,- дейді М.Мақсотов.
«ШҰҒЫЛАҒА» ШУАҚ ШАШЫЛАР КҮН ТАЯУ
«Қазақтелекомның» негізгі міндеттерінің бірі – аудан орталықтарын талшыққа қосу. Осы бағыттағы жұмыс белсенді жүргізілуде. Бірінші кезекте округтің мемлекеттік ұйымдары, атап өтсек, аурухана, банк бөлімшесі, әкімдік және орта мектеп талшықты-оптикалық байланыс желісіне толықтай қосылған. «Шұғыла» мөлтек ауданында орналасқан 60 пәтерлі үйдегі абоненттерді қосу жоспарланған. Мұның өзі жылдамдығы жоғары интернет қызметін толық көлемде пайдалануға мүмкіндік береді. Желілік- техникалық учаскесінде талшықты-оптикалық байланыс желісі құрылысының арқасында ауданның елді мекендері мен аудан орталығы арасындағы байланыс желісін кеңінен жаңғырту күтілуде.
– «Тазарту» бағдарламасы аясында жоспарды асыра орындау байланысшылар, монтер, кабельші, инженерлер және жобаға бар күш-жігері мен білімін салған басқа да көптеген техниктеріміздің жанқиярлық жұмысының арқасында жүзеге асырылуда. Клиенттерді «мыстан» «оптикаға» көшіру – бұл күрделі технологиялық процесс, онда рельеф күрделілігі, ауа райы жағдайлары, ауыстырылатын көп қабатты үйлердің талшықты- оптикалық магистральға қаншалықты жақын орналасқаны сияқты көптеген факторлар ескеріледі, – дейді аудандық «Қазақтелеком» жергілікті желілік техникалық участогының басшысы М.Берікқалиұлы.
Ғылым мен техника салаларының жетістіктерін қолданбай электронды жүйелерімен, радиобайланыс және телекоммуникациялар жүйелерімен айналысатын саланы атау мүмкін емес. Бұл салада жетістіктер таң қалдырғандай: жылжымалы және жерсеріктік байланысы, радиохабар және теледидар, компьютер және ақпарат жүйелері, ғаламды Internet желісінсіз – осыларсыз қазіргі өмірді елестету мүмкін емес. Осының бәрі – радиотехника, электроника және телекоммуникациялар саласы мамандарының қызметі.
Қ.АЙТҚАЛИҰЛЫ