Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында тағы да МӘМС мәселесіне тоқталды.
«Бастама іске қосылған 5 жылдың ішінде медициналық қызметтің сапасы артты деуге келмейді. Көптеген қызмет әлі де қолжетімді емес. Бұдан бөлек, көп жағдайда ресурстар тиімсіз жұмсалады. Соның салдарынан, бұл салаға қосымша қаржы бөліп, бюджетке салмақ салуға тура келеді. Үкімет медициналық сақтандыру жүйесінің қызметін қатаң бақылауға алуы керек. Бұл жүйе қарапайым әрі түсінікті болуға тиіс», - деді Президент.
Президент бұған дейін де медициналық сақтандыру қорына жүйелі жұмыс керектігін айтып келеді. Мәселен, 2023 жылдың 7 желтоқсанында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ басқарма төрағасы Әбілқайыр Сқақовты қабылдап, МӘМС қолға алынған уақыт ішінде атқарылған жұмыстардың қорытындысы туралы есебін тыңдады. Мемлекет басшысына әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу нәтижесінде денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы 2,5 есе, ал бір тұрғынның денсаулығына жұмсалатын шығын екі есе өскені жөнінде баяндалды. Сонымен бірге азаматтарға арналған медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту жайында айтылды. Қор басшысы Әбілқайыр Сқақов МӘМС жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің ауқымын кеңейту, қаржылық тұрғыдан тұрақтылықты қамтамасыз етуге және МӘМС- ке қатысты барлық процесті жедел цифрландыруға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылып жатырғанын баяндаған еді. Бұдан бөлек, медициналық сақтандыру жүйесінің қызметіне қатысты қазақстандықтарды мазалаған өзекті мәселелерге назар аударылып, қор жоспарын іске асыру барысында, ең алдымен, науқасқа және оның медициналық көмекке қажеттілігін өтеуге баса мән берілетінін жеткізді. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Әбілқайыр Сқақовқа әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар міндеттерді жүктеген-ді.
Жуырда Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов МӘМС туралы үш мысалымен салада әлі де үлкен мәселелердің қордаланып жатқанын жеткізді.
«Үш мысал келтірейін. МӘМС бойынша бес айлық баланың тісін қанқұрттан емдеген екен. Бес айында әлі тісі шықпаған баланың тісін қалай қанқұрттан емдеуге болады? Бұдан да сорақы жағдай. Басқа бір адамның 82 тісі емделген екен және соған қаражат төлесін деп қорға тиісті есеп берген екен. Тағы да бір кейс. Бір күнде бір аурухана бір адамға 32 қызмет көрсеттік деп есеп толтырған. Мұндай мысалдар өте көп. Неге? Өйткені МӘМС бойынша енгізілген қаржыландыру жүйесінің өзі артық қызмет көрсету мен қосып жазуға итермелейді. Себебі қаражат әр емделген жағдай үшін емес, әр қызмет үшін төленеді. Нормативтер жоқ, цифрландыру жоқ. Ал клиникалық протоколдар мен тиісті стандарттар бұлыңғыр және ашық емес» - дейді депутат.
Газетіміздің өткен сандарында жеке тіс емханада МӘМС арқылы науқастарды қабылдау не себепті тиімсіз екенін жазған едік. «Біріншіден, құжаты мен есебі көп, екіншіден, бөлінетін қаражатта нақты есеп жоқ. Болған күнде ол қаржыны игеру үшін ең арзан материалдарды пайдалануға тура келеді» деп жауап берді тіс дәрігерінің өзі.
Халық МӘМС-ті – зейнетақы қорының баламасы, яғни ақша жинақталған соң ғана пайдалана аламыз деп ойлайды. Шын мәнінде олай емес. МӘМС – зейнетақы қоры емес, медициналық секторды қаржыландырудың жаңа моделі. Ол бірлескен жауапкершілік принципі бойынша жұмыс істейді немесе қарапайым тілмен айтқанда, «асар». Яғни, мемлекеттен және еңбекке жарамды халықтан түскен барлық қаражат бір әлеуметтік «әмиянға» - Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына түседі. Одан кейін барлық пациенттің қанша жарна төлегеніне қарамастан көрсетілген медициналық қызметтерге төлем жасалады. Мысалы, бүгін медициналық көмек сізге қажет болса, қордың қаражаты сіздің емделуіңізге жұмсалады. Ал ертең медициналық көмек сіздің жақын адамыңыз, туысыңыз, досыңыз немесе көршіңізге қажет болғанда, қор қаражаты олардың ем алуына бағытталады. Ал, егер сіз медициналық көмек алмаған болсаңыз, өз жарнаңызды қайтарып ала алмайсыз әрі оны басқа адамға беруге болмайды. Себебі, жоғарыда айтылғандай, жүйе «бір әлеуметтік әмиян» қағидасы бойынша құрылған.
МӘМС жарналарын «Қазпошта» АҚ, екінші деңгейлі банктердің кассалары мен мобильді қосымшалары, сондай-ақ терминалдар арқылы төлеуге болады. Еске салайық, МӘМС жүйесіндегі мәртебені келесі жолдармен тексеруге болады:
- Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сайты: msqory. kz
- Telegram-бот (https://t.me/ SaqtandyryBot)
- Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы
- Кейбір екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары
- egov.kz электронды үкімет сайтының «Медициналық қызметтерді тұтынушы ретінде қатысу және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі төлемдер мен жарналар туралы ақпарат беру» мемлекеттік қызметі арқылы.
Ағымдағы күнгі жағдай бойынша қор 1918 медициналық ұйыммен келісімшарттар жасаған. Оның 63% – жекеменшік (1200-ден астам), 37% – мемлекеттік. Сондай-ақ, бұған дейін хабарланғандай, 2025 жылы стационарлық жағдайларда мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге ұзақ мерзімді шарттар жасасу практикасы енгізілді. Медициналық ұйымдарды критерийлерге сәйкестікке іріктеу қорытындысы бойынша 129 медициналық ұйыммен үш жыл мерзімге шарттар жасалды.
Алайда, дәлел-дәйекпен келтірілген депутаттың мысалдарынан соң, халық қорға түскен қаржының оңды-солды жұмсалып жатпағанына қалай көз жеткізбек? Көкейде жатқан сауал көп. Соның бірін біздің редакциямызға хабарласқан ауыл тұрғыны жолдады. Қараша айынан бері жалақысынан МӘМС-ке қаржы ұсталғанымен, қорға ақша түспеген. Сәйкесінше, аудандық ауруханадан ақылы түрде ем алған. Сонда жұмыс орнынан аударылған қаржы не себепті уақытында қорға түспейді? Жұмыс жасамайтын, әлеуметтік статус алмаған тұлғалар МӘМС төлемесе аурухана науқасты қабылдайма? Махамбет аудандық ауруханасынан өткен жылды есебімен қанша науқас қордың қаржысына ем алды? Осы сынды сұрақтардың жауабын газетіміздің келесі нөмірінде берілетін аудандық аурухананың МӘМС-ке жауапты маманы Бақыт Ақниязовамен сұқбатымыздан оқи аласыздар.
А.САТАЕВА