Он бір баланың анасы ортамызда

Отбасы-ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың қайнар көзі, тәрбие бастауы.  Жуырда аудандық әкімдікте  аудан әкімі міндетін атқарушы С.Аманшиеваның төрағалығымен «Мерейлі отбасы -2023» ұлттық конкурсының аудандық кезеңінің жеңімпаздарын айқындау бойынша комиссия отырысы өткен еді. Бұл байқауға ауданға қарасты 8 ауылдық округтен 10 отбасы өтінім білдірген.

 Комиссия  мүшелерінің шешімімен  отбасылық құндылықтарымен ерекшеленген екі отбасы, атап айтсақ,  Махамбет ауылынан-Султангубиевтер, Есбол ауылдық округі  Ортақшыл ауылынан Сүлейменовтер отбасы іріктеліп алынып, құжаттары  облыстық кезеңге  жолданған болатын. Жалпы «Мерейлі  отбасы» ұлттық байқауы адамгершілік құндылықтарын жаңғырту, неке мен отбасы келбетінің оң үлгісін насихаттау, жанұя мәртебесін көтеруді мақсат тұтқанын білеміз. 

Ортақшыл ауылының тұрғыны , тыл ардагері  Мәдина Ізтелеуова он бір баланың анасы.  Жолдасы Бағыт Сүлейменов өмір бойы шофер болып, көлік жүргізген көрінеді.  Мәдина апа  Сарайшықтан  мектеп бітіргенін,  Бағыт ата екеуі  өмірге  11 баланы( 7 ұл, 4 қыз) әкелгенін айтады.

 Мәдина апа Сарайшықта туып-өскен жан.  Жеті  жасында әкесі Мұхамбетжан Ізтелеуов Ұлы Отан соғысына кеткеннен қайтып оралмай, хабар-ошарсыз кеткен көрінеді. Анасы Гүлия совхозда сауыншы болып еңбек етіп, екі қыз, екі ұлын қатарынан кем қылмай,  өсіріп жеткізген. 

Апай 40 жылдай сауда саласында еңбек еткен жан.   Тіпті асхана меңгерушісі, дүкенші де болған.  Бағыт  аға автодүкенді де (автолавка) жүргізіп, екеуі қырдағы малшы, шопандарды аралап, оларды  керек-жарақтармен, азық-түлік, киім-кешекпен  үздіксіз  қамтамасыз етіп отырған.   Апамыздың  сол саладан  1987 жылы зейнетке шыққан.   Ағай болса  1985 жылы ауыр дертке шалдығып, дерті меңдеп кетіп,  1989 жылы  дүниеден озған. 

Бұл отбасының үлкен баласы өткен жылы өмірден озды. Ағай мен апайдың төрт ұлының тұңғышы Ғабиденнің артында жары Бөпежан, балалары бар.  
Одан кейінгі қызы Күләш  педагогикалық университетте  2 курста оқып жүргенде тілсіз жау салдарынан қайтыс болған.  

Бүгінде 87 жасқа келген Мәдина апа  6 ұл, 3 қыздың қызығын көріп, немере-жиендер ортасында бәйтерек болып отыр.  Бұл отбасының бар баласы жоғары оқу орнында білім алып, көбі мұнай саласында  жұмыс жасайды.  Қызы  Айнагүл  аудандық қорғаныс істері жөнінде еңбек етуде. 

Бүгінде  бала-келіні  Қанат пен Гүлжанның қолында тұратын апамыз-әулеттің ардақты анасы.  Келіні Гүлжан  ауылдағы дәрігерлік емханада мейірбике.   Жолдасы Қанатпен  1993 жылы шаңырақ көтеріп, отбасында  екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген.  Үлкен  қызы мектепте ұстаздық етсе, ұлы энергетика саласында қызметте.  Қара шаңырақты  ұстап отырған  жары Қанат  мұнай  бұрғылаушысы болып вахталық әдіспен еңбек етеді. Бұл отбасында бауырмалдық бар, береке бар. Ене мен келіннің тату қарым-қатынасы, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетілгеннің арқасында елге сыйлы әулет атанып отыр.

-Апамыз-шаңырақтың бәйтерегі, ақылшысы.  Бүгінде осы кісіден тараған балалары мен немерелері әр салада еңбек етіп жүр. Жуырда  «Мерейлі отбасы» байқауының аудандық  кезеңіне қатысып,  төрт көзіміз түгел бас қостық.   Енді байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алып отырмыз.  Анамыз қашанда бізден ақыл-кеңесін, көмегін  аяған емес.  Үнемі бағыт-бағдар  беріп, талай жерде  білмегенімізді үйретті. Әулеттің ұйытқысы болып, арамызда аман отырсыншы-, дейді Мадина апайдың келіні  Гүлжан. 

А.Қуанышқалиева

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT